Ерлан Жүніс болашақ ақындарға ешкім айтпаған кеңес айтты

Ерлан Жүніс болашақ ақындарға ешкім айтпаған кеңес айтты

Қазақ поэзиясына өзіндік үнімен келіп, мөлдір өлеңдерімен көпшілік оқырманның сүйіктісіне айналған ақын Ерлан Жүніс Ұлан газетіне сұхбат берді.

Ақын газет тілшісінің "Болашақ ақындарға ешкім айтпаған кеңес айта аласыз ба?" деген сұрағына былай деп жауап берді:

"Ешкім айтпаған кеңесті айту үшін, ешкім сүрмеген өмірді сүру керек. Жер жаралғалы бері топырақты 80 миллиард адам басқан екен. Сол 80 миллиард адам сүрінген тас – «философиялық тас», сол адамдардан тамған тер «өмір суы» деп аталса керек. Əркімнің тағдыры басқа болғанымен, өмір – біреу. Кеңес – қателіктің жүріп өткен жолы. Ал қандай қателіктерді қайталамау керек дегенге жауап берер едім. Біріншісі – ішімдікке жоламау. Ешқандай моральсыз, діни қағидаларсыз айтайын, жоламау керек. Неге? Алкоголь адамның иіс сезу жəне дəм сезу қабілеттерін əлсіретеді. Махаббат жырларын, лирикалық өлеңдер жазар болсаң, ащы жəне ауыр тағамдарға əуес болма. Былтырғы соғымның бір астау ссүр етін жеп алғаннан кейін лирикалық өлеңге отыру – «Құбыжық пен сұлу қыз» ертегісіндей əсер қалдырады.

Жүрек – қаннан қуат алады. Қан – сен пайдаланған астың құрамынан тұрады. Бір астау етті романистер жесін. Сен жеміс-жидек пайдалан. Төртіншісі – ағымға ерме. Ағым авторды жасамауы керек. Пауль Целан қазақ болғанда, өлеңді басқаша жазар еді. Ал Мұхаммед Салық сыншылар айтатындай батыс поэзиясы ағымдарының жемісі емес, ол – Низами мен Науаидің заңды жалғасы. Өлең жазар алдында халық əндерін ыңылдап айтып алған дұрыс деп ойлаймын.

Бесіншісі – қандай идея ұсынғың келіп отырғанын жəне оны қалай ұсынғың келетінін анық біл. Көктен келетін энергетика, яғни өлеңнің сəулесі – балқытылған алтынға ұқсаса, сен сол алтынды қалыпқа дұрыс құя алатын шебер ұста болуың керек. Да Винчи Мона Лизаны көзін жұмып салған жоқ, Вивальди «Жыл маусымдарын» ыдыс-аяқты сылдырлатып отырып тудырмады".

Сондай-ақ ақын сұхбат барысында балғын оқырмандар үшін «Бала ақын» атанған күндерін еске түсіріп, өлең туралы ойларын бөлісті. 

Ерлан Жүніс 1984 жылдың 7 қарашасында ­Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің әлем тілдері факультетін тәмамдаған. 2001 жылы «Жыр-Перзент» атты тұңғыш жыр жинағы, 2011 жылы «Киелі түндердің дұғасы», 2013 жылы «Хауас», 2015 жылы «Үміт жырлары» атты кітабы жарық көрген. 2001 жылы «Абай оқуларында» бас жүлдені алған. 2006 жылғы халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Әдебиет» аталымы бойынша гран-при және Президент кубогын иеленген. 2012-2013 жылдардағы мемлекеттік стипендияның иегері. 2009 жылы Баянауыл тақырыбында жазған шығармасы үшін «Үздік журналист» Алтын белгісін алған. Жамбыл облыстық «Ақ жол», «Ар-Ай», республикалық «Кентавр» әдеби апталығы, «Қазақ әдебиеті», «Айқын» газеттерінде қызмет еткен. Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты. Бүгінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жанынан құрылған «ТӘЖ» (Тәуелсіздік. Әдебиет. Жастар) әдеби-интеллектуалды клубының жетекшісі қызметін атқарады.

Сурет: adebiportal.kz

Ұқсас жазба:

Ерлан Жүніс: "Ұлы күндей бір сағыныш бар менде"

Н. Айдархан