«Ауылым – алтын тұғырым» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Ауылым – алтын тұғырым» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Фото: auyl.kz

2016 жылдың 7 желтоқсан күні Астана қаласында «Ауыл» ХДПП-ның ұйымдастыруымен ауыл тақыбырына арналған жас ақын-жазушылар арасындағы «Ауылым – алтын  тұғырым» конкурсының жеңімпаздары марапатталды.

Шараны «Ауыл» партиясы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырып отыр.

«Ауылым-алтын тұғырым» конкурсына шығармалар 1 жыл бойы қабылданды. Шараны «Ауыл" партиясы «ҚазКонтент» АҚ-ның «Әдебиет» порталымен бірлесіп ұйымдастырды. Әдеби-онлайн конкурсына барлығы 219 шығарма келіп түскен. Оның ішінде 18 шығарма драматургия жанры бойынша, 79 туынды – проза  жанры бойынша, және 122 еңбек поэзия жанры бойынша тіркелген.

Конкурсқа келіп түскен шығармаларға арнайы құрылған қазылар алқасы баға берді. Қазылар алқасының құрамында: Комиссия төрағасы – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, журналист, белгілі жазушы Жабал Ерғалиев, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург - Рахымжан Отарбаев, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы драматург - Роза Мұқанова, жазушы-ғалым - Жолтай Әлмаш, ақын, жазушы, композитор Ерқожа Әлқожаұлы және бүгінде озық ойымен, өткір тілімен, жазу шеберлігімен оқырманынын баурап алған жас ақын-жазушылар - Бауыржан Қарағызұлы, Ербол Бейілхан, Талғат Ешенұлы сынды майталман мамандар бар.

Айта кету керек, комиссия құрамында 9 адамның әрқайсысы 1 дауысқа ие. Келіп түскен шығармалар 3 номинация бойынша: үздік проза, поэзия және драматургия жанрында іріктеледі. Сонымен қатар үздік туындылар арасынан сарапталып, ең үздік шығармаға «Алтын тұғыр» әдеби жүлдесі тағайындалады.

«Ауыл» ХДПП-ның төрағасы Ә.Бектаевтың «сайыстың жариялы түрде, заманауи үлгі – әлеуметтік желіде онлайн түрде өтуі – шығармашыл жастарымызға шабыт бітірді. Еліміздің әр түкпірінен барлығы 220-дан астам жас ақын-жазушылар бақ сынады. Республикалық деңгейде өткізіп жатқан конкурс тіпті халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Келіп түскен шығармалар арасында Қытай, Монғолия, Өзбекстандағы қандастарымыздың туындылары бар» деп атап өтті.

Қазылар алқасының төрағасы Жабал Ерғалиевтің айтуынша, «конкурсқа ұсынылған еңбектер арасында поэма да, повесть те, эссе де жетерлік. Кино түсіруге дайын сценарийлер де бар. Сондықтан байқау өте тартысты өтті». ««Ауыл» тақыбыры кімге де болса етене жақын, жүрекке жылы тиетін, ешкімді бей-жай қалдырмайтын тақырып екені осы конкурс барысында айқын байқалды» деді ол.

«Шығарманың ішінде тұшымды, сапалы туындылар жетерлік. Сюжеттік желісі еліктіретін, оқырманын ойландыратын, тілі шұрайлы, ойы орамды, жазуы жатық дарын иелері жастар арасында бар екен. Оны оқып, біліп қуанып отырмыз» деп атап өтті қазылар алқасының мүшелері. «Әсіресе шығармаларды оқу барысында жас ақын жазушылардың ауылдағы ағайынның мәселесіне, күрмеулі қиындықтарға, жетістіктер мен ауыл-аймақ ерекшеліктеріне қанық екенін көрініп тұрды», деді олар.

Қазылар алқасы мұнан кейін конкурс жеңімпаздарын жеке-жеке сахнаға шығарып, дипломдармен және ақшалай сыймен марапаттады. Айта кету керек, бірінші орын иегеріне 500 мың теңге, 2 орынға 300 мың теңге, 3 орынға 200 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалған. Сонымен қатар сапалы шығармалардың өте көп болуына байланысты қазылар алқасы әр жанр бойынша қосымша арнайы жүлде тағайындауға шешім қабылдады.

Барлық  жеңімпаздар арасынан ең үздік шыққан шығарма иесіне «Алтын тұғырды» «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев табыстады.

Партия төрағасының айтуынша, «Бүгінгі конкурс шығармашылық деңгейден шығып, халықтың әлеуметтік-рухани жағдайын бейнелейтін ерекше құбылысқа айналды. Мұндай әдеби байқаулар жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Сонымен қатар осы сайысқа келіп түскен шығармалардың барлығы жинақталып, проза, поэзия және драматургия жанрлары бойынша бөлек кітап болып, бастырылып шығарылады».      

ЖЕҢІМПАЗДАР ТІЗІМІ:

«Алтын тұғыр» жүлдесі

Ұларбек Дәлейұлы 

ПОЭЗИЯ

  1. Ұларбек Дәлейұлы
  2. Дәурен Берікқажы
  3. Адал Қалиұлы

Арнайы жүлде:

  1. Ілияс Мұқайұлы –Тұманбай Молдағалиев атындағы сыйлық
  2. Айжан Табаракқызы – Фариза Оңғарсынова атындағы сыйлық
  3. Алтынқадыс Күнтуғанұлы– Есенқұл Жақыпбеков атындағы сыйлық

ПРОЗА

  1. Өміржан Әбдіхалықұлы
  2. Мақсат Рамазанұлы
  3. Есболат Айдабосынұлы

Арнайы жүлде

  1. Күлтегін Аспанұлы – Сайын Мұратбеков атындағы сыйлық
  2. Қанат Әбілқайыр – Тәкен Әлімқұлов атындағы сыйлық
  3. Мұрат Алмасбекұлы Сәкен Жүнісов атындағы сыйлық

ДРАМАТУРГИЯ

  1. Манарбек Қыдырбай
  2. Алмас Мырзахмет
  3. Әскерхан Ақтай

Арнайы жүлде:

  1. Мінәйхан Салтанат – Асқар Тоқпанов атындағы сыйлық
  2. Айсұлу Жолтайқызы – Қалтай Мұхамеджанов атындағы сыйлық
  3. Маржан Ершу – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы сыйлық   
Н. Айдархан