Нұртас Тұрғанбекұлының тырнақалды туындысы жарыққа шықты

Нұртас Тұрғанбекұлының тырнақалды туындысы жарыққа шықты
Фото: massaget.kz

Жас ақын, бірнеше халықаралық жыр мүшәйраларының жүлдегері Нұртас Тұрғанбекұлының тұңғыш жыр жинағы жарыққа шықты. «Мен емеспін...» деп аталатын жыр жинағына жас таланттың 50-ден астам өлеңі топтастырылған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен тұсаукесер кешіне Нұртастың университет қабырғасындағы ұстаздары, өнердегі ағалары Бақыт Беделханұлы, Бейбіт Сарыбай, Қайсар Қауымбек, Бағашар Тұрсынбайұлы, Салтанат Мінәйханұлы, Бекзат Смадияр, Бауыржан Мырзақұл және үзеңгілес достары мен поэзия жанашырлары қатысты. Ал кітаптың тұсауын ақынның ұстазы Пазыл Бисенбаев пен ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделханұлы кесті. Олар Нұртасты тырнақалды жыр жинағымен құттықтап, жас ақынның кітабы жайлы жылы лебіздерін білдірді.

- Қазақ әдебиетінің қалың қаламгерлерінің арасында қалқайып, қарағайдай мықты азамат болып, елдің игілігі мен руханиятына барыңды, жаныңды салатын азамат болатыныңа сенеміз.Менің көзім жеткен бір дүние бар. Ақынның қайғысына ғашық боп, мұңын қызғанатын да сәт болады. Сен сондай – ақын бол! Жұрт сенің қайғыңа ғашық болсын, мұңыңды қызғанып жүрсін. Мұң деген – былғаныш дүние емес, мөлдір сезім. Қайғы деген – қара нардың жүгін арқалататын үлкен рух. Өлең деген – тағдыр, тағдыр деген – ақын. Тағдырлы ақын бол!Зарық дүниеден жарық дүниеге келіп, тамұқ дүниеге тап-таза баруыңа тілектеспін, - деді Бақыт Беделханұлы.

- Мұхтар Мағауиннің «Менінен» диплом жұмысын қорғаған Нұртас «Мен емеспін...» деп кітап шығарғаны қызық болды. Негізінен шәкіртімнің осындай дәрежеге жетуіне өзінің қатары көп себепкер болды деп есептеймін. Алғашқы өлеңін соларға оқыды. Солармен жарысып жүріп ақын болды. Келешекте бұдан да биік белестерден көріне бер, - деді ұстазы Пазыл Бейсенбаев.

Терең әрі образды ой, мөлдір сезім, тұңғиық пәлсапа, бояуға қанық сурет пен мәнді лирикалық иірімдерден тұратын Нұртас Тұрғанбекұлының бұл жинағы ақын жанының айнасындай. Өлеңнің әр жолына сыр жасырған ақынның поэзиясы кез келген оқырманды өзіне баурап алары сөзсіз. Ақын өлеңдерінде ауылдың топырағы, қаланың қым-қуыт тірлігі, өмірдің өкініші мен көңілдің мың құбылған сәттері көрініс табады.

Ауылдың баласы едім, аңғал едім,

Тағдырыма көшіргем таңғы әлемін.

Жұлдыздың аққанына тілек айтып,

Бір қыздың аңсаушы едім, арлы әдебін.

… тайым қалды мініске үйретілмей,

Қайың қалды қабығы аршылмаған.

Қалаға келген бала.., бала қалпында қалған дала... Аңғал да таза. Жүрегің аунап түседі.

Қала мен даланы жақындастырып, жан-бауырыңа айналдыру үшін, айғай-аттандап, жазығы жоқ қара жолға қылбұрау салмай-ақ, махаббатыңмен баурап алуға болады екен.

Алматы – ақын ұлдың сор, бағы ма?

Мұңы ма, жығам дейтін орға мына.

Мен ауылды сағындым, көшесі де

Ұқсайтын тағдырымның жолдарына...

Иә, бұл кімнің тағдыры? - деп, таңғалмаймын. Өйткені, бұл – адамның, ақынның тағдыры. Баланың ойнаған жерінде қалатын ойсыз, мұңсыз сызықтар емес, қайырылып қарасаң қайғысы мен қуанышы, шаттығы мен мұңы, арманы мен сыры, сағынышымен қатар өрілген өз тағдырының шимайы – маңдайдағы жазулар... Мен солай түсіндім, Нұртас, - дейді Бақыт Беделханұлы кітаптың алғысөзінде.

Нұртас Тұрғанбекұлының «Мен емеспін...» жыр жинағы «Қасым.кз» сериясы жобасы аясында жарыққа шықты. Бұл жоба - қазақ әдебиеті әлеміне енді адымдап келе жатқан талантты ақындарды қолдап, шабытына қамшы болатын бірегей бастамалардың бірі. Осыған дейін осы серия аясында қарағандылық ақын Аян Мираштың «Саған арнадым», семейлік ақын Арман Шеризаттың «Тәңірқұт», оралдық ақын Айбол Исламғалиевтің «Көктемгі идиллия» атты жинақтары жарыққа шыққан болатын.

Нұртас Тұрғанбекұлы – жас та болса танылып үлгерген таланттардың бірі. Өлеңдері ән болып та ел көңілінен шығып жүр. Біз де Нұртасқа жазарың көбейсін дейміз. Шабытың шау тартпай, бұдан да биік белестерден көріне бер, Нұртас ақын! Алдағы уақытта massaget.kz оқырмандарына жас ақынның бір топ өлеңдерін ұсынатын боламыз. Нұртас 2015 жылы біздің сайт ұйымдастырған ән мәтіндері байқауында жеңімпаз атанған ақындардың бірі.   

Ө. Сансызбай