"Шал" мен "Жаужүрек мың бала" Канадада көрсетілді

"Шал" мен "Жаужүрек мың бала" Канадада көрсетілді

Канаданың Ванкувер қаласында Kazcan Film Festival атты қазақстандық кинофестиваль өтті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Кинофестиваль аясында көрермендер Берік Барысбековтың "Бейбітшілікті таңдаған ел", Ақан Сатаевтың "Жаужүрек мың бала" және "Адасқандар", Ермек Шынарбаевтың "Періштелерге хат" және Ермек Тұрсыновтың "Шал" киноленталарын тамашалады. 

"Аталған фестивальдың мақсаты - солтүстік америкалық көрерменді қазақстандық кинематографпен таныстыру, сондай-ақ қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерін жақыннан көрсету",-дейді фестивальды ұйымдастырушылар. Кинофестиваль кезінде президенттің жаппай қырып жою қаруынан бас тартуға арналған бағдарламасы аясында "АТОМ" фотокөрмесі де өтті. Онда Семей полигонының тарихы мен ядролық қарудың зардаптары жайында фотолар қойылды. 

Қазақстанның Канададағы бірлестігінің президенті Вячеслав Нам "аталған кинофестиваль Қазақстан мен Канада арасындағы мәдени қатынастардың одан әрі дамып, нығая түсетініне себеп бола алатынын және де ол жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шараға айналса екен деген де лебізін білдірді".

Шараға келген қонақтардың арасында Вакувер кинематографиялық мектебінің оқытушысы Кен Эшдон да болды. Ол қазақстандық картиналар өзін қатты таң қалдырғанын айтты. 

"Мен Қазақстан-Канадалық кинофестивальдың осындай дәрежеде өткеніне қуаныштымын. Мәдени жағынан да, экономикалық жағынан да бұл фестиваль екі елдің арасындағы мәдени байланысты дамытудың жаңа қырын ашып беретіндігіне сенемін. Канадада осыған дейін біріккен фильмдерді түсіру бойынша келісімдер бар. Әрине, менің ойымша, жұмысымыз осындай бағытпен жалғаса беретін болса, біз әлемнің көптеген елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен де біріккен фильмдер түсіруіміз мүмкін",-дейді Эшдон. 



Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: tengrinews.kz

Б. Қосмағамбет