Оқи отырыңыз

Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың.

Автор: Бауыржан Момышұлы

— Редактор бағаны —

Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында
Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Бас бет / Лайфстайл / Әдебиет / Сын / Жарасқанға жастардан бір сөз

Жарасқанға жастардан бір сөз

Жарасқанға жастардан бір сөз

Уақыт-ағзамның бір құдіреті – өмі­рің­нің өтіп кеткен жықпылдарындағы тәтті кезеңді бір ғана нәрсемен қайта басың­нан кешіргендей ойыңа салуы. Бір сөз, бір қимыл мәңгі есіңде қалып қойып, ой­да-жоқта сап ете түсіп, тура сол сәттегі се­зім өне-бойыңды қайта шарпып өт­кен­де, Жаппар Иенің құдіретіне таңғал­мас­­қа шараң болмайды. Бұл сезім әр адам­­ның басында болады деп ойлаймыз. 
Уақытты бейнелеуге келгенде, «сынаптай сырғыған, байлауға көнбейтін уақыт, бастан бұлбұлдай ұшқан дәурен», болмаса, «зымырандай зулаған заман-ай» деп толғанып жататынымыздың бір се­бебі, жастық дәуреніңнің қалай өткенін бай­қа­май қалатыныңда болар. Сол қазір ақыл тың­дауға уақыттары жоқ, бұл күнде­рі қалай өтіп жат­қандығын пайымдай қоймаған жастардың кітап сөресіне көз жүгірте қалсаңыз, үшемдей бірінен-бірі айнымаған қара кітаптар көзіңізге ілінер еді. «Көңіл көкпары», «Сана соқпағы», «Па­рыз. Парасат. Пайым». Бұл үшем – студент­тер­дің құпия сырларына қанық, кәнігі достары. Әр бетінде өткен күндерінің ес­телігі, айтқан сырлары, ғашық­тықтан там­ған жастарының тамшысы бар. Оқуын бі­тір­гендер үшеуін парақтай қалса, Тө­ле­гендей махаббаттан кешкен «қасі­рет­тері» көз алдыларына келіп, сезімдері кеу­делерінде көшіп, көңілде­ріндегі көп ди­дарымен сырғып жатар еді.
Бұл үшемнің авторы – Әбдіраштың Жа­расқаны. Зейнолла Қабдолов, Тұман­бай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлі, Әбіш Кекілбаев, Бақытжан Майтанов сияқ­ты қазақ әдебиетінің бір-бір қабыр­ға­лары жылы қабақ танытып, пікір айтқан адам қайдан нашар бола қойсын. Жа­расқанның ерекшелігі – қазақтың сөздік қорын кеңінен пайдаланып, қордың молая түсуіне де аз үлес қоспа­ғандығы. Бұ­­рын жәй ғана өлең, аударма деп ай­та­тын­дар, енді төлтума мен телтума деп қол­данатын болды. Біз кіріспе деп жүр­генімізді, Жарасқан кірісу дейді. Осындай өле­ңі де бар. 
«Кіріспе» демей
«Кірісу» қойдым жыр атын.
Кірісу менің –
міндетім,
хақым,
мұратым!
Өмірде мынау бәріне,
бәрі,
бәріне,
кірісу керек,
кірісу керек шын ақын!». 
Өзінің «міндеті, хақы, мұратына» жетуі жолында Жарасқан оқырманын, әдебиет сүйер қауымын тамсандырды, таластырды. Олай дейтініміз, Жарасқанның шы­ғармашылық кеңістігіне таң­ғалып сөй­леген үлкен ағаларды көрдік, кітабын жа­та-жастана оқып жүрген жастардың ара­сында өстік. Егер де университетке ба­рсаңыз, филология факультетінің сту­денттерінің кезекпен, болмаса, бірінен бірі ұрлап оқитын кітаптардың ішінен Жа­расқанның кітабын да көрер едіңіз. 
Студенттік шақтың естен мәңгі кет­пей­­тін, өз қуанышы, өз қайғысы бар бө­лек әлем екеніне ай аунап, жыл жылжыған сайын жас та, жасамыс та сезінетіні анық. Студент атаулының Жарасқанды құ­лай оқитындарының себебі, ақын лири­касы. Олар кітапты қолдарына алғанда, ал­дымен «Менің музам» деген бөлімді аша­ды. Өйткені, әрбір студенттің, тағы өзі ақын-жазушы боламын деп жүр­ген жас­тардың өздерінің бір-бір музасы болмай ма? Соларға асыққандай жігіттер де:
«Тыңда менің жүрегімді, ақылдым,
Жүрегімнің садағасы сөз деген...
Мен өмірге бір-ақ келген ақынмын,
Неге мені теңейсің сен өзгемен?!
Бұл сырымды қашан сенен бүгіппін,
Біле-білсең біреуге ұқсап жүру сын.
Мен өмірге бір-ақ келген жігітпін,
Сен өмірге бір-ақ келген сұлусың!», –
деп зырылдата жөнеледі. Биік рух, асқақ сезім. Осы өлеңді оқи отырып, өздерінің сырттай таңдап алған, бірақ айтуға дәл осындай батылдығы жетпей жүрген, өз музаларына ұрланып қарап қойып, өлең жолдары ғашық жүрегін қақырата сөгіп шығып жатқандай мең-зең күй кешеді. Аудиторияны әлдеқандай ауыр сезім билеп, айналадағы жұрт­тың бәрі жігіттің мұңын мұңдап, болысатындай әсер бе­реді. Ға­шықтықтың зардабын шегіп жүр­ген­де, Жарас­қандай достың табылғаны олар­ға қабағат қуаныш. Қанша айта алмай жүрген сөз­­деріне, сезімдеріне кезі­гіп, қиялға батып, ас­қан бір сұлулықтың әле­мінде жүреді. Ол – поэзия әлемі. Ол – Жарасқан мен жастарға ортақ әлем. «Өзіңнің ақын, я ақын еместігіңді білу үшін жастар­ға қара. Егер олар сенің жаз­ғандарыңды оқып жүр­се, ақынсың» деген мазмұндағы Ертай Ашық­баев­тың сөзін Жа­расқанның жырлары растай түседі. Дәлізде тұрса да, далада жүрсе де ретін та­уып, Жарас­қанның өлеңін оқып қалуға тырысатын жастар. Жалпы, студент қауым кез келген нәрсенің ыңғайын тапқыш. Са­баққа келмей қалу­дың реті, ұйықтап қалудың жөні сабақ үстінде де өз ретімен жүріп жатады. Кей сабақтарда тақы­рып­тан ауытқып, еркелеткен ұстаздардың алдында еркінси түсіп, өлең оқудың да ретін табады. Бұндай мүмкіндікті махаббаттан өртеніп жүрген бейбақтар қалай жіберіп алмақ. Біреулері өз­де­рінің өлең­дерін оқып жатқанда, енді бірі көңіліндегі арманын Жарасқан арқылы жеткізеді.
«Жолықтым саған,
(оңымнан самал ескенді!)
Қорықтым содан –
Биіктеу екен мәртебең!..
Ұмыттым бәрін,
Ұмыттым шулы кештерді,
Ұмытылды мына жарты әлем...». 
Аудиторияға тура қарап айтып тұр­ға­нындай болғанымен, бой бермей сұлуына қарай ауып кете беретін жанары мен қы­зарақтаған беті ғашық жандарды сатып жібереді. Екі беті оттай жанып, малмандай терге түсіп, басы айналып, орнына әрең жетеді. Қыздар ду қол шапалақ соғып, ара­сын­дағы қылжақпас достары «өлті­р­дің, айтып тастадың ғой» деп қағытады. Өзі де тері басылғанда, «Сездің бе сезі­мім­ді? Саған айтқан сырымды есті­дің бе?» дегендей жалынышты жүзбен «музасына» көз тастар еді. Ал сұлу арулар «Түк те естімедік, сез­бедік» дегендей, ас­қақ қалпы, тым болмаса жігіт­тің пақыр көңі­ліне үміт сәулесін сездірмейді. Кей­де жігіттің ғашық екенін біліп қалса, ер ба­ла­ның жанын аямай қызғаныштың қызыл итіне талата түсер еді. Қыздар жігіттердің осыншама азап­­қа салынатынын білмейді-ау осы. Әйтпесе, жігіт те адам ғой. Аяр еді. Сол кезде ол тағы бір ың­ғайын келтіріп, Ж­а­расқанның мына өлеңін оқушы еді.
«Мұнша неткен ашық едің, таныстарың көп пе еді,
Бәрі сенің жақының ба, досың ба сөз аттамас?
Эх, жаныңнан сол бір жігіт неге ұзақ кетпеді.
Сеніменен көңілдес пе – меніменен бақталас?
Саған әзіл айтқанында тұрды екен ол нені ойлап,
Сені әбден мәз қылды ма, менен маза кетірді.
Сенің нәзік саусағыңды тартқыласа ол ойнап –
Мына менің жүрегімді жұлқып жатқан секілді!..». Осы өлеңді оқығаннан кейін ар­ман-қыздар өздеріне ғана тән ұяңдық­пен қызарақтап, бастарын төмен са­лып, үндемей қалады. Арасында біреулері «Тағы бір өлең оқышы» дегенде, сұлуының беті бері қарағанын, не ана бір жігітпен көңіл жарастырғанын шынымен білмей, өкпелеген түр танытып:
«Сол бір досты енді менен де гөрі жақын қыл,
Мөлдір кештерді еске алып, бұзба ойыңды...
Жатақханаға жетектеп апаратын кіл
Жолыма нүкте қойылды!», – 
деп дүниеден баз кешіп кетер еді. Ғашық жігіттердің осы­лай батыл сөйлеуіне Жарасқан поэ­зиясының көп көмегі тиді. Оның өлеңдері айлы түнде айтатын әнге, түнімен ұйық­та­май шертетін сырға айналды. 
«О, махаббат, сегіз әріп бір арман,
Сол бір арман қырық қыздан құралған.
Мұңды жырсың тебіренсем, толғасам,
Бір қыз болып жолығасың сен қашан» –
деген шумағын эпиграф қып алып, іште­ріндегі ақындары да таңға өлең жазып шы­ғады. Егер жас буынның жазған өлең­дерінде нәзік сезім, лирика болса, ол да Жарасқанның көрсеткен жолы, өнегесі-тұғын. Қадыр Мырза-Әлі: «Жарасқанның қаламгерлік жауапкершілікті бірден сезінгендігі сондай, бүкіл шығарма­лары­нан халтура іздеп табу, жалпы мүмкін емес» деп баға беріпті. Жастарға жа­қын­дығы да сондықтан болар. Арасында соз­ған қолдары армандарына жетіп жат­қан жігіттер:
«Қайда жүрдің
Қадіріңді арттырайын 
дедің бе? 
Қайда жүрдің 
Азабыңды тарттырайын 
дедің бе? 
Өзегімді өрт 
қылайын дедің бе?», – 
деп назды сұлу­­ларын еркелетуді де ұмыт қалдыр­май­ды.
Жарасқанның жастармен біте қай­насып кеткені соншалықты, әр жиында, әр тойда өлең­де­рін оқып, әзілдерін жары­са айтады. Ақын­ның өлеңдерінің ізімен әзіл­г­е де жол береді. Бұған Әбді­раш­тың ұлының эпиграммалары да аз әсер етпесе керек. Жатақхана бірде тиіп, бірде ти­мей, сарсаңға салғанда, ызасы әбден өтіп, жоғарыдағы шумақтардың бір-еке­уін былай өзгертіп мұңдарын да шаға­ды.
«О, общяга, тоғыз әріп, бір арман,
Сол бір арман коменданттардан құралған.
Мың бөлмесің тебіренсем, толғасам,
Бір бөлме боп жолығасың сен қашан...
...Жатақхана демей, общяга қойдым 
жыр атын,
Общяга алу міндетім, хақым, мұратым.
Ақша да емес, киім де емес бірінші
Общяга керек, общяга керек тұратын!». 
Жарасқан – лирик, аудармашы, бала­лар ақыны, сатирик, сыншы. «Парыз. Па­­ра­сат. Пайым» кітабы – әдеби сынға қос­қан сүбелі үлесі. «Со­ғыстан соң туған­дар» деп өз буынына айдар таққан ақын қай жанрда да жарқырап көрінді. Пушкиннің «Я помню чудное мгновениесін» қазақ поэзиясына бояуын сақтап аудар­ған­дардың бірі де осы – Жарасқан.
«Ғажайып сол сәт әлі есте,
Ғайыптан көзге таңылдың.
Өткінші сиқыр елестей,
Өзіндей мінсіз Тәңірдің.
Үмітсіз мұңға сүйеніп,
Кешсем де бастан күй түрлі,
Түсіме жүрдің жиі еніп,
Естіліп даусың сүйкімді...», – 
деп кете бе­реді. Әбдіраштың Жарасқаны жиырма екі елдің елуден астам ақынын қазақ тілін­де сөйлеткен. 
Мұқабасының сыры кетіп, аппақ айдындай парақтары жастардың қолымен кірлеген сәулелі кітаптар нұрын шашуын тоқтатқан емес. Жарас­қанның өлеңдері талай өлеңсүйерлердің «сана соқпағымен» өтеді. Ақынның жырларына тағы бір құ­лақ салайықшы:
«Кім едік? Кім болдық біз? Халық таныр!
Әйтеуір ұмтылғанбыз жарыққа бір!
Марқұмбыз бәріміз де болашақта,
Жер деген адамзатқа алып қабір».
Ағаларымыз «Жарасқан одақтың сах­насында саңқылдаған даусымен «Ақ бұ­лақ­тар» деген өлеңін оқып тұратын» дей­ді. Өзін көрмесе де, студенттік күн­де­рін көңілді, әсерлі өткеруіне, әрі сол «азап­ты» күндер мен мазасыз түндерде аман жүруіне кө­мек­тесіп, серігіне айнал­ған Жарасқанның саң­қылдаған даусы құлағына, сахнадағы тұрысы жас ақын­ның көз алдына келетін шығар. «Алып қа­біріне» аттанғанына он екі жыл болған ақын алпыс бес жасында одақтың сахнасында қияқ мұртты келбетімен шашы жел­кесіне түсіп, саңқылдап өлең оқып тұ­рар ма еді, шіркін!..
«Ақ бұлақтар!
Алқынған Ақ бұлақтар!
Қазір – Көктем, алдың – 
Жаз, шапқылап қал!
Тұнығыңды асыға тұр күтіп бақ,
Көкірегін бір сезім – гүл қытықтап.
Қылығыңды сағынып ақын біткен,
Саған деген бір табан жақындықпен. 
Күміс сыңғыр күлкіңді жырға қосып,
Жүр сонау бір құлпырған қырда тосып!..».

Бағашар Тұрсынбайұлы

Сурет: мұрағаттан

2660 2
Рейтинг: +3

Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Қосылған күні: 11 наурыз 2013, 18:01
Пікірлер
+0
14 наурыз 2013, 05:01

"Жарасқанға жастардан бір сөз". Бағашарға менен үлкен рахмет!!!

+0
28 сәуір 2013, 17:25

Бәке жарадың

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Ең қызықты блогтар

Күңк-күңк күбір...
Күңк-күңк күбір...

Шу-шу десек Ду-ду өсек

Аралас экономиканың қазақстандық  моделі
Аралас экономиканың қазақстандық моделі

Аралас экономика әр түрлі меншік нысандарына, олардың өзара қарым-қатынасы мен...

Қарымта қайтаратын сәт келді деді ме екен...
Қарымта қайтаратын сәт келді деді ме екен...

«Үрбибімізді» «Дерзкая» десе, Бек Нұрдың «Мені ұмыт» әнін «Предала» деп...


Соңғы аудармалар

EXO - Lucky One [kaz_sub]
EXO - Lucky One [kaz_sub]

Оңтүстік кореялық әйгілі бойз-бэнд EXO тобы бүгінде дәурені жүріп, дүркіреп тұрған топ болып отыр. Жігіттер тобы тек Оңтүстік Кореяда ғана емес, Азияда танымал. Қазақстанда да EXO тобының жанкүйерлері жетерлік. Басында он екі қатысушыдан құралғанымен, бүгінде топта он өнерпаз өнер көрсетеді. Әр қатысушы жан-жақты, талантты. Біз бұған дейін аталған топтың бірнеше бейнебаянын қазақшаға аударған едік. Назарларыңызға топтың "Lucky One" туындысын қазақша субтитрмен ұсынамыз. Аударған: Жарылқасын Мырза Тайминг,...

IU - The shower [kaz_sub]
IU - The shower [kaz_sub]

Ли Чжи Ын – оңтүстік кореялық 23 жасар әнші қыз. Оның сахналық есімі «I and You» (мен және сен) әуен арқылы бір бүтін бола аламыз дегенді білдіреді....

Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]
Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]

Ел: Оңтүстік Корея  Жанр: романтика, медицина, драма, комедия, боевик  Жыл: 2016  Режиссер: Ли Ын Бок Басты рөлдерде: Чжин Гу, Сон Хе Ге, Сон Джун...