Massaget.kz тілшісі Шерхан Талап республикалық мүшәйраның Бас жүлдесін жеңіп алды

Massaget.kz тілшісі Шерхан Талап республикалық мүшәйраның Бас жүлдесін жеңіп алды

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Біз жанбасақ лапылдап» атты жас ақындардың республикалық мүшәйрасы мәресіне жетті.

Журналистика факультетінің Т. Қожакеев акт залында өткен кеште өлең бәйгесінің жеңімпаздары анықталды. Мүшәйраға Алматы, Шымкент, Түркістан, Тараз, Павлодар, Семей, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, т.б. қалалардан 40-қа жуық шығарма келіп түскен. 

Жыр додасының басты мақсаты өскелең жас ұрпақтың бойындағы патриотизм ұшқынын жалындатып, ұлтжанды азамат егемен елдің ертеңі екенін сезіндіру, студент кездегі жастық жалынына оранған жігерлі жырларды, тұмса бұлақтай мөлдір өлеңдерді насихаттау, ақындарды ынталандыру болатын.

Мүшәйраға ақындар үш тақырыпта (Қазақ хандығына – 550 жыл, Студенттік өмір, Еркін тақырып) өлеңдерін жолдады.

Қазылар алқасының құрамында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет (төрағасы), Журналистика факультетінің деканы, ақын Сағатбек Медеубек, «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлім, «Қазығұрт» баспасының директоры, ақын Темірғали Көпбаев, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы, ақын Қазыбек Иса, ақын Талапбек Тынысбек болды.

Сонымен, жыр додасының қорытындысы бойынша Бас жүлдені филология факультетінің студенті, Massaget.kz тілшісі Шерхан Талап иеленді. Естеріңізге сала кетейік, былтыр Шерхан Талап XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» («Поэзия») аталымы бойынша  Әбділда Аймақ атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанған еді. Ал бірінші орынды шымкенттік жас ақын Әлімжан Әлішер еншіледі. Екі екінші орын филология факультетінің студенті Нұртас Тұрғанбек пен шымкенттік Мұқағали Кенжетайұлына бұйырды. Жүлделі үшінші орынға филология факультетінің қос бірдей ақыны Әріби-Әрібек Өр Алтай мен Аслан Тілгенов лайық деп танылды.

Сондай-ақ, Нұрболат Жолдасбек, Тұрсынбек Башар, Файзулла Төлеутай, Алпамыс Файзолла, Ерзат Асыл секілді бірнеше жас ақын ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар және қаржылай сыйлықтар табысталды.

Суретте: Шерхан Талап

М. Оңғарова