Абай қорық-музейі – Қазақстандағы алғашқы әдеби-мемориалдық музей

Абай қорық-музейі – Қазақстандағы алғашқы әдеби-мемориалдық музей
Фото: khabar.kz

Тарих қойнауынан бастау алатын көне мәдениетіміз бен әдебиетімізден сыр шертетін мәдени құнды мұралар Қазақстан музейлерінде сақтаулы.

"Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, өзге жұртқа барымызды көрсетіп насихаттау – абыройлы міндеттің бірі", - деп елбасымыз Н.Ә.Назарбав атап өткендей, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ұлттық мұраны қастерлеуге, сақтауға ерекше ден қойылып отыр. Қазіргі заманның кезек күттірмес маңызды міндеттерінің біріне айналып отырған мәселе халықтың мәдени мұрасының сақталатын, көрсетілетін, насихатталатын орны музей экспонаттарын ғылыми зерттеу болып отыр. Музейдің негізгі жұмысы тарих арқылы тарихи-мәдени ескерткіштерді насихаттау, сол арқылы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу болып табылады. Сонымен қатар қорларды жинақтау, сақтау музей қызметінің ең негізгі бөлігі. Ол музейдің өмір сүрген уақытынан бастап, барлық кезеңінде жүргізіліп келеді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның білім беру және ғылым саласында жүйелі бірнеше ғылыми мекеме еңбек етуде. Солардың қатарына музейлердің өзіндік атқарар рөлі ерекше. Қазіргі кезде елімізде музей – ғылымның, білімінің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми-танымдық бағытта қызмет атқаратын өз алдына дербес мекеме. Осындай іргетасының қаланғанына 75 жыл толғалы отырған мекемелердің бірі - Семейдегі Абайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейі. Қорық-музейдің негізгі қызметі – Абай өмірі мен шығармашылығын және оның ақындық-өнер айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдігерлерді зерттеу, сақтау, насихаттау, қорғау. Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі қазақтың ұлы жазушысы, академик М.О.Әуезовтің ұсынысы бойынша Абайдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нiң Халық комиссарлар кеңесiнің 1 сәуiрдегі қаулысы негізінде құрылып, сол жылы 16 қазанда мереке үстінде ашылды.

Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби музей болып табылады. 1990 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Қазақ ССР Министрлер кеңесінің қаулысы бойынша ақынның әдеби-мемориалдық музейі Абайдың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі болып қайта құрылды. Қазіргі кезде музей әдеби-мемориалдық музейден Республикадағы ірі қорық-музейдің біріне айналды.

Қорық-музей алқабында көптеген мемориалдық ескерткіш өлке тарихының өткенін көз алдыңа әкеліп, ұланғайыр территорияның түкпір-түкпірінде орналасқан бағзы қорымдар мен қасиетті орындар ұлылар өмір сүрген өлкеге тағзым ете келген көпшілікті ерекше сезімге бөлейді. Бүгінде ұлы Абайға арналып ашылған Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби музей тарам-тарам жеке құрылымдардың басын біріктірген іргелі мәдени кешенге айналды.

Адамзат тарихының қалыптасуы мен кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалуы үшін әдебиеттің алар орны ерекше. Әрі көне, әрі мәңгі жас тарихтың тағылымдарының талай ұрпаққа рухани азық болары ақиқат. Қай халық болса да өзінің өткенін, қайталанбас тарихын, салт-дәстүрін көзінің қарашығындай сақтап, қастерлеп ұрпақтан-ұрпаққа өсиет етеді. Оны олардың тарихи ескерткіштері мен музейлеріне қарап көруге болады. Ғасырлардың талай тезінен өткен әрбір мәдени мұра бағаланып сақталуы қажет. Ал оның орны музей екені ақиқат. Сондай-ақ тарихи оқиғалар мен арнайы жекелеген адамдарға немесе ашық аспан астындағы тарихи ескерткіштердің адамзат баласына рухани азық көзі екені айтпаса да түсінікті. Музейдің арнайы орынға айналуына оның ондағы экспонаттардың алатын орны ерекше. Ол жәдігердің қорға алыну себептері мен құндылығы, сақталу мерзімінің ұзақтығы да маңызды болмақ. Әрбір музей жәдігері – әлеуметтік, тарихи, ғылыми құндылығы еліміздің мәдени мұрасы болып табылады. Бүгінгі таңда музей ісі кешенді түрде дамып жетіліп келеді. Себебі, музейдің өзі белгілі бір тарихи тұлғаның атымен аталып, бір бағытта жұмыс жасаса да әртүрлі тақырыптарды қамтитын залдары арқылы сан-салалы ілімнің негіздерін біріктіреді.

Музей қызметінің негізгі бағыттарына: музей қорындағы құнды жәдігерлерді жинау, есепке алу, сақтау, қорларды жүйелеу, қайта қалпына келтіру (реставрация), зерттеу нәтижелерін ақпарат жүйелерінде тарату, музейдің кадрлық жүйесін жетілдіру, музей жұмыстарын ұйымдастыру түрлеріне көрмелер, экспозициялар ұйымдастыру, ғылыми-практикалық конференциялар өткізу, тақырыптық дәрістер, танымдық сабақтар өткізу, музей басылымдарын шығару және т.б. сан-салалы қызметтер жатады.

Ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, Абай мұрасын тереңдей танытатын, ұлы тұлғалармен олар өмір сүрген ортаны елестететін тарихи жәдігерлердің орны орасан зор. Тәуелсіздік алғаннан кейін рухани ұлттық мұраларымызды саралап, бүгінгі биіктен бағалау аса қажет. Бүгініміз - ертеңгі тарих екені ақиқат.

Қала тұрғындары мен қонақтары музейге жиі келіп, әр заманнан сыр шерткен жәдігерлерге тағзым етіп, танымдарын толықтырып қайтады.

Қазіргі таңдағы музейтану қорды жинақтауға музейдің әлеуметтік мәліметтерді жинау, қоғамдық дамуларды деректендіру сияқты қызметтерді іске асыратын мүмкіншіліктің бір түрі ретінде қарайды. Бұл өмір сүріп отырған ортадан әр мезгілде, әртүрлі мақсатта қолданылатын заттарды іріктеп, таңдап ала отырып, оны музей жинақтарына музей заты ретінде қосу сияқты жұмыстар арқылы іске асады. Ал музей қорындағы заттар өз уақытының деректері мен құжаттарының деректік қайнар көзі екені мәлім.

Бұл жиналған жәдігерлер музей жинақтарының өзегі музей заттарының қорын құрайды да, ол барлық музей қызметкерінің іргетасы болып табылады. Бұл қорлардың негізгі бөлігі мәңгілік сақтау сақтау есебімен құрылады.

Абай қорық-музейі Қазақстандағы алғашқы әдеби-мемориалдық музей екені көпке аян. Қазіргі таңда жетпіс бес жылдық тарихы бар музейдің қорында сақтаулы жәдігерлердің әрқайсысының өзіндік алар орны ерекше деуге болады. Бүгінгі таңда музей қорындағы жалпы экспонаттардың саны – 20311 дана. Біз үшін Абайға, оның заманына қатысты әрбір дерек көздері өте қымбат, баға жетпес асылымыз болып табылады. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың өзі жергілікті өлкетану музейіне тапсырған заттар экспозицияларымызда ерекше орын алады. 1885 жылы ақын ауылына орыс досы Долгополов Н. И. қымызбен емделуге келеді. Осы Долгополов арқылы Абай Семейдің 1883 жылы ашылған өлкетану музейінің қазақ бөлімшесіне 60-тан астам этнографиялық зат жібереді. 50-ші жылдары сол музейден Абай музейіне жиырма шақтысы берілген. Абай тапсырған заттардың ішінде қазір экспозицияда тұрғандары:

1. Абай ертоқымы. Тоқымы жоқ. Ердің өзі ғана.
2. Еттабақ. Ағаштан жасалынған (ойылған)
3. Күміспен әшекейленген ағаш құты
4. Тері торсық
5. Піспек

6. Қымыз тегене
7. Қымыз ожау
8. Кісе белбеу
9. Шоқпарлар
10. Айбалта

Абай заманын көрсететін заттар: ағаш тостағандар, бет орамалдар күміс жіппен зерделенген жиектері, киіз аяққап және тағы басқа жәдігерлер музей қорының баға жетпес құнды мұралары.

Ұлы ақынға қатысы бар әрбір затты жинап, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатын алға қойған асыл азаматтарымыз аз емес. Абайдың немере інісі Ә. Ысқақов, Қ.Мұхамедханов, А.Құдайбердиев, М.Бейсенбаев сынды ел ағалары музей қорына Абайға және оның туыстық, өнер айналасына қатысты деректерлі жинақтауға үлкен үлес қосқан. Музей қорында жазба жәдігерлер – қолжазбалар қоры ерекше орын алады. Қолжазба қорында барлығы 900-ден астам атаудан тұратын 553 бума жинақталған қазақ, шығыс тілдеріндегі (араб, парсы, шағатай, татар т.б.) және орыс тіліндегі ескі қолжазбалар құрайды. Елден жинаған естеліктер, шығармалар қолжазбалары бір төбе болса, өзінің естеліктері де қазіргі күнде құнды жәдігерлер қатарында:

- Абайдың Мағауияға хаты;

- Абайдың өз ұрпақтары мен туыс-жақындарының, замандастарының қолжазба естеліктері, шығармаларының қолжазбалары;

- Абай шығармаларының Рахым Жандыбаев, Әміржан Аянбаев қолжазбалары;

- Абайдың ақын-шәкірттері - Ақылбай, Мағауия, Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Әсет, Төлеу, Шәкір, Уәйіс және тағы басқаларға қатысты деректер, олардың шығармалары.

- Ақылбайдың «Зұлыс», «Дағыстан» атты поэмалары, Мағауияның «Медғат-Қасым» шығармаларының қолжазбалары;

- Абайдың шәкірті, досы Көкбай Жанатайұлының өз қолжазбасы;

- ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ ақын-жазушыларының шығармалары жарияланған сол кездердегі газет-журналдардың сандары: «Айқап» журналының 1911-1915 жылдар аралығындағы 88 номері, «Таң» журналының номерлері, «Қазақ тілі», «Сана», «Шолпан», «Сәуле» басылымдарының бірнеше нөмірі бар.

Ғылыми қордағы архив деректерін, қолжазба мұраларын, естеліктерді тек музей қызметкерлері ғана емес, сол сияқты еліміздегі жоғарғы оқу орындарының ғалымдары мен зерттеушілері, өнер адамдары, ғылым жолына түскен талантты жастар, мектеп мұғалімдері, оқушылар, басқа да мамандық иелері жиі пайдаланады.

Жалпы қорытындылай келгенде айтарымыз, музей ісінде, қоғамдық ортада тіпті әлемдік мәдениет сипатында құнды болып табылатын музей қорындағы сан түрлі жәдігердің өткеніміздің белгісіндей болып, халқымыздың баға жетпес асыл мұралары екені даусыз. Сондықтан да қоғамның белгілі бір дамуында ғылыми іздену, халық-ағарту, мәдени құндылықтарымызды сақтау жұмысын жүйелі түрде жүргізу нәтижесінде Абай қорық-музейі бүгінде Қазақстан музейлерінің ішінде өзіндік орны бар іргелі мәдени ошақтардың бірі болып табылады.

Алмагүл Алдабергенова
Абай-қорық мұражайының бас қор сақтаушысы

Ж. Исакаев