«Адырна» атты республикалық әдеби журнал жарыққа шықты

«Адырна» атты республикалық әдеби журнал жарыққа шықты
Фото: Бауыржан Бабажанұлы

Ақтөбеде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен «Адырна» атты жаңа республикалық әдеби журнал жарыққа шықты. Бұл туралы танымал ақын Бауыржан Бабажанұлы фейсбуктегі парақшасында жазды. 

"Сүйінші! Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен Ақтөбеден «Адырна» атты республикалық әдеби журнал шыға бастады. Алғашқы нөмірі осы бойы қолға тиді. Әзірге 2000 данамен тарайтын 240 беттік жаңа журналдың бас редакторы — Мейірхан Ақдәулетұлы. Мәкең «Адырнаға» тек қана үздік туындыларды жариялаймын деп серт беріп отыр. Алғашқы нөмірде Дулат Исабековтің сұхбаты, Серік Ақсұңқарұлы, Ертай Ашықбаев, Әділ Ботпанов, Жанна Елеусіз сияқты ақындардың өлеңдері, Светқали Нұржанның «Хан кегі» атты поэмасынан үзінді, Құдияр Біләл мен Аягүл Мантайдың әңгімелері, Таласбек Әсемқұловтың, Мақсат Тәж-Мұраттың, Жұбаназар Асановтың, Бауыржан Бабажанұлының мақалалары еніп отыр. Андрей Вознесенский мен Хуан Рамон Хименестің де өлеңдері қазақша «сөйлеп» тұр", - дейді облыстық "Ақтөбе газетінің" бас редакторы.

Мейірхан Ақдәулетұлы 1981-2004 жылдары аралығында республикаға танымал "Алтын Орда" газетін шығарған болатын.

Журналдың тұсаукесері 2016 жылы 29 қарашада, 15.00-де Алматыдағы Жазушылар одағының ғимаратында өтеді.

Н. Айдархан