Қыздар университетінде «Таңжарық оқулары» өтті

Қыздар университетінде «Таңжарық оқулары» өтті

17-18 наурызда Қыздар университетінде Алаш идеясын насихаттаушы, ұлт қайраткері, ақын Таңжарық Жолдыұлының туғанына 112 жыл, Қазақ хандығының 550 жылдық мерей тойына орай жоғарғы оқу орындары студенттерінің қатысуымен қалалық «Халқым, сен шын тіленіп, табынарым» атты ІІ Таңжарық оқулары өтті.

Таңжарық оқуларына елуге тарта студенттер мен магистранттар өтініш білдірген. 17 наурыз күні өткен іріктеу нәтижесінде 15 қатысушы финалға өтті. Байқауға жолдама алғандар қаламыздың жоғарға оқу орындарының студенттері. 

Дәстүрлі Таңжарық оқуларының екінші күні Қыздар университетінің бірінші проректоры Әлиев Баходир Азимджонұлының ашылу сөзімен басталды. 

Байқау шарты бойынша қатысушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқып, өмір тарихынан қойған сұрақтарға жауап берді. Байқауға Қазақ радиосының қызметкері, ақын, журналист Бақыт Жағыпарұлы бастаған бір топ қазылар алқасы төрелік жасады.

Қазылардың шешімі бойынша, Бас жүлдеге қоңыр даусымен, білім-білігімен барша халықтың көңілінен шыққан Үміт Оңласын лайық деп танылды. Бірінші орын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1 курс студенті Салтанат Әнапияға берілді. Екінші орынды Қыздар университетінің студенттері Айжан Мелдебек пен Гүлім Садырбек қанжығасына байлады. Үшінші орын Қыздар университетінің 1 курс студенті Айдана Нұрдан, Сүлеймен Демирел университетінің 3 курс студенті Алтынбек Ибрагимов, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 3 курс студенті Ринат Сарыбалаға берілді.

Сонымен қатар, Қыздар университетінің 1 курс студенттері Қамажай Еркебаева пен Мерейлім Мырзабек Таңжарық ақынның ағалары, замандас достары, қазіргі таңда насихатталуы төмен болып жүрген Досбер Саурықұлы мен Көдек Маралбайұлы атындағы арнайы сыйлықты иеленді. Жүлделі орын алған қатысушыларға ақшалай сыйлық пен ақынның кітабы сыйға берілді.

Байқауды ұйымдастырған - қазақ қыздарының парасат мектебі Қыздар университеті мен «Халықаралық Таңжарық зерттеу» қоғамдық қоры.

Жолдаған: Зүбайра Жаманбайқызы

Сурет: kazmkpu.kz

Ұқсас жазбалар:

Таңжарық ақынның ұрпақтары кім?

Қазақ әдебиетіндегі «түрме шығармашылығы» туралы түсінік

Алматыда қалалық «Таңжарық оқулары» өтеді

Ш. Талап