Оқи отырыңыз

Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың.

Автор: Бауыржан Момышұлы

— Редактор бағаны —

Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында
Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Бас бет / Лайфстайл / Әдебиет / Сын / Ақ қағазға жазғаны жыр ғана емес

Ақ қағазға жазғаны жыр ғана емес

Ақ қағазға жазғаны жыр ғана емес

Ғалым Жайлыбайдың «Тобылғыжарған» жинағын оқығаннан кейін туған ой.

Сөзімізді кезінде қазақ руханияты үшін, халқы үшін өнегелі іс атқарып кеткен Сағат Әшімбаевтың «поэзия – жүрек сөзі» деген пікірімен бастағымыз келіп отыр. Бұл өлеңге берілген баға еді. Жай сөздерден артық, тілден ғана емес, жүректің түкпірінен жарып шыққан сәулелі сөз. Поэзияның артықшылығы туралы көп сөз келтіруге болады. «...сүйікті бір ақыны жоқ адам – рухани жанашыр жақыны жоқ адам сияқты» - депті тағы бір сөзінде сарабдал сынның сардары болған Сағат Әшімбаев. Поляк халқының бір оқымыстысы қылмыскерлер туралы зерттеу жүргізгенде, қылмыс жасаған адамдардың көбі өлең оқымайтындар екендігін жазады. Жарты әлемді отыздан асар-аспас жасында өз қолына алған Ескендір ұстазы Аристотель өлең оқығанда ұйықтап қала береді екен. Ал даңқты қолбасшының қандай қаталдықпен соғыс жүргізгеніне тарих беттері куә. Сонда шынымен поэзия адам жанын нәзіктікке, мейірбандыққа тәрбиелей ме? 

«Өлең – сөздің патшасы...». Адам жанының сөздегі көрінісі болған өлеңге деген құрметтің азаймағандығы хақ. Тіпті қазіргі ақындардың баяғылардан артықшылықтары да бар. Қазіргілер кәсіби білімді. Өзара жарысып, таласып, бақ сынасып жүрген бүгінгінің шайырлары бірінен бірі озады. Сол шайырлардың бірі – Ғалым Жайлыбай. Оның әр жылдары жарық көрген кітаптарын, әсіресе «Ардакүреңі» мен «Тобылғыжарғанын» оқырман қауым жақсы қабылдады. Өлеңге деген өзіндік құрметі бар шайыр туралы, оның поэзиясы туралы баспасөз беттерінде жылы пікір білдіріп жатқандар да аз болған жоқ. 

Ғалым Жайлыбай тумысынан ақын болып туғанына ешкім таласа қоймайды. Ал, өлең-сөздегі шыққан бүгінгі биігіне жету үшін тек ақын болып туу жеткіліксіз еді. Ол – тынымсыз еңбектің, толассыз білім мен ізденістің нәтижесі. Ақын болып өмір сүру, дүниеге ақын көзімен қарап, дәл сондай ақын жүрекпен сезінуді маңдайына жазылған тағдыр екенін ақын өзі де мойындайды:
"Көз алдымда көктем боп тұнған елес,
Назға мені бөлеңдер, сазға мені – 
Ақ қағазға жазғаным жыр ғана емес,
Жаратқанның маңдайға жазғаны еді".

Өмірге, өлеңге бейжай қарай алмайтын ақынның қаламынан оқырманын да бейжай қалдырмайтын өлеңдер туады. Ол өлеңді құрамайды. Көңіліне көшіп кеп, кеудесінде көлкілдеп тұрған, «ботадай боздап жүрген, боталы зарын қозғап жүрген» мөлдір жырын жазады. Ғалым Жайлыбайдың өлеңдері оқырманының санасында алқара аспанды қақ тіліп, ағып бара жатқан жұлдыздай із қалдырады. Ойландырады. Жүрегіңнің түкпірінде әлдеқашан ұйықтап қалған, сезім ұяшықтарын оятады. Қоғамда болып жатқан жайттарға жүрегін ауыртпай қарай алмайтын ақынның қай жинағын алып оқысаңыз да міндетті түрде сол болған оқиға туралы ақын жанының тебіренісін табасыз. Ақынмен бірге егілесіз, қайғырасыз, болмаса қуанасыз.

Ақтөбедегі Алға ауданында мұнай қалдығы төгілген көлде аққулар қырылып қалған. Соған қабырғасы қайысқан адамдардың қаншалықты болғаны Бір Аллаға мәлім. Ал ақынның қабырғасы қара нардай қайысады.
...Аққулар-ай, ардам-ай,
Шер күйім боп шертілген.
Жалғаны көп жалған-ай
Өлмесімді өлтірген.
Қайда қанат қақтыңдар,
Мұнар күннің мұңды әні.
Алғадағы аққулар – 
Арсыздықтың құрбаны.
Қайығымды тербеген,
Бозда, толқын, сен де ертең.
Аққуы жоқ көл деген – 
Ақыны жоқ елмен тең...
Бұл риясыз көңілден туған жыр шумақтарын жүрегінде сәулесі бар оқырманның егілмей отырып, қасіреттен басын шайқамай отырып оқуы мүмкін емес. Себебі «жүректен шыққан сөз, жүрекке жетеді».

Ана жылдары қалың қазақтың қабырғасын қаусатып өткен, ел болып аза тұтқан Қызылағаштың апаты әлі ел санасынан өше қойған жоқ. Байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен апаттан аман қалған ағайындарға көмек көрсетіліп жатты. Дәл сол кезде әдебиетіміздің басты газеті «Қазақ әдебиетінде» Ғалым Жайлыбайдың қобыздай күңіренген толғау-жыры көп халықтың көңіліне медет болды. Абылайдың Бұқарының өзі болмаса да, солардың қалған көзіндей болып:
...Болсыншы, айналайын, жұмақ алдың,
Алладан тағы медет сұрап алдым.
Самалы Сарыарқаның сарнағанда –
Жетісу жеті өзені жылаған күн.
...Жүйкем де жүдеу бүгін, жауыр жаным,
Қайғыдан қара бұлттай ауырладым.
Қараорман қазақ елі қабірге емес –
Жерлейді жүрегіне бауырларын, – деп, көңіл айтты. Ақын деген осындай сезімтал жан. Жүрегінде бұлқынған жанартауын, жанарында булыққан ыстық жасын өлеңі арқылы оқырманының көңіліне көшіреді. Тек қуаныш пен қайғыға ортақтасу емес, халқының тұрмысы мен тағдыры туралы да ақынның толғаныстарын еш қиналмай табасыз. Алматының «Арбатының» бойында «Қап арқалап бара жатқан қыз» туралы өлеңі бар қазақтың қасіреті. 
Қалтырап гүл... қалады да қырмызы,
Жарқырап бір жанады ма жұлдызы?
Қап арқалап бара жатыр көшеде,
Арыс туар Арысымның бір қызы, – деп, бір шарасыздық күй танытады. Бұл – қоғамның шындығы. Бүгіннің өзінде қаншама қаракөз қарындастарымыз бен тепсе темір үзер бауырларымыздың базарда балмұздақ сатып, арба сүйреп жүргенінің куәсіміз. Бұл да бір күн көрістің қамы дерсіз. Жаһанданып, елу елмен жарысып дамып жатқанымыздың бар шындығы осындай! Ғалым Жайлыбайдың осы шумағы Әбіш Кекілбаевтың: «мен үшін әр жаман қазақ қымбат, өйткені оның белінде ертең елінің көсегесін көгертер ұл бар ма деп үміттенем» деген мазмұндағы сөзімен астасып жатыр. Өлең былай аяқталады:
Мұқым қайғы... Таяз бақыт. Күз. Қала.
Сықырлайды аяз-уақыт сыздана.
Жын-ғасырдың жүгін жеңілдетем деп,
Қап арқалап бара жатыр қыз бала.

Ел үшін, болашақ үшін жанкешті ғұмыр кешкен ағаларымыздың алдында біз қаншама борыштармыз. Сонау сексен алтының аласапыранында басына қара бұлт үйірілген арыстарымыздың өмірін жыламай отырып оқу мүмкін емес. Солардың бәрі де қыршын өмірін қазақ осындай болсын деп қимаған шығар. Оған дейін де сан зобалаңдары басынан өткерген еліміз аз жақсыларынан айырылған жоқ қой. Серік Ақсұңқарұлы айтқандай, шынымен: «қазақ біткен Кенесары ма, денесі бар, басы жоқ»? Ғалым ағаның:
Жігерін жанымайды Ерім –
Көрерін көргеннен бері.
Тұлпарын танымайды Елім –
Толыбай өлгеннен бері, – дегені, рас-ау?!

Осының бәрі халықты шынымен сүйгеннен кейін жазылған жырлар, айтылған ойлар ғой. Әтпесе, ел дегенде жүрегі дір етпеген жаннан осындай сөз туар ма еді?! Бұл қазақ поэзиясында Сыпырадан бері қалған дәстүр. Елмен, халықпен бірге болу ақындардың міндеті, борышы. Ақын осы борышын шамасы келгенше атқарып келе жатқан адам деп түсінем. Ақтық деміне дейін де осы міндетіне адал болады деп ойлаймын. Өзінің де:
Жауын барын сезгесін, дауыл барын,
Алашым деп аян ғой ауырғаным.
Сары белдің сарғайтпай сауырларын...
Бауыры бүтін елміз деп басын қосты –
Қараөткелдің бауырында... бауырларым, – деп жырлауы бекер емес. 

Ғалым ақын үнемі ой үстінде жүретіндей. Оның ылғи кеудесінде өлең пісіп жүреді. Айналасындағы оқиғалардың, өміріндегі сәттердің бәрін бақылап, көкейіне түйіп жүреді. Сосын соны өлеңіне айналдырады. Бұл барлық шығармашылық адамдарына ортақ қағида. Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтарындағы» Дмитрий түрмеде өзімен бірге отырған Дмитрий Ильинский деген жігіт екен. «Зауал мен залалындағы» Мармеладов та түрмедегі адам прототипі. Өзіміздің әдебиеттен де қаншама мысалдар келтіруге болады. Бір ғана Б. Соқпақбаевтың шығармашылығы түгел өмірдің шындығы емес пе?!

Ақынның «Гүлмира» деген өлеңі бар. Бұл өлеңді оқығаннан кейін сіз Ғалым Жайлыбайдың лирик екеніне сенесіз. Ол кісінің қаламынан туған біраз лирикалық өлеңдерді артынан ерген інілері жаттап өсті.
Жақұттайсың, лағылдайсың, Гүлмира,
Түнгі ұйқымды тағы ұрлайсың, Гүлмира.
Сағынасың... сағынбайсың, Гүлмира.
Жаңаарқының жазығынан жоғалған
Ақбөкеннің лағындайсың, Гүлмира, – дейді. Бәрібір, қазақтың мұңын ұмытпайды. Киіктің қазақ даласынан үдере көшіп, сағынышқа айналғанын, сол сағыныштай Гүлмираның аңсатқанын сондай бір суреткерлікпен беру Ақын қаламының шеберлігін көрсетеді. 

Ғалым ақынның тағы бір қыры арнау өлеңдерді жазғанда тек сыртқы келбетін, мінезін ғана емес, кейіпкерінің ішкі психологиясын, жанының ішкі иірімдерін қолымен сезіп басқандай көрсетуі. Жүрсін Ерманға, Әбубәкір Қайранға, Қасымхан Бегманға арнаған өлеңдерінен оқып, осыған көзім жетті. Бұл көп ақынға бұйырмаған шеберлік. Бірақ мына бір шумағы ақын поэзиясын кәдімгідей төмендетіп тұр. Немқұрайлы қараған ба, әлде ақын көзінен таса қалған ба білмедім, өзі де келісер:
Өрге қарай домалап тасымыз да,
Бақыт құсы қонғандай басымызға.
Шыңғыстауға, Нұрлан дос, сапар шектік,
Кеңесбаев Талғат бар қасымызда, – деген әлсіз, баяндау өлеңді поэзияның шыңына ұмтылған ақыннан көру көңілді ортайтып-ақ тастайды. Ғалым ақының өлеңдерін оқып отырып, «алағай», «бұлағай», «тұма жыр» деген сөздерді де тым көп кездестіреміз. Дегенмен, Ғалым Жайлыбайдың поэзиясы тыныш қана, қайнағаны білінбей жатқан тұмадай екеніне күмәніміз жоқ.

Ақынның поэмаларының өзі – бір-бір мақалаға арқау болатын материал. Бөлек тақырып. Егер Ғалым Жайлыбай проза жазатын болса, одан мықты жазушы шығар еді деп бір қиялдайсың. Өйткені өлеңге сыймайтын нәрсе бар. Бұған орыс әдебиетінің алтын дәуірінің басында тұрған Пушкиннің повестері, ал қазақта Тахауи Ахтановтың, Әбіш Кекілбаевтің әңгімелері, романдары айқын дәлел деп ойлаймын. Әйтпесе, біршама жақсы өлеңдерімен келген Әбіш Кекілбаев өлең жаза алмағаннан прозаға кетті дегенге кім сенеді? Не де болса, ақын Ғалым жазушы Ғалым ретінде көрінер болса, ауыл өмірі, жылқышылық туралы небір керемет дүниелер өмірге келер еді-ау. 

Ақынның поэзиясын оқып отырып, осындай ойлар тердім. Көкейімде орын тепкен сан түрлі пікірлер сан тарапқа жетеледі. Солардың арасынан теріп, өреміз жеткенін сіздерге баян еттім. Авар халқының ардақты ұлы Расул Ғамзатов: «егер өлеңің әкең, шешең, қарындасың оқи алмайтын өлең болса, онда ол өлеңнің болмағаны дұрыс» депті. Ғалым ақынның поэзиясы - осындай мәдениетті, қазақы бояуы қою поэзия.

сурет:alashainasy.kz

Арнайы Массагет.кз үшін: Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

6216 6
Рейтинг: +6

Дайындаған: Ла Лига
Қосылған күні: 02 қазан 2012, 17:59
Пікірлер
+0
02 қазан 2012, 17:40

Ғалым Жайлыбайдың көптеген өлеңдерін ең үздік туындылардың қатарына жатқызамын. Мәселен, протонның кесірінен жетім қалған құлын жайлы жазылған өлеңің бағасы тым биіктегі туынды деп баға берер ем.

+0
02 қазан 2012, 17:41

Мұқым қайғы... Таяз бақыт. Күз. Қала.
Сықырлайды аяз-уақыт сыздана.
Жын-ғасырдың жүгін жеңілдетем деп,
Қап арқалап бара жатыр қыз бала.

+0
02 қазан 2012, 17:42

"Қараорман қазақ елі қабірге емес –
Жерлейді жүрегіне бауырларын"
Жүрегім-ай... Осы жолдарды оқығанда жаным дір еткенін сездім.

+0
02 қазан 2012, 19:08

Ғалекең ғой...

+0
03 қазан 2012, 01:10

"Абай деп айқай салып ем, Абай-ла деді жаңғырық" дейтін осы Ғалым еді. Қазақ поэзиясының ардакүреңіне Алла ұзақ ғұмыр нәсіп етсін.

+0
06 қазан 2012, 03:39

Қайсекеңнен кейін пікір қалдыру- жаздан кейін күз келгендей ме қалай? Ғалым аға ең әуелі жылқы баққан адам ғой...енді ойлап көр! жалынан жыр саулаған күліктің шабысы қатайсын, шалымы молайсын деу ғана оң тілек. әрі өзіме қабағат қуаныш! ал, Бағашардың еңбегі жайлы айтар болсам келешек кемеріне тапыныс. қаламың ұшталсын қаламгер!

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

EXO - Lucky One [kaz_sub]
EXO - Lucky One [kaz_sub]

Оңтүстік кореялық әйгілі бойз-бэнд EXO тобы бүгінде дәурені жүріп, дүркіреп тұрған топ болып отыр. Жігіттер тобы тек Оңтүстік Кореяда ғана емес, Азияда танымал. Қазақстанда да EXO тобының жанкүйерлері жетерлік. Басында он екі қатысушыдан құралғанымен, бүгінде топта он өнерпаз өнер көрсетеді. Әр қатысушы жан-жақты, талантты. Біз бұған дейін аталған топтың бірнеше бейнебаянын қазақшаға аударған едік. Назарларыңызға топтың "Lucky One" туындысын қазақша субтитрмен ұсынамыз. Аударған: Жарылқасын Мырза Тайминг,...

IU - The shower [kaz_sub]
IU - The shower [kaz_sub]

Ли Чжи Ын – оңтүстік кореялық 23 жасар әнші қыз. Оның сахналық есімі «I and You» (мен және сен) әуен арқылы бір бүтін бола аламыз дегенді білдіреді....

Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]
Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]

Ел: Оңтүстік Корея  Жанр: романтика, медицина, драма, комедия, боевик  Жыл: 2016  Режиссер: Ли Ын Бок Басты рөлдерде: Чжин Гу, Сон Хе Ге, Сон Джун...