Ақ Жайықта «Қыз Жібек пен Төлеген» ақбоз ат мінді

Ақ Жайықта «Қыз Жібек пен Төлеген» ақбоз ат мінді
Фото: inform.kz

Әйгілі «Қыз Жібек» фильмінде басты кейіпкерлерді сомдаған Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешева Ақ Жайық өңіріне келіп, жұртшылықпен кездесу өткізді.

Жылы шырайлы жүздесу Меруерт Өтекешеваның туған жері Жәнібек ауданында да ұйымдастырылды. Онда атақты өнер қайраткерлері биыл түсірілгеніне 45 жыл толған «Қыз Жібек» фильмінің шығу тарихы туралы сыр шертті. Кеңес дәуірінде мұндай туындының жарық көруіне кедергілер аз болған жоқ. Қазақ елінің сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров, композитор Нұрғиса Тілендиевтей белгілі тұлғалардың ұсынысымен қолға алынған фильмнің ойдағыдай шығуы үшін режиссері Сұлтан Қожықов, суретшісі Гүлфайруз Ысмайыловамен бірге барлық әртістер табанды еңбек етті. М.Өтекешеваның еске алғанындай, сол кезде оныншы сыныпты жаңа ғана бітірген жас актриса Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуарбек Молдабеков, Асанәлі Әшімов сынды әріптестерінен көп нәрсе үйренді.

Кездесу барысында Құман Тастанбеков Ақ Жайық еліне ризашылығын білдіріп, мәңгілік махаббат айғағындай Мұхтар Шахановтың «Махаббат жыры» мен композитор Серафим Туликовтың «Пришла любовь» әндерін орындап берді.

Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин мәртебелі меймандарға алғысхат табыс етіп, иықтарына шапан жабумен бірге ақбоз ат мінгізді. Шараға қатысқан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов аудан тұрғындарының Меруерт Қаратайқызындай жерлесімен орынды мақтанатынын атап өтті.

Айта кетейік, сапар барысында өнер қайраткерлерін облыс әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, құрмет көрсетті. Өңір басшысы «Қыз Жібек» фильмінің түсірілу тарихы туралы деректі туынды да керектігін айтып, оны қолдауға дайын екендігін білдірді. Сонымен қатар Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен кеште Қыз Жібек пен Төлегенге Оралда ескерткіш орнату туралы ұсыныс ортаға салынды. Бұған байланысты Құман Тастанбеков Тараздағы саябақ пен Қызылорда облысы Арал қаласындағы мәдениет үйінің алдында осындай ескерткіштер бар екендігін айтып, жастар жиі баратын мұндай қастерлі орын Жайықта болса, артық етпейтіндігін жеткізді.

Дереккөз: inform.kz

Е. Жұмабайұлы