Жаңбыр шақырушы

Жаңбыр шақырушы
Фото: wallsdesk.com

Бір төңіректе төрт айдан бері жауын жаумаған болатын. Егін болса, қурап бара жатыр. Елге ашаршылық қаупі төніп тұр. Осы маңайдағы үш ауылдың тұрғындары соңғы ақшаларын шығарып, арнайы жаңбыр шақырушы, бір кішкентай ғана арық шалды алдыртты. 

Шал баспана ретінде ауыл шетіндегі бір лашықты таңдады және күніне бір рет ыстық тамақ сұрады. Алғашқы екі күнде еш өзгеріс болмады. Жиналған жұрт риза болмастан күңкілдей бастады. Тек үшінші күні барып жаңбыр жауды. Шал өзіне тиісті көп ақшаны алып, кері қайтуға жинала бастады. Көп адам оның жаңбырды қалай жаудырғанын білмек болды. 

Жергілікті тұрғындар жиналып алып, уақыт жіберместен, шалдан жаңбырды қалай шақырғанын сұрай бастады. 

– Әсілі жаңбыр шақыратын арнайы дұға бар болар? Ол атадан балаға мұра болып қалатын шығар?-деді олар. 

– Естерің дұрыс па?-деді шал ашуланып. 

– Мен бе екен осы жауынды шақырған? Мен не, сендерге сиқыршымын ба? Сендер мен қарабетті сондай ұлы табиғи құбылысты шақыра алады деп ойлайсыңдар ма? 

– Сонда сіз не істедіңіз?-деді таңғалған шаруалар. -Енді жаңбырдың жауып тұрғаны рас қой. 

– Ешкім де еш нәрсені өзгерте алмайды, - деді шал, сұқ саусағын жоғары көтеріп. – Бірақ әрбір адам өзін өзгерте алады. Мен сендерге өтірік айтпай-ақ қояйын, осы жолда біраз төбелерге шықтым. Сондай бір тепе-теңдікке жеткен мен осы ауылға келіп, мұнда көп нәрсенің қалыпты жағдайдан ауып кеткенін байқадым. Астық қурауда. Адамдар не істерін білмей сенделуде. Оны өзгертуге менің шамам келмейді. Қолымнан келетіні тек өзімді өзгерту ғана. Сол үшін тепе-теңдікті бұзып, теріс жолға түсіп, осы ауылдың адамдары секілді болуым керек болды. Мен сондай бола білдім. 

– Сосын? Жаңбыр жауды ғой. 

– Сосын мен еңбектеніп, өзімді қайтадан тепе-теңдік жағдайына алып келдім. Мен осы ауылдың адамдарымен бірдей деңгейге төмендеп, қайтадан жақсара бастағанымнан кейін бірте-бірте бәрі өз орнына келді. Енді бұл жерді қопсыту керек болды. Сондықтан жаңбыр жауды. Бірақ ол мен "шақырғаннан" келген жоқ. 

– Егер айтқаныңыздың бәрі соншалықты қарапайым болатын болса, онда неге мына көп ақшаны иемденіп алып бара жатырсыз? Шаруалар осы сізге төлейтін ақша үшін үстеріндегі жалғыз көйлектеріне дейін сатуға мәжбүр болды ғой. 

– Себебі мен кәрі әрі әлсіз шалмын. Тепе-теңдіктен шыққан сәтте менің денсаулығым айналамдағы әлемдей қатты нашарлайды. Өз еркіңмен дұрыс хәлден қисық хәлге түсу оңай емес. Сөйтіп жаңбыр шақырушы шал әңгіменің біткенін сездіртті.

Ж. Жұмағұлов