Күлкінің түрлері

Күлкінің түрлері
Фото: vk.com

Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім.

Күле білу – өнер. Өйткені дәл бүгінгі қоғамда күлуге қарағанда күйзеліске түсіп, көңілсіздік торынан шыға алмай жүрген жандар көп. Басты мәселе – жұмыссыздық және жігер жоғалуы. Бірақ ғалымдар күлу адам өмірінің ұзаруына әсер етеді деп отыр. Бұл – шындық. Өйткені адамның көңіл–күйі көтеріңкі болуы, оның күн сайын күліп жүруі, уайымның жоқтығы денінің сауылғына тікелей қатысты.

Біз осы күлкінің өзіне зерделеу жасап келіп, оның да өзіндік түрлері бар екенін анықтап отырмыз.

Орынды күлкі

Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,
Ер табылса, жарайды қылса сұхбат,– деп Абай дана айтқандай, орынды күлкінің жөні бөлек. Қандай ортада отырсаңыз да, өз күлкіңіздің сыртқа шығуына мән беріңіз. Өйткені орынды күлкі ғана өзіне керек нысанасын таба алады.

Орынсыз күлкі
Көпшілік ортада отырып, өзіңіз қаламаған нәрсеге ыржалақтап, тыржыңдап күлу – орынсыз күлкі. Яғни, әр сөздің астарына мән бермей, айтылса болды, күле беру ең жаман қасиетіңіз болып қала береді. Орынсыз күлкінің орны ойықта.

Ызалы күлкі
Әр адам кез келген жағдайда белгілі бір оқиғадан ашу-ызаға булығуы мүмкін. Бұл адам бойындағы қасиеттердің бірі ғана. Бірақ ызаланып тұрып күлу – бұл басқа дүние. Өйткені іштен ыза қысып тұрса, сіз сол ызаңызды сабырлықпен қабылдап, сыртқа ешқандай эмоцияыңызды білдірмей, бірақ тырысып күлсеңіз бұл сіздің көңіліңіз тоқ емес екенін көрсетеді. Ызалы күлкілер көбінесе амалсыздан туындайды.

Риясыз күлкі
Бұл шынайы әрі керемет күлкі. Бұл күлкіге қарап отырып, сіз адамның сыртқы бейнесінен-ақ оның сізге деген адалдығын байқай аласыз. Мұндай күлкілер тек адамның өзіне ғана пайда әкелмейді, сонымен қатар айналасына да шуағын төгіп тұрады. Мұндай күлкінің иесімен риясыз қарым-қатынасқа түсуге ынталанып тұрасыз.

Қуаныштың күлкісі
Аяқ асты айғайға салып, «алақайлап», жүзінен нұр көрініп күлкіп бара жатқан адамы көрсеңіз, онда оны қуаныштың күлкісі деп қабылдаңыз. Өйткені қуаныштың күлкісін жасыру мүмкін емес.

Жыларман күлкі
Көңілінде мұңы бар, ішқұсалыққа түсіп тұрған адам кейде көзіне жаса ала отырып күлетін кездері бар. Бұл – жыларман күлкі. Жыларман күлкіні көбіне сәбилер мен жас балалардың бойынан көре аласыз.

Қу күлкі
Сіздің де өзгенің де көңілін тауып, өзінің пайдасына шешілетін күлкілер де бар. бұл – қу күлкі. Қу күлкіні көбінесе саудагерлер мен айларкерлер пайдаланып жатады. Өйткені қу күлкі арқылы қасыңызда тұрған адамның көңілін табуға, оны алдап соғуға болады.

Күлкі түрлерін білу және күле білу сіздің өз ортаңызда абыройлы болуыңызға себепкер болады.

Күліп жүріңіз. Бірақ орнымен күліңіз!

М. Ақан