Ананастың әлегі

Ананастың әлегі
Фото: amur.kz, Владимир Акуленко

Қыз-келіншектердің ойлау жүйесіне күмән келтіру мүмкін емес шығар. Кейде олар соның кесірінен өздерін қатты шаршатып алады. Логикасына уақытында тұсау сала алмаған мына әйелдің жазбасы күлкі шақырады. Құрметті ханымдар, біздің де миымызда осындай кептелістер жиі болатынын мойындайықшы!

"Отбасымды қуанту үшін қарапайым бір салат жасағым келді. Тауық еті қосылған салат! Соғұрлым тоңазытқышта қайнатылған тауық еті тұр. Оны ешкім жемейді де. Бірақ салатқа ананас керек. Салатқа құтыдағы ананасты қостым. Астында шырын қалып қойды. Ішіп қойсам ба екен? Қойшы, ішкім келіп тұрған жоқ. Төге салайын ба? Бірақ, обал ғой...

Ананастың шырыны қосылатын бір бәліш есіме түсіп кетті. Бәлішті жасап біттім. Бірақ оған жұмыртқаның сарысын ғана қостым. Ағын не істеймін? Қоқысқа тастағанға аяп тұрғанымды қарашы!.. Тоңазытқышқа қоя салайын. Бірақ бәрі бір ерте ме, кеш пе осыны тастауға тура келеді ғой?

Таптым! Одан да бұдан безе (жұмыртқаның ағын араластырып пісіретін көпірме) жасап тастайын. Жеңіл, тез, әрі дәмді! Айтпақшы, оған лимон қабығының үгіндісі керек екен ғой. Міне, безе дайын! Бірақ лимон қабығы ашылған күйде жалаңаш қалды... Оны осылай қалдырсам тез құрғап қалады. Лимонмен не пісіруге болатын еді?!

Айтпақшы, салатқа дәмді тұздық жасауға болады. Салатқа пияздың жартысын қолданып едім, қалған жартысы маған жыламсырап қарап тұр... Оны қайтсем екен?..

Есіме түсті! Қалған пиязбен спагеттиге ерекше дәм беретін қызанақ тұздығын жасай салайын. Тоңазытқыштан өз қолыммен жасаған қызанақ шырынының құтысын тауып алдым да, тұздық жасап тастадым. Ал қалғанын қайтсем екен?.. Ешқандай қоспасы жоқ, таза табиғи шырын болғасын жартысын ашық күйде қалдырсаң тез бұзылып кетеді. Жаздыгүні өзім еңбектеніп жапқаным есіме түсті. Қайтсем екен?

Аздап ойландым да, борщ пісіре салуға шешім қабылдадым. Сөйтсем, үйде қызылша деген атымен жоқ екен.

Тез-тез киініп, сыртқа дүкенге шықтым. Қызылшаны алуын алдым ғой. Оған қосып, картоп, ірімшік, қаймақ, тіс пастасы, шұлықтар (шұлықтарға жеңілдік боп жатыр екен), сүйретпелер (оған де жеңілдік жүріп жатыр екен), сабынның бірнешеуін де ала салдым. Кім біледі, тағы да керек болып қалар. Дүкеннен қайтып келе жатқанда банкке соғып, коммуналды төлемдерден құтыла салдым. Банктың дәл қасындағы аяқ киім шеберханасына соғып, алдында жөндетуге тастап кеткен туфлиімді де алдым. Нан дүңгіршегінен өтіп кете алмай, балалардың мектепке алып кетуіне бутерброд жасап беру үшін жаңа піскен ыстық бөлкеден ала салдым. Осынша затпен үйге әрең дегенде келдім. Ақыры борщ қайнаттым-ау... Осы жолы тамақ жасауда қандай қалдықтың қалғанына көңіл аудармадым. Оған шамам да жоқ еді. Диванға сүйретіліп барып, құлай кеттім. Енді сезініп жатырмын: аяғым талып қалыпты, қолымды сезбеймін де, тіпті. Белімнің ауырғаны-ай!..

Сонда ғана ойландым: Нағыз ақымақтың өзімін! Өзімді өзім сонша шаршатпай неге сол ананас шырынын іше салмадым екен!?."

Дереккөз: fit4brain.com/8605

А. Әбілхан