Жан көріністерінің ең қымбаты – ой

Жан көріністерінің ең қымбаты – ой
Фото: amur.kz

Ол – сыршыл, лирик. Ол сұлулықты таныды. Ол жастарына сенді. Ол ер түріктің бесігі деп Түркістанды жырына арқау етті. Ол – Мағжан Жұмабайұлы. Бүгінгі жазбамызда назарларыңызға лириктің сыршыл сөздерін ұсынып отырмыз.

Адамның бір атаның баласы екені рас болса, белгілі бір заманның баласы екені де даусыз. 

Адамның шын мағынасымен «Адам» болуы үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбай, жалпы адамзатты сүюі шарт.

Әйел – ердің тәңірісі, жарата да алады, сүйдіре де алады, күйдіре де алады.

Бала тілі дұрыс өркендеуінің бірінші шарты – балаға сөзді бұзып сөйлемеу керек.

Бір ұлттың жерінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түнде тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр. 

Білімнің сөзі – ем,
Мейірімі көп, өзі кең!

Дүниеде теңіз терең емес, әйелдің жаны терең.

Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жорасы. 

Жазушы, ақын деген сөз – ойлаған ойын әдемілеп жарыққа шығара алатын адам деген сөз. Тілі кем болса, адамның қор болғаны. Ойың бола тұрып, айтуға тілің жетпесе, іш қазандай қайнайды да. Қысқасы – адамның толық мағынасы мен адам аталуы тіл арқасында. 

Жан көріністерінің ең қымбаты – ой, ой тілі – сөз.

Жер жүзіндегі адам адамды сүймек. Бұл адамның жаратылысындағы негізі мінез. 

Г. Берік