Аслан Қаженовтің ерекше ойлары

Аслан Қаженовтің ерекше ойлары

Әр адам өзінше философ. Әркім өмірді өзінше түсініп, өзінше бағамдайды. Ал Асланның ойлары мүлде өзгеше. Оның ерекше ой-пікірлері кімді болсын бей-жай қалдырмайды. Оқыңыз, ой бөлісіңіз. Мархабат!

*** *** ***

• Баука өмірде баланс бар дейді. Яғни, жердің бір жерінде біреу баланс жоқ деп жатыр.

• Мылқау адамға да тіл байлық керек.

• Дон Жуан Жан-Батист Мольердің кейіпкері ғана.

• Марқабаев фантастика туралы 2 докторлық жаздым деп, фантаст екенін дәлелдеді.

• Бетховен қазақ болса, мүлде танымал болмас еді.

• Барлық жындыларды, қайыршыларды және алқаштарды 18 қараша, яғни, «Бүкіләлемдік философтар күнімен» құттықтаймын.

Театрда нағыз қатын болатын қыздармен танысуға болады.

• Мұғалімге Баука романтизм деген нәрсені ақылмен емес, жүрекпен қабылдау деп түсіндіріп еді, мұғалім сол нәрсені жүрекпен емес, ақылмен қабылдап қойып бал қоймады.

• Шығармаң күлкіге қалмау үшін комедия жанрында жазу керек.

• 1 курста Дәулет менің өлеңдерімді оқып, ақын болғысы келмей кетті. Мен Дәулеттің өлеңдерін оқып ақын болғым келіп кетті.

• Бір адамның тамағы екі адамға жетеді. Екі адамның тамағы бір адамға жетпейді.

• Бір мұғалім айтады:

- Сен олай маған мінезіңді көрсетпе! Сенде бар мінез менде де бар!

- Әй, қайдам.

• Париж қаласында Лондон көшесі бар.

• Бүкіл аудиторияны ең алда тұрған мұғалім мен ең артта отырған студент қана көре алады.

• Кез келген нәрсе жоғаларының алдында бар болады.

• Ақын болу – жоқ аурумен ауыру. Кемінде өмір бойы.

• Гендерлік саясат толық жеңіске жете алады. Ол үшін еркек атаулы болмау керек.

• Мен философия пәніне барғым келмейді. Ол жерде менің философиямнан артық ештеңе айтпайды.

• Адамзат өзінің ойлап таба алмайтын нәрсесін де ойлап тапқан. Оған «ойлап табылмайтын нәрсе»  деп ат қойған.

• Біздің топқа Құқық пәнінен беретін апайдың көзі әдемі. Жай айтқаным ғой.

• Қоқыс жәшігі – сол үйдің тұрмыстық музейі.

• Бір досым маған ылғи қиялисың деп айтады. Өйткені, өзінің қиялсыз екенін айтқысы келмейді.

• Мен өмірімде бір ғана адамды «данышпан» ретінде амалсыз мойындап, солай атадым. Өйткені, оның аты Данышпан болатын.

• Өмірдің қадірін шын түсіну үшін өліп көру керек. Жоқ дегенде бір рет.

• Мен вальс дегенге жыным келеді. Ең керемет жерге келгенде бітіп қала береді.

• Кештерде мүлде билемей тұрған адамдарды қатты сыйлаймын. Себебі, мен солардың бірімін.

• Анекдот – айтып жатқан адамға қарап кез-келген нәрсесіне күле беруге болатын бірден-бір мүмкіндік.

• Басымда екі орай бар деп қуанбау керек. Қыздар біліп қойса, қатынсыз қаласың.

• Ақынға қатын болу – ақын өлгенше азап, ақын өлген соң ғажап.

Жас ақын Аслан Қаженов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Туалеттегі туынды», «Қоқыс жәшігі» жыр жинақтарының авторы.

• «Хэллоуин» күнін адамдар өзідерінің тым қорқынышты еместігін көрсету үшін ойлап тапқан.

• Ең жақсы нәрсе – ақындыққа ғашық болу, ең жаман нәрсе – ақынға ғашық болу.

•  «Қазақ әдебиеті әлем әдебиеті деңгейіне жете ала ма?» деген сұрақтың екі ғана жауабы бар. Иә және жоқ.

• Оңға бұрыла алмасаң, үш рет солға бұрыл.

• Мен студент ретінде үнемі үш нәрсені ойлаймын: біріншісі - ұйқы, екіншісі – тамақ, үшіншісі – тамақ.

• Адамдардың ақшаға деген құнығушылығын тоқтатып, материалистік ашкөз көзқарастарын жойғым келеді. Бірақ оған да ақша керек.

• Адамзаттың мені таңқалдыратын ештеңесі жоқ екеніне таңқаламын.

• Адамдар қызық. Өздеріне өздері сұрақ қояды, өздеріне өздері жауап береді.

• Жұмыс – адамдардың іші пыспау үшін ойлап табылған ермек.

• Наушник (қазақшасын білмеймін) әуен тыңдығысы келгеннің қасындағы адамдардың мазасын алмау үшін ойлап табылған. Олардың жүйкесін жегідей жеу үшін.

• Ең бастысы – ең бастысы.

• Көзі қисық (қыли) адамдар – ең бақыттылар. Өмірді түзу көре алады.

• Қазақпын десең, өзіңе тиеді, өзбекпін десең, өзгелер тиіседі...

• Ұйқым келгенде тамақ ішкім келмейді. Себебі, тамақ ішпесем ұйқым келмейді.

• Айнаға қараймын, бірақ өзімді көремін.

• Нағыз философтар жындыханада.

• Біз бір тәулікте 24 сағат қана өмір сүреміз деп ойлаймыз.

• Ең тәтті жеміс-жидек сатушы ең шірігендерін ғана жейді.

• Емтихан – студенттер 100 пайыз қатысатын бірден-бір сабақ.

• Болатын нәрсе болады. Одан артық та болмайды, кем де болмайды.

• "Демократия жоқ!" дегеннің өзі демократия бар деген сөз.

• Театр ғана - нағыз театр.

• Мифке мифтік тұрғыдан қарау арқылы миф ретінде қабылдаймыз.

• Жастар бұзылмайды. Қарттарға ақыл кіреді.

• Әділдік жоқ өмірде әділетсіз боп көріну өте қиын.

• Тәуелсіз БАҚ-тың өзі тәуелсіздікке тәуелді.

• Адамды өлгенде орайтын ақ матада қалта жоқ.

• Қыздар қыздардың рөлін шебер ойнайды.

• Өз суретінен өзін таныған адам-ең ақымақ адам.

• Носкиім жыртылмау үшін жыртық носки киемін.

• Аяқ киімнің ең лас жері - табаны. Бірақ біз үстін ғана тазалай береміз.

• Барлығы тамақ ішпесе, өлетінін біледі. Бірақ, тамақ ішеді.

• 8 наурыздағы мейрамды гүл сатушылар ойлап тапқан.

• Ерекше адамдарды қалған адамдар не жынды, не ұлы деп қабылдайды.

• Ең ұсақ деген сөздің өзі 6 әріптен тұрады.

• Бір күн күн шықпай қойса екен. Адамдар ойланар еді.

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: angarsk.bezformata.ru, yvision.kz

Ш. Талап