Оқи отырыңыз

Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың.

Автор: Бауыржан Момышұлы

— Редактор бағаны —

Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында
Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Бас бет / Лайфстайл / Әдебиет / Сын / Шолпы-жырдың сыңғыры

Шолпы-жырдың сыңғыры

Шолпы-жырдың сыңғыры

Орыс әдебиетінің алтын ғасырында жырға арқау болған талай ару табылса да, өзі жыр жазған ару кездесе қоймапты. Бір шоқ гүл бағы тек XX ғасырдың басында бой көрсете бастаған. Қазақ сөз өнерінің тарихында мықты ақын қыздардың өлең тарихы да бірер айтыспен шектелгенге ұқсайды. 

Әйел затының о баста жаны нәзік жаратыл­ғанын білсек те, соларға ауыр жүкті артып қоя­ты­нымыз несі екен? Әдебиеттің де сіз бен біз бай­қамайтұғын зілмауырлығын әйелдер сезіп, әйелдер ғана көтере алатындай. Тарих сахнасында бірен-саран атқа мініп жау қайтарған, топқа шығып дау қайтарған аналар болмаса, мұндай жаппай тенденция алмаған болатын. Сонау грек даласындағы Сапфоның кезінде де әйел заты қазіргідей рөлге ие болмаған шығар. Қазақтың қыздары Қарашаш пен Данагүлдей сұңғыла болғандарымен, шаңырақтың ұйытқысы болып, отағасының тілеуін тілеумен үй күзетіп, қартай­ғандарында Айғаным мен Зере сияқты ауылға мейман келсе, бірінші келіп түсетін кейуаналарға айналатын. Бірақ жиырмасыншы ғасырдың ба­сын­дағы көтерілген әйел теңдігі қазақ қыздарына мүлде басқа сипат берді.

Алпысыншы жылдарда қазақ әдебиеті биік белеске шықса, сөзсіз  соған ақын апаларымыздың өзіндік үлесі болды. Енді сол Марфуға, Фариза, Қанипа, Күләш, Ақұштап апаларымыздың кең арналы сөз дестелерін жалғастырып, өз шамаларынша кестелеп келе жатқан сіңлілері болып бірқатар маңдайларын жел иіскеген, арқаларында бұрымдары ойнап, шолпылары күміс жырмен сыңғырлаған ақын арулар қосылып жатыр. Бір-бір бұлақ өзенге айналып, әдебиет атты шалқар теңізге үздіксіз құйылуда. Теңізіміз сарқылмайды екен. Биыл тағы да «Жас толқын» сериясымен өздерінің алғашқы жинақтарын оқырмандарға ұсынып, Мағиза Құнапияқызы «Ай жүзіне көп қарап...», Мақпал Мыса «Мен керекпін» деп, Алтыншапақ Хаутай «Қаламынан сағынышын сырғанатып...» көшке қосылды.

Ақынның соры – азулығынан.

Қабірім дағы қазулы жырдан.

Жырымды ұғынсаң, сырымды да оқы

Жанарларыма жазулы тұрған, –

деп, өзінің алабөтен мінезін танытқан Алтын­ша­пақ­тың  жырлары күн сәулесіндей қалтарыстардың бірін қалдырмай бойыңды билей жөнеледі. Алтыншапақ Хаутайдың өлеңдеріне нәзіктік тән. Қыз баласының қабағыңды шытсаң, шытынап кететіндей аса сезімтал жырлары – балаң мінезді болғанымен өжет. Балаң  дейтініміз жасы жиырма бестен аспаған ақын қыздың өлеңдерінің тақырыбы да жалпыадамзаттық ауқымға серпіле қоймайды. Бірақ адам баласына тән бар мінезді алдыңа ашып салады.

Құшағын ашар тағдырым

Бір сая тапсам сезімнен.

Азаматтардың барлығын

Өзіңдей көрген едім мен, –

деген шумақта алғашқы махаббаттарын қиял­да­рында елестеткен әр бойжеткеннің психологиясы тұрған жоқ па?!

Сен мені қабылдағайсың...

Сексен алтының селт еттім дауыл жасына

Сезім серпіліп, ұмтылған бауырласыма

Сағыныштарым әлі де қауыз ашуда

Себебі неде, сыр бүккен тауыңда, сірә! –

деген, Қобданың жағасынан ата қонысқа әлдилеп әкелген ақын жүрегінің Төлегенше айтқанда, «жердегі барлық арбалар,вагондар, платформалар» жабылып сүйрей алмайтын сағынышын түсіне аламыз ба екен? Осы шумақтағы сағыныш пен асқақ арманды сезінгенімізбен ақынның селт еткен сексен алтысының «дауыл жасына» күмәндана қарадық. Өлеңдегі басты принцип­тердің бірі образдылық дегенімізбен, «дауыл жас» деген эпитетті осыған дейін кездестірмеген едік. Кездестіре де алмаймыз. Себебі, жас дауыл болуы мүмкін емес. Ашуды дауыл, екпінді дауыл десек те, заман келбетінен домалап түскен сексен алтының қайғылы жасы дауылға емес, төбеңді тесердей төккен жауынға ұқсайтын еді. «Жымиям ішінде табыттың» деген өлеңіндегі:

Мың түнек аспанға атылған

Кеміріп кеуденің жегісі.

Көкейге тарыдай шашылған

Бейшара ойлардың жемісі, –

деген шумағын оқып қуанып қалдық. Көңіліндегі ой орамдарынан адасып қалуын шашылған та­рыға теңегенін жақсы санағанымызбен, Төлеген Айбергеновтің мына шумағы санамыздан кетпей қойды.

Қайтейін жаным аңсады,

Сабыр да керек десек те.

Сағынған көздің моншағы

Шашылып жатыр төсекте.

Алтыншапақтың өлеңі қанша әдемі, айтары басқа болғанымен айту құралы Төлегеннің өлеңі­нің тоны теріс айналған түрі емес пе? Өлеңінің тақырыбы да көңілге қонымсыз. Жалған. Табытта жатсын, қабірде жатсын жарық әлеммен болма­ғандай жоғалған адамның да, рухының да «жымимайтыны» белгілі. Осындай жалған ойлар, шегінен асқан пафостар ақындардың көбін жасандылыққа ұрындырып, жолдарынан адастырады.

«...Бояуы бұлдыр баянсыз өмір, Сонда да сені сүйем мен...», «... Имеймін басымды күйкілеу ғұ­мырға» деп, сонша егіліп жырлайтындай өрімдей ақын қыздың тағдырында не болды екен деп алаңдайтынымыз бар. «Жиырмаға толмаған жастардың өлім туралы жырлайтындарынан қор­қам», – деген еді Ақұштап апамыз. Мен де қорқа бастадым. Ақұштап Бақтыгереева сонау балалық шақ туралы өлеңдерінің өзінде “екі жарты – бір бүтін” жарастықтың қыр-сырларын жырлаған еді. “Ертең келіншек алып берем” деп, еркекшора ғып өсіріп, кейін қос бұрымы төгілген қыз болып шық­қаны үшін әкесі кешірім сұрайтын өлеңінен басталатын қыз сырының нәзік өрмегі бүкіл шығар­машылық жолының негізгі арқауына айналған осы апамыздың:

«Ерге – жар, балаға – ана болмай ма қыз,

Қыз жоқта қызық жоғын ойланбаймыз...»,

«...Жарын сүйе білмейтін жасықтардың,

Елін сүйетіндігіне күмәндімін», –

деген жолдарынан ақын қыздарымыз үлгі алып, әйел болу бақытын зәу биікке шығарып салған Ақұштап апаларына тартса, оқырман­дары­ның назарынан тыс қала қоймас.

Түпсіз қиял жанымды шаршаттырған,

Сені маған бір сезім аңсаттырған.

Ән әуенін естісем сен деп қалам,

Көкжиектен сағынып ән сап тұрған, –

деген Мағиза Құнапияқызының өлеңдері иірімді. Бұған дейін есімі таңсық әпкеміздің жыр кітабын күмәндана қолымызға алғанымыз рас. «Күтеді үйің» деген өлеңінде отағасын күтіп отырған шаңырақтың тек сыртқы келбетін ғана емес, ішкі шыбынның ызыңы ғана естілетін меңіреу күйді де дәл жеткізеді. Әке үйде болма­ған­да, не ас батпай аналарының қабағына қарап, бұ­рышта үрпиісіп отырған бүлдіршіндер көз алдыңа келеді.

Қарлығаштар сені күтіп шарқ ұрып,

Сені күтіп қалды тамақ артылып.

Онан өзге өз қолыңмен қалаған,

Күтеді үйің шатырлары қалқиып, –

дейді Мағиза ақын. «Алатаудың басында асыл бөрік» деген өлеңінде табиғаттың шексіз сұлулығын сәтті шумақтармен жеткізе білген. Әдемі пейзаж жасап, Тұманбайша айтқанда: «әйбат өлең жазған».

Ағытылды аспаннан қара шөлмек,

Ақ қар жіпсіп жатқандай дала терлеп.

Жасыл шырша ақ сырға таққан кеше,

Ғайып болды біртіндеп тамаша өрнек... , –

 деп, өтіп бара жатқан қысты суреттеп келіп, осы екі арада уақыттың байлаусыз екенін, өмірдің қамшының сабындай қысқалығын айтып үлгеріп, мәңгілік мұздық басқан Алатау басын өлеңге қосады.

...Шықты енді күн кербез қасын керіп,

Шөлмегіңді, аспан қыз, жасыр берік,

Алатаудың басында асыл бөрік,

Ала алмайды ешкім де бәсін беріп!, –

деп, пенде атаулының қолынан келмейтін құдіретті әспеттейді. Мағиза Құнапияқызының тағы бір ерекшелігі ұлттық калориті мол, өлеңдерін қазақы нақышпен бедерлейді. Қазақ салтына, тұрмысына, дала тіршілігіне әбден қаныққан ақын жырлары қазақтың кең жайлауларындай көрікті, байсалды. Өзінің сұлулығын жалт-жұлт еткізіп, менмұндала­майды. Керісінше, бар сымбатын ішінде сақтап, өзімен етене жақындаса түскенше, сырын ашпайды. Дос болмайды. Егер ұзақ уақыт Мағиза өлең­дерін жаныңа серік етсең, ауылдағы әжелердей тығып қойған балқаймағын, құрт-ірімшігін, қой­бүлдіргенін алдыңа жайып салады. Мағиза жырларының кереметтігі – осы да. «Жібек жолын» «Ала құрт салып тоқыған, апамның алашасындай», – деп жырға қосатыны да сондықтан. Мағиза да – атамекенді сағынып келген қыздардың бірі. Туған жерді сағыну бір басқа да, атамекенді іздеу мүлде бөлек әлем, басқа сағыныш. Атамекенге ат басын тіреп, батыстағы Бекет әулиенің мекеніне арнаған өлеңінде:

Жайқалған гүл көрінбейді, жас шыбық,

Шөл даланы кезе алмассың ат мініп.

Әулиелер тұрақтаған мекенге

Шөптің өзі шығатындай сақсынып... , –

деп, атамекен топырағын ерекше қастерлейді. Мағизаның өлеңдерінің «айналасы теп-тегіс». Сөзді орнымен, дәл қолданатыны өлеңнің жауап­кершілігін сезінгендігін байқататындай. 
М. Ю. Лер­монтов туралы жазған мақаласында В. Г. Белинский сөздерді дәлдікпен қолдануды, көркем шығармада қаламгер ойын жеткізу үшін қолданған сөз тілдегі басқа сөзбен алмастырауға келмей­тіндей орынды пайдалануды баса айтқан болатын. Осы қағиданы біздің замандастары­мыздың көбі ұстана бермейтіні өкінішті. Бірақ Мағиза бұл қағи­даға селқос қарамайды екен. Отанға оралған қандастарымыздың психологиясын ақын «Екі жерде» деген өлеңінде жақсы берген. Ақынның өлең жазғанда тек сыртқы формаға мән бермей, ет қызулыққа салынбай, адамның ішкі ойының қалтарыстары мен бұлтарыстарына мән беріп, салқынқандылықпен жырлайтыны, алып-ұшпа жастық мінезден өтіп бара жатқанының белгі­сіндей.

Өтпесе де бергі бетке кемеміз,

Ата жұртты аңсап, талып келеміз.

Болсақ тағы бір мекеннің перзенті,

Кездескенде тосырқаймыз неге біз?! –

деп, ағынан жарылады. Бұл – ашық айтылған сөз, шындық. Бұл шындықтан қайсымыз бұлтара аламыз. Мағиза Құнапияқызының «Ай жүзіне көп қарап...» жинағын біз тосырқамай қарсы алайықшы. Лағыл жыр ағылсын.

...Ойнап-күліп жүре бергін ән сал да,

Мейлі жылы қарсы ал... мені қарсы алма,

Мен керекпін жырым барда әлемге,

Жалғыз саған керек емес болсам да! –

деп, асқақ пафоспен қазақ поэзиясының табал­дырығын сыңғырлы күлкісімен аттаған Мақпал Мысаның өлеңдерінде қазақы қыздың ашық мінезі бар. Мақпалдың өлеңдерінің  ерекшелігі бір нәрсеге арналуы. Ол яки адам, я болмаса, туған жер, қала болады.

Күндер де зулап барады,

Көктегі күндей көңілім.

Үйлесім тапса жарады –

Қыз бұрымындай өмірім! –

деп, өз бақытын тілеген ақын қыздың тілеушісі де қалың оқырманы.

Мақпал ақпанға ғашық. Ақпанда жауған ақ қарға ғашық. Ақын көңілі қардай аппақ пенделіктен ада болмаса да, ақтықты аңсауға құқылы шығар.

Өмірден мынау мәңгілік нені таппақпыз,

Айнала мынау ақ әлем тұнған аппақ қыс.

Ақ ұлпаларым аймалап жатты мені үнсіз,

Көргенім менің – аппақ түс...

«Домбырамен сырласу» деген өлеңінде Мақпал өзінің ішкі сырын оқырманына жайып салады. Егер ақынның өлеңі тағдырымен байланысты болмаса, оқырманына да әсері аз болатыны анық.

...Иә,

Бұл өмірдің өткелі ме,

Іздеймін өткенімнен жоқты неге?

Домбыра осылай үн төккеніне

Қоңыр үн кетпей қойды құлағымнан,

Сол бір адам кім білсін,

Өкпелі ме? –

деген шумақта ақынның бар тебіренісі жатқанымен, ілгерідегі

...О, домбыра, иеңіз біледі ме,

Төлеген де кешегі өз сезімін,

Күмбір үнмен білдірген Жібегіне, –

деген құр баяндау жолдарын шынайы шабыттың жемісі деп айта аламыз ба? Мақпалдың өзінің тұрғыласы Қайсар Қауымбектің домбыра, күй туралы:

Япырай, домбыра ма?

Қайдағы қасіретті қоздырады, ә?

Мен мына қос ішекпен бірге үзіліп,

Мәңгілік шертілместей болдым, аға.

Көл тұнар көңілімде күй арбаған,

Сол шығар мен аңсаған қиял далам.

Атамның маңдайы ғой бұл домбыра

Құмарым қанғанша бір сүйе алмаған, –

деген өлеңі еріксіз есіңе түседі. Осындай үлкен махаббат, шынайылық – өлеңнің нәші. Әйтпесе, өлең кәсіби әдебиетшілер түгілі оқырманын селт еткізбесе, жалаң сөздердің тізбегінен басқа не болмақ? Мақпал кей өлеңдерінде осындай қарабайырлыққа дейін барады. «Шын махаббат» деген өлеңінде:

Мен нағыз махаббатты армандаймын,

Деп Мұқаң жыр жазып ед жанғандай мың.

Сезімнің құны кеткен бүгін неге,

Махаббатқа тапшы боп қалғандай күн.

Шын махаббат орын тепкен Ай мекен,

Шын сүю де біле білсең қайғы екен.

Ақ Жайықта бұлаңдаған қыз Жібек,

Төлегеннің махаббаты қайда екен?! –

дейді. Алғашқы тармағы Мұқағалидікі екенін өзі айтқанмен, тыныс белгісін қоймайды. Бұл жоғары оқу орынын бітірген сауатты бойжеткен үшін де, талантты ақын үшін де үлкен мін. «Жанғандай мың» деген грамматикалық тұлғаның болмайтындығын біле тұра, «армандаймынға» ұйқас үшін жаза салған. Екінші шумақта «шын махаббат айда ғана» деп тұр ма, әлде шын махаббат бар жерді айға теңеп тұр ма түсіне алмадық. Себебі, тыныс белгісі дұрыс қойылмаған. Ең соңғы екі тармақта да Қыз Жібек пен Төлегенге ортақ бір анықтауыш қол­данып  отыр. Және шумақтардың бәрін ритори­ка­лық сөйлем(?!) ғып аяқтаған. Тыныс белгіге бола, қағазды шығындап, оқырманның уақытын алды деп айыптамассыздар. Ақынның ойын, сезімін, ішкі түйсіктерін тыныс белгісіне қарап танимыз. Евгений Евтушенко, Марина Цветаеваның өлең ішінде қолданатын тыныс белгілерінің өзінен шеберліктің белгісін көріп, таңғалуы соны білдірсе керек. Өлеңнің тақырыбы «Шын махаббат» болғанымен, тыныс белгілерінің қателігінен, осы шын махаббаты Мақпал аңсап отырғанын, я жоқтап отырғанан біле алмадық.

«Өлеңге әркімнің де таласы болғанмен», солардың бәріне қойылатын талап ортақ. Егер біз талап қоя алмасақ, онда әдебиеттің де, өнердің де өшетінін, өлетінін ұмытпағанымыз жөн. «Талантты талап ұштайтынын» да ескерейік. Сондай талаптардың бірі – логика.

...Жетісу рухымен өнген өңір,

Қарасай, Райымбек, Сүйінбайдың, –

деген тармақтардағы логикалық қателік бірден көзге ұрады. Олар қанша ақын, батыр бол­ған­дарымен пенде ғой. Олар да туған жердің то­пы­ра­ғынан айналып кетті. Туған жер ешқашан адамның рухымен көркеймейді. Керісінше, адам баласы туған жердің топырағынан қуат алса керек. Әйтпесе, «Абайды туған Семей топырағы» деп айтар ма едік?!

...Жетісу – қынаптағы жеті жебе,

Қабанбай бабамыздан қалған мұра, –

 деген жолдардың соңғы тармағына келіссек те, «қылыштың қынабына адасып барған қай жебе?» деп сұрақ қоярымыз анық.

Мақпалдың өлеңдерінде өзін-өзі қайталау басым. «Біреуді қайталаса ештеңе емес, еліктегені шығар. Кейін өзі тауып алар... Өзін-өзі қайталауы қорқынышты. Өйткені, ол таусылудың белгісі» деген мазмұндағы Әбіш Кекілбаевтың сөзі бар еді. Мақпал да сақ болса екен.

...Өмір жайлы... бір өлең бастап қойып,

Аяқтағым келмей жүр қалайда мен.., –

деп, сөзбен серттесіп, ақын болуға белін бекем буған Мақпалдан жауһар-жырлар күтеміз.

Қорыта келіп айтарымыз, қыздар поэзиясы деп бөлуге болмайды деп айтып жүргенімізбен, ақын қыздарға бөлек көзқараспен қарайтынымыз тағы рас. Басы Сыпырадан басталып, іркес-тіркес шұбылған қазақ поэзиясының керуеніне қосылған ақын қыздарыңыз осындай. Олардың тағдырын болашақ көрсете жатар.

Жолдаған: Бағашар Тұрсынбайұлы

Сурет: baidu.com

985 0
Рейтинг: +0

Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Қосылған күні: 16 қараша 2012, 14:30
Пікірлер
+0
16 қараша 2012, 14:52

Жақсылап оқыңыздар, ішінде мен туралы жері де бар. қыздарға қосып айтқан ;)

+0
16 қараша 2012, 19:26

Бәке, анау алдыңғы жазған дүниелеріңнің шалымына да келмейді мынауың. ақты ақ, қараны қара деп үйрендік қой. кеше бір ағамның аузынан жаңсақ пікір естідім. "бұл жұртты өлтіріп тұрып жамандасаң жағасың",- дейді. сын - тез. әдебиетте, оның ішінде сын бағытында ұстанар қағидат осы ғана!

+0
17 қараша 2012, 02:19

жақсы мақала. соңғы жағы тіпті тамаша екен :)

+0
17 қараша 2012, 12:03

Алтыншапақ Хаутайдың кітабы шықты ғой

+0
29 қараша 2012, 12:43

"Сын шын болсын" деген! Жақсы сыналған. Өзі байқамаған тұсты ашып көрсеткен сияқтысыз тіпті. Бір шетінен жарнама болды)

+0
19 желтоқсан 2012, 13:03

Мақала жақсы жазылған.

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Ең қызықты блогтар

Күңк-күңк күбір...
Күңк-күңк күбір...

Шу-шу десек Ду-ду өсек

Аралас экономиканың қазақстандық  моделі
Аралас экономиканың қазақстандық моделі

Аралас экономика әр түрлі меншік нысандарына, олардың өзара қарым-қатынасы мен...

Қарымта қайтаратын сәт келді деді ме екен...
Қарымта қайтаратын сәт келді деді ме екен...

«Үрбибімізді» «Дерзкая» десе, Бек Нұрдың «Мені ұмыт» әнін «Предала» деп...


Соңғы аудармалар

EXO - Lucky One [kaz_sub]
EXO - Lucky One [kaz_sub]

Оңтүстік кореялық әйгілі бойз-бэнд EXO тобы бүгінде дәурені жүріп, дүркіреп тұрған топ болып отыр. Жігіттер тобы тек Оңтүстік Кореяда ғана емес, Азияда танымал. Қазақстанда да EXO тобының жанкүйерлері жетерлік. Басында он екі қатысушыдан құралғанымен, бүгінде топта он өнерпаз өнер көрсетеді. Әр қатысушы жан-жақты, талантты. Біз бұған дейін аталған топтың бірнеше бейнебаянын қазақшаға аударған едік. Назарларыңызға топтың "Lucky One" туындысын қазақша субтитрмен ұсынамыз. Аударған: Жарылқасын Мырза Тайминг,...

IU - The shower [kaz_sub]
IU - The shower [kaz_sub]

Ли Чжи Ын – оңтүстік кореялық 23 жасар әнші қыз. Оның сахналық есімі «I and You» (мен және сен) әуен арқылы бір бүтін бола аламыз дегенді білдіреді....

Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]
Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]

Ел: Оңтүстік Корея  Жанр: романтика, медицина, драма, комедия, боевик  Жыл: 2016  Режиссер: Ли Ын Бок Басты рөлдерде: Чжин Гу, Сон Хе Ге, Сон Джун...