«Көктем бүрлері» жыр мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды

«Көктем бүрлері» жыр мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды
Фото: facebook.com

Алматыда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген «Көктем бүрлері» атты республикалық жыр мүшайрасының жеңімпаздары анықталды. Жыр додасына 29 жасқа дейінгі 100-ден астам жас ақындар қатысты.

Республикалық жыр мүшәйрасын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы және М. Сералин атындағы әдеби бірлестік ұйымдастырды. «Тамшы» ғылым және мәдениет қоры іс-шараға бас демеуші болды. Жыр додасының қорытынды кеші қара шаңырақ ҚазҰУ-де өтті.

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Көктем бүрлері» жыр мүшәйрасында Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Исраил Сапарбай қазылар алқасының төрағасы болды. Сондай-ақ, қазылар алқасы құрамында Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, ақын Бауыржан Жақып, «Ақиқат» журналының бас редакторы, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, ақын Аманхан Әлімұлы, Журналистика факультетінің деканы, ф.ғ.к Сағатбек Медеубек және «Серпер» сыйлығының иегерлері Әлібек Шегебай мен Саят Қамшыгер болды.

Биылғы «Көктем бүрлері» жыр мүшәйрасында бірінші орынды ақын Олжас Қасым жеңіп алды. Екінші орынға Айдын Байыс ие болса, Айбол Исламғалиев, Нұрбек Нұржанұлы, Мөлдір Айтбай үшінші орын иегерлері атанды. Бірінші орын иегеріне - 150 мың, екінші орынға – 100 мың, үшінші орын иеленгендерге 50 мың тең көлемінде сыйақы берілді. Сондай-ақ, Жұлдыз Молдағалиева, Данагүл Берекет, Ерзат Асыл, Марғұлан Ақан мен Жарқын Талғатұлы ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

«Көктем бүрлері» жыр мүшәйрасының негізгі мақсаты - әдеби үрдісте дарынды жас ақындардың жарқырап көрінуіне жол ашу, әде­биет әлемінің жас буын, жаңа есімдермен толығуына үлес қосу болып табылады. 

Ө. Сансызбай