Бірінші мен Екінші

Бірінші мен Екінші

Мекемедегілердің барлығы Біріншінің Екіншімен жақын дос екендігінен күмәнданбайтын. Бірақ бұл өзі өте қызық достық еді. Екінші өзінің Бірінші досымен қашан да бірінші болып амандасатын. Сондай-ақ Екінші қашан да Біріншіге бірінші болып көмектесуге дайын тұратын. Жұмыс барысында Бірінші қандай да бір қателік жіберіп алса, Екінші оны жиналыс кезінде ақтап алатын.

Екінші Біріншінің және оның екінші әйелінің туған күндерін жақсы білетін. Қашан да бірінші болып құттықтайтын. Осынысымен-ақ Екінші нағыз достығын дәлелдейтін. Бірінші оны ешқашан үйіне шақырмаса да, Екінші Біріншіні қонақасыға, жиын-тойға шақырудан жалықпайтын.

Екінші өзінің туған күнін атап өткен кезде де оның ең алғаш айтатын тосы «Бірінші үшін» болатын.

Ал Бірінші үшін Екінші қашан да екінші орында тұратын. Сөйте тұра, Екінші еш ренжімейтін. Ол қандай жақсы нәрсе болсын, алдымен Біріншіге тиесілі болу керек деп білетін. Әлдекіммен сөйлескен кезде де Екінші алдымен Біріншінің сөзін мысал келтіріп, оның шынында да бірінші адам екенін айта кетуді ұмытпайтын.

Бірде жағдай тосыннан өзгеріп сала берді. Жұмыстағылардың барлығы түкке түсінбей аң-таң. Бірінші рет Бірінші Екіншімен бірінші болып амандасты да, өзінің туған күніне шақырды. Туған күн қонағасында Бірінші Екінші туралы әңгіме қозғап, оның бірінші болуға лайық адам екенін айтты.

Бәрі бір күн өткен соң белгілі болды: Осы уақытқа дейін Мекеменің бірінші адамы болып келген Бірінші жоғарыдағылардың әмірімен Екіншінің орнына отыратын болыпты да, Екінші Біріншінің орнын иемденіпті.

Ал мекемедегілердің айтуынша, бұл орынға Үшінші лайық еді.  

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: simplychurch.com 

Қ. Қауымбек