The Summer of Love: Бохо – богемалық эстетика

The Summer of Love: Бохо – богемалық эстетика
Фото: vk.com

12 сәуір күні  Калифорния штатында Coachella 2019 музыка мерекесі басталды. Бұл шара бұрыннан ұйымдастырылатын болса да, осы жолы тым ерекше болмақ. Өйткені ол 3-4 күн емес, тұтас жаз бен күзді қамтымақ.  Coachella атақты хедлайнерлер ғана емес, онымен қоса, нағыз богемалық эстетиканың ортасы ретінде танымал. Осыған орай біз фестиваль қонақтары мен өнерпаздарының сүйікті бохо стиліне тоқталмақпыз. Сонымен, "Бохо стилі" қалай пайда болды?  

Бұл богемалық стильді алғашқы болып хиппилер қалыптастырды. Қоғамның жанға жақпайтын ережелері мен талаптарынан шаршаған жастар 1960-шы жылдары топ құра бастады. Олар  Сан-Францискодағы Гейт-Эшбериде бірігіп  Human Be-In Rallies саяси қозғалысын ұйымдастырды. Әсіресе, олар Вьетнамдағы соғысқа қарсы болды. Олар жүрек қалауын қан төгіс, көтеріліспен емес, бейбіт жолмен жеткізді.  Сол қарсылықты көрсетудің бір жолы киім үлгісі еді.

Гүл символикасы

Хиппилер шаштарын гүлдермен сәндеді, киімдеріне гүл принттерін салды. Гүл  олар үшін еркіндік пен махаббаттың символы іспеттес еді.  Мұндай ойға оларды Герберт Уэллстің  "Уақыт машинасы" романының сол кездегі экранизациясы итермелеген болатын.  Гүлді қаруға да қадап қоятын. 1967-нің жазындағы хит әнде: "Сан-Францискоға жиналсаң, гүл тағып бар шашыңа",-деген сөздер бар.

Do-It-Yourself

Бохо стилінің негізгі философиясы  – DIY (Do-It-Yourself, яғни "Өзің жасап ал"). Киімге жаңа шығармашылық стиль берудің бір амалы оларды түрлі-түсті бояуға салып қайнату болды. Осылайша атақты tie-dye эффекті кең қолданыла бастады. 

Хиппи рухы

Хиппи рухын, оның еркіндігі мен тыныштық сүйгіштігін түрлі стиль мен этносқа тән элементтерді үйлестіру арқылы көрсетті.

1960-шы жылдардың соңында адамдар винтажды киімдерге әуестенді, 1940-шы жылдардағы көйлектер мен 1920-жылдары сәнде болған әшекейлерге сұраныс артты. Осы қозғалыстың апогеясы 1967 жылға келді. Ол тарихта "Махаббат жазы" (The Summer of Love) атауымен қалды.

Ұлттық мотив

Бұл қозғалыс ұмыт боп бара жатқан ұлттық ерешеліктерді қайта жаңғыртты. Этникалық мәнер, ұлттық мотивтегі киімдер "қайта дүниеге келгендей " болды.

Үнді туникалары,  перуліктердің пончосы, африкалық дашиктер мен пәкістандық шалбарлар кең қолданысқа түсті. Олар үнемі кестеленетін, бахрома өрімдер мен гүлдер және құс қауырсындарымен сәнделетін.  

Музыка

Осы қозғалысқа қатысқан, оны бастаған жастар Боб Дилан, Джими Хендрикс, Дженис Джоплин мен Jefferson Airplane рок-группасын сүйсіне тыңдайтын. Осыған орай бохода рок мотив пен өзіндік атмосфера қалыптасты. Музыкамен егіз ұғымдай болған стиль қазір осы етене байланысты жоғалтпады. Жоғарыда айтып өткендей  атақты Coachella мерекесі осы мәнерде өтеді.

Coachella (оқылуы: Коачелла) – Америка Құрама Штаттарының Калифорния штатында орналасқан Коачелла алқабында өткізілетін музыка мен өнер фестивалі. Атаудың ағылшын тіліндегі толық нұсқасы – Coachella Valley Music and Arts Festival. Коачелла-фест шарасын Goldenvoice компаниясы ұйымдастырады.

Бұл шара алғаш рет 1999 жылы өткізілген, ал 2001 жылдан бері сәуір айының үшінші немесе төртінші жексенбісінде басталып, 3 күнге созылады. Фестивальге инди-рок, хип-хоп, электронды, поп-музыка сынды түрлі бағытта өнер көрсететін ұжымдар қатысады. Шара шеңберінде мүсін және көркемсурет көрмелері ұйымдастырылады.

Фестиваль өткізілетін алаңда бірнеше сахна орналастырылады, олар: негізгі сахна (Coachella Stage), ашық театр ( Outdoor Theatre), Гоби-тент (Gobi Tent), Мохави-тент ( Mojave Tent) және Сахара-тент ( Sahara Tent). 
Шараға барушылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Осы себепті Goldenvoice компаниясы 3-күндік музыка мерекесін арасына 1 апта салып екінші рет ұйымдастыруды қолға алды. Биылғы Coachella Valley Music and Arts Festival 2019 12 сәуірде басталды.

Бізде де дәл осындай керемет атмосферадағы шара бар. Ол The Spirit of Tengri деп аталады. Биыл мамыр айының 25-26 күндері өтеді.

А. Оралқызы