Екінші әлем және "Терезе"

Екінші әлем және "Терезе"

Екінші әлем

Жаңбыр құйып тұрған күндердің бірінде ұстазы мен шәкірті жолға шығыпты. Олар аз жүрген соң, жаңбыр басылып, күн ашылып кетіпті. Олардың аяқ киімдері лайға батып, жол жүру мүмкін болмай қалған кезде, шәкірті батпаққа арналған аяқ киімін ауыстырыпты да, ұстазына: «Жолға шығарда сіз не үшін ауыстырмадыңыз?» деп сұрайды. Ұстазы иегін көтере көкжиекке бір қарап алып, бұл жолдан шығып басқа жолға түседі де: «Аяқ киім ауыстырған жол ауыстырғанға қалай жетсін!» деп жүре береді. Көп өтпей жер дегдіп, шәкірттерінің қайта әуелгі «аяқ киім ауыстыру» әуресіне тура келеді.

«Жол ауыстыру» әрине, «аяқ киім ауыстыруға» қарағанда, жеңіл. Әдетте, адам баласы белгілі бір қиыншылықтарға жолыққанда, мүмкін болмай қалған істерге тап болғанда, өз айналасын өзгертуге талпынып, оған қарымы жетпей жатады. Бұл жерде «жол ауыстырудың» жеңіл болатыны сияқты, қоршаған ортаны емес, өз таным-түсінігімізді өзгерту сол қиындықтарды шешудің жақсы жолы сияқтана береді. Ішкі қиналыстан, торығыстан, сол арпалыстардан кейінгі жүректегі «іздер» де адам баласы үшін оңайға соқпайды. Сондықтан, сыртқы әлемнің талабына сай ойлау формасын бейімдеу тартымды, ақылға қонымды шығар жол болар еді.

Терезе

Аурухананың тар бөлмесіне екі төсек орын қойылған. Бұл бөлмеге осы емханадағы «есептен шығарылған», яғни ем қонбаған ауру кісілер жататын. Бөлменің тарлығына қарамастан, онда биіктеу орналасқан тым үлкен де емес бір ғана терезе бар еді. Ауру меңдеткен екі кісі екі төсекке орналастырылған. Оның біріне ғана күндіз бір сағат уақыт терезе алдына отырып, сыртқа қарауға рұқсат берген. Ал келесі бірі қозғалмай жатуы керек.

Күнде түскі үзілістен бұрын медбикелер терезе алдына отыратын кісіні түрегелтіп, терезе жақтауына сүйеп отырғызып кетеді. Асқа кетерге дейін бір сағат уақытта бұл кісі осы жерде қозғалмай отыруы керек. Оларды кісі баласына, жан пендесіне жүздестірмейді. Терезе алдында отырған кісі келесі бір төсектегі ауру адамға терезе сыртындағы көріністерді әңгімелеп беретін еді. «Терезе сыртындағы әлем өте көркем, - деп бастайтын ол әңгімесін, - Саябақ ортасындағы көлде бірнеше аққу жүзіп жүр. Балалар мақта балмұздағын жеп мәз-мәйрам. Кішкентай қайық ақырын жүзіп, баяу алыстап барады. Қол ұстасқан екі ғашық бір-біріне еркелей серуендеп жүр, гүлдер жайқалып, көбелектер ұшып-қонып жүр. Жүргіншілер отыратын орындықтың алдында шашқан жемге үймелеп көптеген кептерлер де көрінеді. Жасыл жапырақ арасынан төгілген сәуле де жылу іздеген анау қарттарға ұстатпай жүргендей. Әне, одан әрі қарай көк аспан жалғасады. Түпсіз көк аспан...».

Төсекте жатқан кісі оның ләззатынан шексіз бақыт табатын. Көз алдына керемет көріністер елестеп. Көзі нұрға толып жатыр. Оның көз алдына тіпті бір кішкентай баланың суға құлап кете жаздағаны мен қолаң шашы төгілген ару қыздың саябақтағы мұңға толы жанары да елестеді. Сөйлеп отырған кісінің әрбір сөзі оның қиялын шексіз алысқа алып ұша жөнелетін.

Бір күні түстен кейін төсекте жатқан кісі ішінен: «Не үшін терезенің алдындағы барлық көркем дүниені ол көруі керек, мен неге көрмеймін?! Мені ондай құқықтан айыратын кімнің қақысы бар?!» деп ойлады. Осы сезімі оны қатты қинады. Орын ауыстырғысы келді. Ол осы ойға әбден бекіп алды. Келесі таңның атысын сарғая күтіп жатты. Келесі төсектегі кісі сол баяғы сергек күйінде, тар бөлменің бір бұрышына көз алмай қарап жатыр. Кенет оның тыныс алуы қиындап кеткен сияқты. Медбикелер келді. Оның шұғыл құтқару бөліміне алып кетті. Бірақ төсекте жатқан бұл кісі оған ешқандай да жанашырлық танытқан жоқ. Оның осы беті келмей қалуын да тілеп жатқан сияқты. Кеш бата оның көз жұмғаны жайлы естіді. Екінші күні тым сергек оянды. Өйткені, терезе сыртындағы әлем енді өз еншісінде ғой. Есік алдынан өлікті сүйреп бара жатқан арбаның дауысы да естіліп қалды.

Аз ғана уақыт өткен соң, ол өзін терезе алдына қарай апаруын өтінді. Медбикелер оның тілегін орындады. Ол әбден жайғасып болған соң, өте бір рахат, жайлы сезімде мойнын созып, қолымен өзін терезе жақтауына қарай демеп сыртқы әлемге көз жіберді...

Ол қарап отыр... Бірақ сырттан, терезе алдынан аралығы екі-үш метр аралық көлемінде ғана болатын биік дуалдың ақсұр қабырғасы ғана көрінеді екен.

Өткен күндер де, келер күндер де бәрі өтеді, әрі өту үстінде. Тағдыр өз қолыңда!

Автор: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: nipic.com

M. Auelkhan