«Біздің заманнан кейін» фантастикалық боевигі Жер планетасының болашағын көрсетпек

«Біздің заманнан кейін» фантастикалық боевигі Жер планетасының болашағын көрсетпек

Уилл Смит пен оның ұлы Джейден ойнаған режиссер М. Найт Шьямаланның «Біздің заманнан кейін» фантастикалық фильмі көрерменге жол тартты. Шьямаланның бұл фильмі көрермендерге Жер планетасының болашағын көрсетпек. Онда адамдар басқа планетаға көшіп, басқа мәселелермен күресуде.

«Біздің заманнан кейін» фильмі ақырзаман орнаған соң адамдардың табиғаты өзгеше, жан-жануарлары да құбыжық тәріздес басқа планетаны мекендеп, басқа өмір сүретіндігін көрсетеді. Уилл Смит әскери генерал Сайфер Рейдждың рөлін сомдайды. Ол планеталарын құбыжық урсалардан құтқару үшін бір урсаны ұшақ кемесіне салып алып, әскери сапарға аттанады. Бұл жолы ол Китай есімді ұлын өзімен ілестіріп алады, алайда ұшақтары метеориттерге соғысып қалып, адамдарға қауіпті болып саналатын Жер планетасына апаттық жағдайда қонады. Сюжет бойынша апат кезінде Сайфер қатты жарақат алып, ал оның 13-жасар ұлы өзі жалғыз межелі орынға жетіп, құтқару маятнигін тауып, өз планетасына белгі жіберуі керек болады. Алайда кемедегі урсаның тағдыры белгісіз болып, ал бір қарағанда тастанды жер планетасы түрлі қауіптерге толы екен.

Бұл Уилл Смит пен Джейден Смиттің әке мен ұлы болып кинода бірінші рет ойнауы емес. Олардың дуэті алғаш рет «Бақыт іздеу жолында» (2006) атты әсерлі драмада орын алған еді. Ол кезде Джейден бар-жоғы жеті жаста болатын. Ал Шьямаланның фантастикалық фильмінде Уилл мен Джейден — тең құқылы кейіпкерлер мен серіктестер. М. Найт Шьямалан фильмдері соңында бірақ ашылатын құпиялыққа толы болып келеді. Бұл Шьямаланның өзіндік белгісі, сол себепті де режиссер-мистиктің жанкүйерлері көп. Ерекше сюжетінен бөлек фильмде экшн, спецэффектілер және танымал Смиттер бар. Сондықтан 6 маусымнан бастап кинотеатрға асығыңыздар, ағайын!

Дайындаған: Анар Мұстафина

Суреттер: geekcity.ru, www.temakazan.ru, www.kinodrive.com

A. Mustafina