Теңізге ғашық бұлақтар

Теңізге ғашық бұлақтар

Әдебиет – сөз биігі, ұлт рухының айнасы. Қазақтың ғасырлар сынынан өткен осынау әдебиет қоңыраулы құлындарымен, құлдыраңдаған бота-тайлағымен көрікті. Үкілі үміткерлеріміз аз емес, бірақ уақыт сынды қатал сыншының қанатына байлап кімдерді шырқау шыңға шығарары белгісіз. Ақын Ғафу Қайырбековтың Тұманбай Молдағалиев туралы: «Тұманбай секілді ақыны бар қазақ поэзиясы – бақытты поэзия. Қашанда оның бақытын жасайтын осындай ірі ақындар ғой. Тұманбай, Тұманбай болу үшін қанша өмір толқынысын, күресін бастан кешті. Көкірегіне қанша сырлар сиғызды. Жырлар туғызды» дегені бар еді. Әдебиет сынды сан-салалы да күрделі соқпағы бар сапарға аттап, жаңа кірген бірнеше жастар бар. Олар Айбол Исламғалиев, Аслан Тілегенов, Шерхан Талап секілді жас буындар.

Жүрегімнен жылылық жалғайды екпін,

Жақындауға жүрсем де бармай көп күн.

Жарығым-ай сүйгесін сені қатты,

Өмірді де жек көре алмай кеттім.

Нағыз уыз сезімнен әлі арыла қоймаған баланың айтар сөзі. Асланның осы бір-ақ шумақ өлеңі талай дүниені айғақтап тұрғандай. Әсіресе, ішек қарыны ақтарылып жатқан қоғамда ( кешіріңіздер, шындығы солай) өмірден түңіліп жүргендердің қатары көп демесеңіз аз емес. Бала көңілі осының бәрін алғаусыз тап-таза ақ пейілмен барын салып, өлең қылып өрнектей алған.

Арамызды түсінбестік бөлді кеп,

Сені мәңгі сүйем деуші ем өз басым.

Біз екеуміз кездескенде соңғы рет,

Жүрегіме тамып кетті көз жасың...

Айболдың қандай күй кешіп жүргені белгілі болды. Тәп-тәтті сезім мен алғашқы махаббатты әсерлі қылып жеткізе алған. Жеткізгенде де өлеңнің соңғы жолын өте жақсы аяқтаған. Әсіресе, «Жүрегіме тамып кетті көз жасың..» деген бір ауыз сөзді басқа біреуден бұрынырақта естіп пе едіңіз. Жоқ, естіген жоқсыз. Бұл сөздерді айту үшін, дәл Айболдікіндей жүрек керек шығар.

Мен сізді әр сөзіме сенсін деп ем,

Адасып баратырмын елсізбенен.

Телміріп көзіңізге қарай берем,

Бейкүнә сезімімді менсінбеген...

Ал Шерхан болса, өзінен бірнеше жас үлкен бойжеткенге ғашық болып жүрсе керек. Дәл осындай өлең жолдарына арқау болып жүрген қыз да қандай арман бар десеңізші. Тек, өлең тақырыбы «Ересек қыз» дегені жайсыз екен. Қазақта "ересек" деп ұл балаларға ғана айтылады.

Келесі жолы Шерхан бәрін ескерер. Дәл осындай кемшіліктер Айбол менен Асланнан да табылып жатады. Бірақ, ол кемшіліктерді жіпке тізіп жату жөн болмас. Аталған кемшіліктерді үшеуі де біліп жүрген шығар. Ендігәрі қайталамас деп сенейік.

Сурет: wallpampers.ru

Л. Лига