Ақберен Елгезек өлеңдеріндегі теңеулер

Ақберен Елгезек өлеңдеріндегі теңеулер

Ақберен Елгезек – лириканың ауыр жүгін арқалаған арда ақын. Оның өлеңдеріндегі мағына астарлы, сырлы құпияға толы. «Көз жасымның бір тамшысын қалдырдым, Жалғыздықтың атындағы көшеге...». Оның ұғымында жалғыздық – жалғыз қайыңды жанына серік еткен көше. Жалғыздықты тұрғыны жоқ көшеге теңейді. Ақынның осындай сезімді жеткізудегі көркемдік әдістерді шебер қолдана алатыны таңқалдырады. Құдды бір оқырманына жырдан тінін шығармай кесте тоқып беретіндей. Данышпан Абайша айтсақ, айналасы жұмырланған, тегіс, шашауы жоқ. Бүгінгі жазбамыз арқылы Ақберен ақынның сырлы сезімін теңеумен жеткізген тұстарын бірге талдайық.

Зейнолла Қабдоловтың теңеуге «Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі – теңеу. Мұнда суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді» деп анықтама берген еді. Негізінен, теңеулер -дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтарымен жасалады. Ақберен Елгезек өлеңдеріндегі теңеулер бірізділікпен жасалған. Кейде секілді, сияқты шылауларымен де беріледі. Сөзіміз айғақты болуы үшін мына бір өлең жолдарын оқып көрейік.

О, сұмдық-ай, көрініс ауыр қандай!
Көзі ақшия тұншыққан дауылдардай
Аппақ тұман!
Тұманның түйсігінде
Қаңыраған қазақы ауыл бардай...
(«Тұман»)
Автор тұманды айналаны көрсетпейтін, тұншыққан дауылға теңейді. Дауылды күні айналаны шаң басып, алдыңдағыны көрсетпейтіні бар емес пе еді? Ақберен ақын көріп отырған тұман тып-тыныш болса да, өз мінезін дауыл секілді көрсетіп тұрғандай. Бірақ, тыныштығымен. Айналаны «ауыр ауа» басып жатқанын осылай суреттейді.

Әу бастағы Тәңірдің жоспарындай,
Мұндағы Аспан – өзге әлем Аспанындай.
Жыпырлаған жұлдыздар жайқалады
Бақсылардың қаракөк шаштарындай.
(«Жидебай түнінде»)
Ақын суреттеген аспан – басқа Аспан. Жидебай түнінің аспаны ақын әлемнің Аспаны секілді. Тіпті жұлдыздары бақсылардың қүрең қара шаштары секілді жайқалатынын көрсетеді. Табиғат ортасындағы түнгі аспан әлемін басқа қырынан танып отыр.

Жаз да бітті, наз да бітті біздегі,
Мұндай күйді ұнатпаймыз біз тегі.
Алақан боп аймалайды асфальтты
Қызыл-сары жапырақтар күздегі.
(«Күзгі әуеннен үзінді»)
Бұл – жазды қимастықпен шығарып салған ақынның күзді қарсы алған сәті. Қуаныш орнын сағыныш басатын мезгілдің ақын өлеңінде көрініс табуы өзгеше. Автор бұл сәтті көп ешкімнің ұната бермейтінін айтады. Біздің алақанымыз секілді, ағаштардан амалсыз сарғайып түскен жапырақтардың асфальт жолды аймалап жатқанын да әдемі, бейнелі, әсерлі жеткізеді.

Ол ұлы Күй бір-ақ сәтте мыңжылдықты өткерер,
Көз алдында мұхиттай боп тербеледі ақ көде...
Кенет сені бөлек жерге қондырады тылсым күш,
Жан-жағынан өлекшіндей қанат қағып күрсініс,
Алаңғасар дүниені дауыл алып, жоғалар,
Ал ауада қалқып жүрер ауылдағы молалар.
(«Қобыз-жүрек»)
Автор қобыздан күңіреніп төгілген күйдің үні айналаны тербеткенін көрсетеді. Мың жыл бұрын төгілген күйдің әлі күнге дейін жаңғырып тұрғанын суреттейді. Күйдің демімен далада жайқалған ақ көделердің мұхит толқынындай тербелгенін жеткізеді. Енді бір тұсында бұл күй тыңдарманды өзге жерге апарып тастап, көз алдына алып дауыл тудыратынын айтады. Демек, автор күйдің тербелісі көлдің не теңіздің емес, мұхиттың толқынындай екен айтқысы келеді.

Өкінішіне өткеннің өкпелемей,
Жерұйыққа ақыры жеткен елдей.
Мен өзіме қараймын айна ішінде
Мейірімнен тұтанған от көрердей.
(«Аңғалақ»)
Жалпы бұл өлеңнен ақынның көңіл-күйін байқауға болады. Өткеніне өкінбейтін жан екенін көруге болады. «Жерұйыққа ақыры жеткен елдей» деп, өз арманы орындалғандай сезінеді. Айнаға қарай қалса, мейірімге толы көзді көретіндей сезінеді. Ақын арманы орындалғанын осы бір «Жерұйыққа ақыры жеткен елдей» деген жолмен беруі шеберлігін көрсетеді.

Бұлттар, бұлттар, ақ көделер көктегі,
Күндей нұрлы, Айдай сырлы жамалың.
Мен де болғам өздеріңдей көшпелі,
Енді, міне, қала болды қамалым.
(«Бұлттар, бұлттар...»)
Ақынның осы өлеңін оқып, бұлт үстіне шығып алып асыр салғың келеді. Көктегі бұлттарды жерде өскен ақ көделерге балап, одан сайын мамық етіп суреттейді. Ал оның әдемілігін Күнге, құпиялылығын Айға теңейді. Ал өзінің бір кезгі халін дәл сол бұлттың күйіне теңейді. Ал қазір қалада өмір кешіп, сол бұлттарға қарап, туған жерін сағынады.

Түннің аппақ меңіндей,
Ай көрінер.
Сенімсіз?..
Естен сәуле төгілмей,
Буланбайды көңіл – сыз.
(«Түннің аппақ меңіндей»)
Ал бұл өлеңінде ақын Айды ерекше етіп суреттейді. Қап-қара түнгі аспандағы Айды аппақ меңге теңейді. Әдетте, ақындар ару қыздың бетіндегі меңді сүйсініп жырлаушы еді. Ал бұл теңеуден Ақбереннің ерекшелігін көреміз. Ол ақ пен қараның орнын алмастырғандай. Ақ мең емес, қара мең болушы еді ғой?! Міне, бұны оның сөз саптауындағы өзгешелігі деп түсінеміз.

Қысқы түстер. Бүршік жайлы.
Бүршік жайлы дірдектеген.
Аппақ құйын ұршықтай бір
Жүрекке сыз өрнектеген.
(«Қысқы түстер»)
Аяздың суреткерлігін өзгеше қырынан көрсетеді. Аяз тек терезеге ғана емес, жүрекке де оюлап сурет салып жатыр дейді ақын. Бірақ, қалай? Аппақ құйын секілді! Ұршықтың иірілгені секілді жүрекке суығымен сыз сызып жатыр дейді. Дауыл секілді емес, әжесінің иірген ұршығына теңейді қысқы аязды.

...Мына ақшам мен секілді алаң тым,
Бақылайтын көліктердің тізбегін...
...Мына таулар мен сияқты көкірек,
Көңілімен әлпештеген аспанды...
(«Мына жалған мен сияқты тынымсыз...»)
Ақын бұл өлеңде барлық табиғатты өзіне теңейді, табиғаттың барлық құбылысы өзі секілді күй кешіп жатырғандай. Өзі секілді тынымсыз, балаң, алаң, тылсым екен. Ақшам уақытының өзі кешкі кептелісті терезеден бақылайтын авторға ұқсайды. Алып заңғар таулар да ақын секілді аспанды аялап жатыр. Бәрі-бәрі өзіне ұқсайды. Тіпті осы өлеңді тауып алып, бастан аяқ оқып шықсаңыз, жазған өлеңін де өзіне ұқсатқанын байқайсыз.

Сурет: kaztv.kaztrk.kz

Е. Жұмабайұлы