«Шабыт - 2014». Бас жүлдеге қай ақын лайық?

«Шабыт - 2014». Бас жүлдеге қай ақын лайық?

2014 жылдың 3-8 қараша аралығында Астана қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде ХVІІ Халықаралық «Шабыт - 2014» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» (Поэзия) аталымы бойынша конкурс өтеді. Жас ақындар асыға күткен жыр додасының басталуына санаулы күн қалды.

Байқау жақындаған сайын "бас жүлде кімге бұйырады?" деген сауалдың маңызы арта түсті. Мassaget.kz сайты биылғы "Шабыттың" бас жүлдесіне қай ақын лайық, жүлдегерлер қатарынан көрінуге кімннің мүмкіндігі бар деген сұрақтар төңірегінде сауалнама жүргізді. 

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы:

«Талант алуы керек! Мәселен - Рауан Қабидолдин! Басқа жастардан жүлдеге қайсы лайық дейсің бе? Жамбылдан Табиғат деген бала бар. Сол лайық. Екеу жетеді ғой?» 

 

 

«Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі, жас сыншы Бағашар Тұрсынбайұлы:

«Биылғы "Шабытқа" жүз ақын іріктеуден өтті" дейді. Фейсбукте жиырма бес ақынға жататын орын, ішіп-жеуі қарастырылған деген сөз шықты. Іріктеуден жүз ақынның өтуі мың ақын қатысқандай әсер берді. Менің ойымда жалпы қатысқан ақындардың 25-30-ын ғана іріктеуден өткізу керек еді. Сонда шабылу да, сабылу да аз болатын еді. Жүз ақын іріктеуден өтті дегенше, жүз ақын іріктелмеді деу керек шығар. Қатысып жатқан жүз ақынның көбін танымаймын. 20-30-ның есімімен таныспын. Қатарластарым ретінде өлеңдерін жақсы білетін ақындар бар. Осы додада Бауыржан Игілік, Олжас Қасым, Құндыз Жұбаева, Айжан Табарак сияқты замандастарымның жанкүйерімін. Әрине дода әділ өтсе жанкүйерлік деп айтуға болады мұны. Қазылар алқасы талғамы мен оқырмандардың талғамы көп жағдайда бірдей болып шықпайды ғой. "Шабыт" жақсы дәстүр. Бірақ соның шартын қатал етіп, тек мықтыларға беру керек. "Қол жетпес биіктегі арман" болса деп ойлайсың. Қаржысы да жақсы болса. Сонда сыйлықтың құны өсер еді. Сонда осындай додаларда шын таланттар ашылар еді, жүз ақынға бірдей сәттілік тілесем, ыңғайсыздау ғой. Мықтыларына тілеймін!»

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегеріақын Қалқаман Сарин:

«Мен өз басым сауалнама дегенге қарсымын. Алдын ала сәуегейлік жасап, тон пішудің еш керегі жоқ. "Ой, биыл сен алып тұрсың. Сенен басқа кім лайық?" деген сумақай сөздерді гулетпейік. Бүгін аты аталған жастардың ертең көңілі қалып жатпасын. Былтырғы жылы сондай бір жағдайлар болған. Оны сол жылғы қатысушылар жақсы біледі. Кім алса да қуана білейікші. Жүлде үшін жаға жыртысып, бақталастық танытудың не қажеті бар? Кім алса да – қазақтың қалам ұстаған қыз-жігіті алады. Бір-біріміздің қуанышымызды сәл де болса бөлісе білейікші. Ол жерде арнайы тағайындалған, шынайы өнердің ара-жігін ажырата алатын қазылар алқасы бар. Сол кісілер шешеді. «Шабытқа» келген жастар бір-бірімен пікір алмасып, танысып, мәре-сәре болып қайтса деймін. Бұндай байқаулар жастарды біріктіру үшін қажет. Сосын тағы бір айтарым, «Шабыттан» бұрын орын алған ақындар екінші қайтара қатыспау керек. Бір мәрте лауреат атансаң жетеді ғой. Жыл сайын жырыңды жалаулатып жүгіре берсең сүйкімің кетеді. Одан да өзге ақындарға кезек беру керек».

XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестиваліне қатысушы, жас ақын Айжан Табаракқызы:

«Алла кімге бұйыртса сол алады ғой, өзім жүлдегерлердің қатарынан Жұлдыз Ілебаева (Бейсекова), Ажар Ерболған, Шерхан Талап, Данияр Әлімқұл, Мерген Тоқсанбай, Қуаныш Медеубаевтарды көргім келеді. Олар баяғыдан әдебиетте жүр дегендей... Ал, Гран-приді Кереева Индираға беру керек, былай жасы да кеп қалды... Қазірдің өзінде тауып та , жазып та үлгеріп жатыр. Бәріне еңбегі сіңді. Неге осындай ақындарымызды уақытында бағаламасқа?!» 

ХҮ Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, ақын Салтанат Смағұлова:

«ХVІІ Халықаралық «Шабыт - 2014» шығармашыл жастар фестиваліне 100 ақын іріктеуден өтіпті. Бұл таңқаларлық жәйт емес. Бұрындағы жылдарда да жүзге тарта ақын бақ сынасатын. Биылғы шабыт басқа жылдарда өткізілген шабыттан қазылар алқасы құрамының ауысуымен ерекшеленетін болар? Қанша дегенмен де, жастарға баға беруге орта буын саналатын ақындар келді. Ауыс-түйіс болған жерден жаңалық күтетініміз рас. 
Шабытқа қатысатын жас ақындардың барлығының дерлік шығармашылықтарымен таныспын. Егер, поэзия салтанат құрып, шын мәнінде өлең сайысқа түссе, бас жүлдені – Динара Мәлік алады. Динара жас та болса әдебиетте өз жолын қалыптастырып үлгерген, бірнеше жыр жинақ шығарып, оқырмандарына тарту еткен үлкен ақын. Келесі жүлделі орындарды - Хамит Есаман, Айжан Табаракқызы, Жұлдызай Ысқақ, Нұрлан Исалар иеленулері мүмкін. Өзімнің жерлестерімнен, яғни қарағандылық жас ақындарға Жәлел Шалқар мен Аян Мейрашқа жанкүйермін. 

Жас ақын Манас Қайыртайұлы:

«Жаңа ғасыр басталғалы әдебиет үшін ерекше сілкініс әкелген, серпіліс берген ол - "Шабыт" халықаралық жастар фестивалі. Бізде сөз көп. «Анау алып берді, мынау бір қоңырау жасады» деп. Мейлі, арасында бар шығар. Дей тұрғанмен республика көлеміндегі және шет елден келетін жас ақындардың басын қосып, пікір алыстырып, ақындық сананы жаңа белеске бағыттайды деп ойлаймын бұл дода. "Шабыттың" күні бүгінге дейінгі жүлдегерлерінің ішінде жаманын көрген жоқпыз. Барлығы өлеңіне адал. Ал биылғы "Шабыт" бұрынғыдан өзгерек болып тұр екен. Әділдіктің салмағы ауырлапты дейді. Солай болғаны жақсы. Тізімде талай жүзтаныс, бейтаныс ақындар жүр. Анау алады деп басып айту қиын әрі қате. Уақытында көрген, естіген қызық бәрінен де. Ең асылы бас жүлде алған ақын ғана "Шабыт" әділ өтті" деп айтпаса болғаны..."

Ұқсас жазбалар: 

"Шабыт" фестивалінің әділқазысы сайыс туралы алып-қашпа сөздерге орай пікір білдірді

«Шабыт - 2014» фестиваліне 100 ақын іріктеуден өтті

«Шабыт - 2014» фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» аталымына қатысуға асығыңыздар!

Сурет: adebiportal.kz

Н. Айдархан