Қазақстан жастары қазақ тіліне аударылатын 100 кітапты таңдайды

Қазақстан жастары қазақ тіліне аударылатын 100 кітапты таңдайды

Қазақстандық жастар қазақ тіліне аударылатын 100 кітапты таңдайтын болды. Бұл туралы Астанада “Кел, жастар, оқылық” республикалық кампаниясының ашылуында “Жас Отан” ЖҚ орталық кеңесінің мүшесі Бақытжан Нарымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ол елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын еске салып өтті. Жолдауда жастарға қызықты болатын 100 заманауи кітап туралы идея көтерілгенін, алдағы уақытта оларды мемлекеттік тілге аудару керектігін айтқан Нарымбетов мырза бұл арқылы қазақ тілін белгілі бір дәрежеде байытып, ауқымын кеңейтуге болатынын жеткізді. 

Кітаптар оқу орындары мен әлеуметтік желілерде жүргізілген сауалнамалар арқылы белгілі болады. Сонымен қатар, кітап таңдауында жанр мен кітап түріне шектеу болмайтыны белгілі болды. Он мыңнан астам жастан алынған әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі Қазақстан республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберіледі.

“Жас Отан” орталық кеңесі мүшесінің айтуынша, республикалық компанияның аясында партияны басқаратын жастар қанаты флешмоб, вокалды байқаулар және телеолимпиада секілді түрлі мәдени шараларды жоспарлап отыр. 
Бақытжан Нарымбетов, “Жас Отан” орталық кеңесінің мүшесі:

- Бүгіннен бастап “Жас Отан” жастар қанаты “Кел, жастар, оқылық” республикалық кампаниясын бастап отыр. Біз жастарды кітап оқуға шақырамыз, себебі ұлттың рухани құндылығы кітаптан бастау алады. Мәселен, Мәскеудегі жастар уақыты бос кезде кітап оқиды. Жастар арасында кітап оқу сәнге айналса екен дейміз. Осы бағытта жастардың өзі үздік кітаптарды таңдап, оны аударуға бергенін қалаймыз.

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: infovoronezh.ru

Қ. Қауымбек