Газет – ақпараттың тәрбиелік мәні һәм эстетикасы

Газет – ақпараттың тәрбиелік мәні һәм эстетикасы
Фото: getbg.net

                                                                                                                                 «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі»

Ахмет Байтұрсынұлы

Басы сонау Ежелгі Шығыс елдеріне тән, «хан жарлықтары» деген ұғымның аясынан кеңіп шыққан, италиялық термин Венециядан қайта тіріліп, бүкіл әлемге тарауында маңыздылық бар деп ойлайсыз ба?! Әрине, бар. Тегінде Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткен сөзді ескерсек «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ендеше ол халықпен бірге болуға тиісті, жұртшылыққа ақпарат беруші, елдің сауатын ашушы құрал. Бірақ сол құралдың кешегісі емес, бүгіні қандай, ХХІ ғасырдың жаңа көзқарасына тойтарыс бере алмауына не себеп, соны талқылап көрсек. 

«Дала уәлаятынан» бастап өсіп-өніп келе жатқан бүгінгі қазақ газетінің бір қабырғасы қайысып қалды. Себебі оқырман жоқ, санаулы-ақ. Жалпы қазіргі таңда газет оқитын оқырман тек елу жастан әрі асқандар мен ерекше қызығушылығы бар адамдар болмаса, жаппай оқу үдерісі жоқ секілді. Оның орнын әлеуметтік желі басты. Себебі аптасына, айына шығатын газеттердің беретін ақпаратын күн сайын, сағат сайын жаңалап отыратын жылдам желі жеңіп кетті. Ал сізге белгілі ақпаратты қайталап оқудың қажеті бар ма?! Тіпті үлкен сұрақ туындайды: «Газет керек пе бізге?»...

Бүгінде «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас алаш» сынды танымдық-ақпараттық, өз көзқарасы бар, рухани газеттермен қатар «Егемен Қазақстан», «Айқын» және өңірлік ақпарат беруші газеттер бар. Кезінде газетті ақпарат алмасу үшін, қоғамда не болып жатқанын білу үшін оқитын едік. Енді тек архивін қазып, жазбасын жаңартуға, көз салып шығу үшін, одан қалса оттық ретінде пайдаланамыз. Мәселен АҚШ-тың «New York Times» газеті 1851 жылдан бері өлмей жасап келеді. Оны таласа-тармаса оқитын оқырманы жетерлік. Тіпті әлемдік БАҚ сол газеттен сілтеме жасау арқылы ақпараттар таратып жатады. Себеп?

Ең алдымен газет күн сайын таңертең сіздің шай үстеліңізде жатады. Апта, ай сайын емес, күн сайын. Күніге ақпартты толықтырып, мәні мен мағынасы толысқан, азаматтық көзқарастарды ұстана отырып бір күннің ішінде мақала жазу тілшінің шеберлігі ғой. Ендеше біздің тілшілеріміз әлсіз бе?! Әлсіздіктен гөрі ізденімпаздық пен жаңашылдыққа ұмтылу үдерісі жоқ секілді. Өйткені аптасына бір аңсатып келетін газеттің бетінен қайталанған, сылдыр сөзден сүбелі сөз құраған авторлардың мақаласын әлде тапсырыспен келген дүниелерді оқимыз. Одан қала берді қаптаған құттықтаулар. Адам газетті қолына алған кезде ең бірінші «кеше немесе осы аптада не болды екен» деп ашады. Одан кейін «әлем не дейді, қоғам ше» деген екінші ой келеді. Бәрінен шаршаған кезде ғана танымдық не қызықты дүние іздейді. Ал бізде алғашқы екеуі бар, оның өзінде сараптау емес, тек «болды, бітті, өтті, енді не болмақ» деген жанама сұрақтары бар тақырыптар. Ал оқырманын қызықтыратын газеттің жаңашылдық көзқарасы, тіпті құлшыныс жоқтың қасы.

Қоғамды сынай беру немесе керісінше, мақтауды асыра беру оқырманның берекесін алады. Екеуінің ортасында тең жүру – шеберлік. «Аманат» фильмін көріп отырсаңыз, бір эпизодында Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» мақаласы сол кездегі дүрілдеп тұрған «Правда» газетінде жарық көреді. Тап сол кезде газеттің бас редакторы бірден қолына телефон алып, жоғары жақпен байланысқа шығып мақаланы талдап, «көрдің бе» дегендей ымдайды. Ал осы үшін Ермұқан Бекмаханов 25 жылға сотталып кетеді. Бұл жерден газеттің сол кездегі халық арасындағы үстемдігін көріп отырмыз. Бүгін де солай жасауға болады. Оппазициялық көзқарастың құрбаны болудың қажеті жоқ, тек таптырмас, мағынасы терең, сөзі шебер, сіздің әрбір еңбекпен тапқан теріңіздің әріп болып құралып жазылған мақалаңыз болу керек және оны жұрт іздеп оқу керек. Іздеудің түбі газетке тіреледі. Оқырман да көбейеді. Газеттің де, сіздің де беделіңіз артады. 

Айналып келгенде газет керек. Технологияның дамыған заманында адамдардың бір жапырақ қағаз болса да руханиятын сақтап қалу үшін газеттің көзіне зәруміз. Ескіліктің желін есіп, қағаздың құнын көрсету арқылы адамдардың робот болып кетуінен сақтайды. Мұхтар Шахановша айтқанда: «Компьютербасты жарты адамдар» болудан арыламыз. 

Газет – сауаттылық пен эстетиканың жаршысы. Тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал. Ал әлеуметтік желі сізді тек ақпарат берумен қатесін түзеуге бағытталған. Кез келген журналистің бірінші біліктілігін арттыру газеттен, журналдан бастау алу керек. Тегінде Қытайда мектеп оқушыларына қаламмен (ручка) жазғызбайтын. Жазуларыңды бұзады деп. Оның орнына сиялы қаламмен жазуға үгіттейтін. Сол секілді қалам мен сиялы қаламның айырмасы бар. Біреуі дайын өнім, екіншісі еңбек. Себебі сияға малып мәнерлеп жазу – тәрбие. Осы тұрғыдан келгенде газеттің бәсі басым екенін айту керек. 

Газет оқисыз ба?!

М. Ақан