Өтірік – ұрлықтың бөлтірігі

Өтірік – ұрлықтың бөлтірігі
Фото: wallpapers-diq.com

Өткен жолы әлем халықтарының ақыл-ой, еңбек, тәрбие, адамгершілік турасындағы мақал-мәтелдерімен таныс болған едік. Бүгін адам бойындағы ұнамсыз қасиеттер жайында түрік, тәжік, түрікмен, корей, араб, ауған, парсы, моңғол жұртының аталы сөздерін ұсынамыз.

Екі орындықта отырған еденде қалар. (түрік)

Өтірікші өлген кісіні куәға тартады. (қарақалпақ)

Іші пысқан қатын ісі бардың ісін қалдырар. (түрікмен)

Жәбірлесең мысықты, Піл болғаныңды қайтейін. (тәжік)

Адамды арақ жетелейді сорына,
Кедейлік пен дерт ілесер соңына. (тәжік)

Көрінгенге жылаған көзінен айырылар. (мордва)

Топас қаралы үйде де тойдағыдай даурығар. (мордва)

Ойсызға өсек те шын боп көрінер. (мордва)

Салақ әйелге соқыр күйеу лайық. (лезгин)

Асқақ адам аспанды аяғымен таптасам дер. (лезгин)

Сыпыра мақтаса, сыпырғышты да бай алады. (даргин)

Жиіркенгіштен жұрт та жиіркенеді. (осетин)

Жұртты хош көрмейтінді
Жұрт та дос көрмейді. (араб)

Жылан арбаушының ажалы жыланнан. (ауған)

Сөзуарлық жұрттың алар мазасын,
Тойымсыздық іштің берер жазасын. (ауған)

Қос қатыны бар үйдің қоқысы тізеден келеді. (парсы)

Ойсыз жігіт өз үйіне өзі қонақ. (курд)

Өтірік – ұрлықтың бөлтірігі. (моңғол)

Аларда алақанын тосады,
Берерде желкесін қасып сасады. (моңғол)

Білгенін бүккен данадан, көргенін айтқан бала артық. (моңғол)

Алжыған биші ән салар. (тамил)

Жымыңдаған әйелге, Жылаған еркекке сенбе. (телугу)

Жеңешем білді дегенше, жер жүзі білді десеңші. (орыс)

Арақ шынысынан басқаның бәрін бүлдіреді. (орыс)

Шалқақтаған қыз шашына ақ түскенше отырады. (украин)

Ұрланғанды тыққандар – ұрыдан бетер күнәһар. (грузин)

Сумаңдаған тіл сырқыраған тіске тиеді. (молдаван)

Бас алмай ұйықтаған басқадан бұрын қартаяр. (латыш)

Түні бойы жоқтапты да, Таң атқанда: «өлген кім?»- деп сұрапты. (корей)

@. @assel_assanova