«Өкініш» өзін-өзі өтеді

«Өкініш» өзін-өзі өтеді

Жас әнші Қайрат Нұртастың «Өкініш» кинофильмі бес апта бойы Қазақстан кинотеатрларында көрсетілу арқылы 626 мың доллар (94,5 миллион теңгеден аса) қаражатты жинап үлгерді.  

Отандық кино қоржынға тағы бір туындыны қосқан Қайрат Нұртас пен киноның авторлары «Өкінішке» 500 мың доллар қаражатты жұмсаған. Бірақ осы уақыт аралығында олар барлық қаражатты ақтап үлгерді, деп хабарлайды «Меломан».

Айтпақшы, кинолентаның 46 көшірмемен шыққанын да айта кету керек. Отандық кино саласында бұл рекордтық көрсеткіш.

Қайрат Нұртастың өзі басты рөлін сомдайтын лирикалық кинофильм әншінің өмірінен сыр шертеді. Оқиғаның желісі бойынша, басты кейіпкер жан-тәнімен Сәния есімді сұлуға ғашық болады. Сәнияның рөлін отандық жас актриса Жәния Джуринская ойнаған. Қыздың бар ойлағаны – Қайраттың қалың қалтасы. Бикештің сұлу келбетіне есі кетіп, соқырдың халін кешкен жігіт оның сезімсіз екендігін сезе қоймайды. Сол қыз үшін отбасымен де, басқа да жақындарымен келіспей, үйінен кетіп қалады.

Фильм 11 сәуір күні жарыққа шығып, 5 апта бойы кинотеатрлардан көрсетілді. Қайраттың «Өкінішіне» ағылған жұрт сүйікті әншілерінің кинофильмін тегін түсіріп бергендей болды. Өйткені оған кеткен қаражат өзін-өзі жауып, тіпті артығымен табыс әкелді.

Кинофильмнің жалғасы болатыны жөнінде премьера кезіндегі баспасөз көздеріне арналған жиында Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Үсенқызы хабарлаған еді.

"Киноның 70 пайызы шындыққа жанасады. Ондағы көптеген оқиғалар Қайраттың өмірімен тығыз байланысты», - деген еді Қайраттың анасы.

Кинофильмнің атын «Өкініш» деп әдейі қойғандарын, осы арқылы халықты жинауды көздегендерін айтқан Қайраттың сөзі расталды.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: kiwi.kz

А. Әбілхан