Ақиқат пен шындықтың айырмасы қандай?

Ақиқат пен шындықтың айырмасы қандай?
Фото: nz4.ru

«Шыныңды айтшы» дейміз... 
«Ақиқаты осы» дейміз... 

Екі сөздің айтылуы мен мағына тұтастығы бір секілді. Себебі ақиқат деген шындық, шындық деген ақиқат емес пе? Өтірік пен жалған секілді екеуі синонимдес ұғым секілді. Бірақ екеуінің көксеген мақсаты мен айтары екі басқа дүние. Бұл қалай? 
Шындық деген не? 

Шындық – әр адамның ішінде болатын, өзімдікі дұрыс деп тапқан, өзгенің пікіріне берілмейтін, кез келген тұлғаның өз шындығы. 
Шындық жалғанға да айналып кете алады. Сөздің айтылуы ғана шындығын сақтап тұрмаса, әрбір адамның шындығы ақиқат бола алмайды. Мәселен сіз өзіңіз көрген дүниені айтып, елдің сендіруге шақырасыз. Ол сіздің көрген шындығыңыз. Ел көрмеген, естімеген. Бірақ сіздің адамдық келбетіңізге қарап олар оны ажыратыды. Немесе «шын» деп сенеді. Ал ол бір күндері жалған дүниеге айналып кетсе де таң қалмаңыз. Себебі сіздің түйген дүниеңіз тағы бір адамның түйсігімен сәйкес келмеуі мүмкін. 

Ақиқат – әр адамның өз шындығы емес, жалпыға ортақ шынайы дүние. Бәрі көрген, естіген, білген, сезінген дүниесі. Мәселен адамның өлетіні және туатыны ақиқат. Ақиқаттың жолы өте ауыр. Ол шындыққа қарағанда үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ғылыми тұрғыда алып қарасақ, шындық – теория, ақиқат – аксиома. Яғни, теория белгілі бір кезеңде өзгеріске ұшырайды. Ал аксиома ешқашан өзгермейтін, жеті рет өлшеніп бір рет кесілген нәрсе. 

Ақиқатқа ұмтылу әркімнің өз шындығын түзеуге әсер етеді. Себебі әрбір адам өз шындығымен әлемді адастырып алуы мүмкін. Сондықтан әрбір істің, сөздің ақиқат екенін аңғару үшін, асығыс шешім жасауға болмайды. Сенім артқан дүниенің күлге ұшуы, үміттің ақталмауы адам баласы үшін үлкен күйзеліс. Қазақ тілінде мағыналас, синонимдес сөздер өте көп. Бірақ бәрінің айтары бір деген дүние емес. Ескеріңіз, бірінің кепешін біріне кигізуге болмайды. Тілге деген құрметті де, оның мағынасына да мән беру маңызды. 

Шындығыңыз алдамасын, ақиқатыңыз анық болсын!  

М. Ақан