"Шабыт" фестивалінің әділқазысы сайыс туралы алып-қашпа сөздерге орай пікір білдірді

"Шабыт" фестивалінің әділқазысы сайыс туралы алып-қашпа сөздерге орай пікір білдірді

2014 жылдың 3-8 қараша аралығында Астана қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде ХVІІ Халықаралық «Шабыт - 2014» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» (Поэзия) аталымы бойынша конкурс өтеді.

Жас ақындар асыға күткен жыр додасының басталуына санаулы күн қалды. Фестивальге қатысатын үміткерлердің шығармалары 2014 жылдың 10 қазанына дейін «Әдебиет порталы» Интернет-жобасында қабылданып, онлайн түрде ашық жарияланды. Аталған халықаралық фестивальге алғашында Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және Қазақстаннан 150 үміткердің шығармалары келіп түскен екен. Ұйымдастырушылар барлық үміткерлерді қайта сүзгіден өткізіп, қатысушылардың санын 100-ге қысқартты

Осы орайда, биылғы байқау туралы толығырақ мәлімет алу мақсатында «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» интернет-жобасының жетекшісі, ХVІІ Халықаралық «Шабыт - 2014» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» (Поэзия) аталымында қазылық ететін белгілі ақын Бауыржан Қарағызұлына хабарласқан едік.

«Биылғы ХVІІ Халықаралық «Шабыт - 2014» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» аталымы (Поэзия) бойынша ерекшелігі – үміткерлердің өлеңдері «Әдебиет порталында» онлайн түрде ашық жариялануында. Бұрын ақындардың өлеңдері ашық түрде жарияланбай, әділқазылар назарына ұсынылатын. Жабық түрде өтетіндіктен, талантты жастар еленбей қалып жататын. Биыл «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» интернет-жобасы Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасымен келісіп, үміткерлердің өлеңдерін ашық түрде халық алдында ұсындық. Оның үстіне биылғы фестивальге қатысатын жастар екі есе көп болды. 150-ден астам ақыннан өтініш түсті. Ішінен қазылар алқасының ақылдасуымен 100 ақынды іріктедік. Тағы бір айта кететін жайт – биыл 25 қатысушы ақынға ғана әкімдіктен қонақүй бөлініп отыр. "Жүлдені осы 25 ақынның біреуі алады" деп айтып жүргендер бар екен. Осы алып-қашпа сөзге нүкте қояйын. Қонақүй берілетін тізімге іліккен 25 қатысушы ақынды жолдың алыстығына қарай ғана іріктеп отырмыз. Басқа ешқандай себеп жоқ. Өйткені бұл 25 ақыннан басқа да Астананың өзінен, басқа қалалардан қатысатын жастарымыз бар. Біздің мұндағы мақсат – талантты, жас ақындардың басын қосып, алыс аймақтағылар Астанаға келіп бір-бірімен араласып, танысып-біліссін деген ниетпен 100 ақынды фестивальге шақырып отырған жайымыз бар. Жүлдегерлер тек конкурсқа келіп қатысқанда ғана белгілі болады», - дейді Бауыржан Қарағызұлы. 

Айта кетейік, үміткер 100 ақынның ішінде Массагет порталының тілшісі, порталымыздағы "Әдебиет" бөлімінің жетекшісі, жас ақын Шерхан Талап та бар. «Алматыдан бір вагон жастар болып жақын күндері жолға шыққалы отырмыз. Әрине, біз ол жаққа жүлде қуып немесе атымызды шығарып қайту үшін бара жатқан жоқпыз. Біздің мақсат өзіміз құралпы жастармен көрісіп-білісіп, пікір алмасып, жақынырақ танысып қайту. Жүлде алу - поэзияның өлшемі емес қой. Бұны бәрі біледі. Бізді алда үлкен мереке күтіп тұр. Бұл - біздің мереке, поэзия тойы!», - дейді Шерхан. 

Халықаралық "Шабыт" фестивалі талай-талай таланттың жолын ашқан абыройлы дода. Massaget.kz фестиваль ұйымдастырушылары мен қатысушыларға сәттілік тілейді! 

Сурет: shabyt.astana.kz, massaget.kz, Бауыржан Қарағызұлының жеке мұрағатынан

М. Оңғарова