Таңдау және өкініш

Таңдау және өкініш

Хайуанаттар патшасы әлемнің түкпір-түкпіріндегі бүкіл жан-жануарларды жинап алып, оларға бәрін үлестіріп болғаннан кейін, аяғының астында жатқан бірдеңені иегімен нұсқап тұрып: «Мен мына бір дүниені сендерге бермекпін, бұл ең соңғысы, егер ұнатсаңдар, арқаларыңа тағып алыңдар, бірақ оны арқаға асқан соң, өмір бойы қайта түсіре алмайсыңдар!» дейді.

Жануарлар дүркіресіп кетеді. Бәрінің де қуаныштары қойындарына сыймай тұр. Бірақ қорқыныштары да жоқ емес. Жерде жатқаны тым көркем де дүние емес, алба-жұлбасы шығып жатыр. Олар іштерінен: «Мұны арқаға асып алсақ, ауыр неме жарты жолда қалдырар, өмір бойы арқаға асып жүрсек, барар жерімізге жете алмай қаламыз-ау түге» деп екіленіп тұрғанда, кішкентай ата құс ішінен:«Жаратушымыз бізді ешқашан алдап, жаман дүние беріп көрген жоқ, бұл жолы да сондай, мен сенімдімін» деп жүгіріп шығып, оны арқасына таңа қояды. Барлық хайуанаттар аңтарылып тұрып қалады. Кішкентай құс ешқандай салмақ сезінбестен, өзінің жерден көтеріліп бара жатқанын білді. Ол ақырын-ақырын ұшуды үйренді. Самғады.

Ал қанатты алуға екіленіп тұрған барлық жануарлар іштерінде күйік оты лаулап, өкініш өртінде қалды.

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: poco.cn

M. Auelkhan