Бала тәрбиесіне «баланың мәселесі» деп қарамаңыз

Бала тәрбиесіне «баланың мәселесі» деп қарамаңыз
Фото: Bilim-all

«Тәрбие – тал бесіктен» демекші баланы тәрбиелеу үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Себебі балапан ұяда нені көрсе ұшқанда соны іледі. Сіздің берген тәрбиеңіз балаңыздың болашақтағы әрбір жасайтын әрекеті болмақ. Сондықтан бала тәрбиесіне келген кезде оған «баланың мәселесі» деп қарамаңыз.

Баламен ешқашан айғайлап сөйлесуге болмайды және оған ұрысып тәрбие беремін деуіңіз қателік. Сіз бұл әрекетіңізбен баланы қатыгез және тас бауыр қылып өсіресіз. Балаға барынша махаббат пен жылулық сыйлау міндетіңіз. Бала тәрбиесінде ескеру керек ең бірінші нәрсе, сіздің тараптан жасалатын қадам емес, баланың сенімі. Баланың сізге деген сенімі қалыптаспай сіз оны тәрбиеге үйрете алмайсыз. Баланы тек жас күнінде тәрбиелеу керек еді немесе кеш қалдым деген сөз болмау керек. Тәрбие қай жаста болса да адамға керек дүние. Сіздің балаңыз – сіздің барыңыз, байлығығыз. Ендеше байлық пен бардың кеш дегені болмайды. Сол секілді балаға да қай жасында болмасын дұрыс бағытта тәрбие беріңіз.

Мәселен, балаға анасы әкеліп бермейтін болса, ол затты «анаң әкеліп береді» деп өтірік айтудың қажеті жоқ. Шыбық күнінен шындықты айтып үйретіңіз. Ол үшін сіз алдымен шынайы болыңыз. Бала күтеді және үміттенеді. Ал күту мен үміттің соңы өтірікке ұласа ол міндетті түрде өкпелейді. Өкпешіл болу осы кезден қалыптасады.

Екінші, бала үшін өз қатарымен араласып ойнауы маңызды. Сіздің тәрбиеңіз жемісін берсін десеңіз балаңызды достарымен араласуға үйретіңіз. Досы жақсы болсын жаман болсын сіз бақылаңыз. Берген тәрибеңіз әсер етсе бала дұрыс жолды өзі таңдайды. Бұл баланың бала күнінен шешім қабылдап үйренуге деген талпысыны болады.

Балаңыз далада біреумен төбелесіп немесе сөзге келіп қалса, ашумен ала жүгіріп араға түспеңіз. Бала алдымен өзі шешім жасасын. Сіз бақылаушы болыңыз. Әрине артық кетіп бара жатқан тұсы болса ескерген жөн. Балам досымен ұрысып қалды деп далаға шығармау, дәл сол досымен ойнауға тиым салу психологиялық шабуылдың ең үлкені. Керісінше досын жақсы жолға салу үшін балаңызды пайдаланыңыз. Оған берген тәрбиеңіз бойынша ақыл-кеңес беріңіз. Мейірімге толы жүрек түбі жеңіске жетеді.

Бала тәрбиесінде нәтиже күтіңіз келсе алдымен баланың сеніміне мән беріңіз және өзіңізді түзеңіз. Өзіңіз жақсы болмай баланы жақсы қыламын деу – қателік.

М. Ақан