Әзиз Несин. "Қазанның ашылу салтанаты"

Әзиз Несин. "Қазанның ашылу салтанаты"
Фото: animedia-company.cz

Атақты "Футбол королі" романының авторы, түріктің танымал сатиригі Әзиз Несиннің "Қазанның ашылу салтанаты" шығармасымен таныс бола отырыңыздар.

Біреу: Хош келдіңіздер! Жоғарылатыңыздар! Біз үшін журналистердің орны бөлек қой!

Басқа біреу: Құттықтаймыз, мырзам!

Екінші біреу: Мені не үшін құттықтап жатқаныңызды түсінбедім.

Басқа біреу: Жаңа қазаныңыз құтты болсын!

Екінші біреу: Иә, иә, қазан дейсің бе? Қазанның орны бөлек қой.

Біреу: Үстелге қарай өтіңіздер. Ішімдікке қалайсыздар? Тәбетті ашады дейді ғой, ала беріңіздер. Қазір әкім мырза да келіп қалар...

Үшінші бір адам: Осы сізді бір жерде көрген сияқтымын. Қайдан көргенімді есіме түсіре алмай тұрғаным.

Басқа бір адам: Сіздің де түріңіз маған таныс сияқты. Осы сіз әлгі жаңадан салынған есіктің ашылу салтанатына барған жоқпысыз?

Үшінші бір адам: Өкінішке қарай, ол күні мен әйнектің ашылу салтанатына барған едім.

Басқа бір адам: Иә, естігенмін. Барған бір таныстарым сол жерде қызартылып пісірілген тауықтың дәмділігін айтып, сілекейімді шұбыртып еді.

Үшінші бір адам: Тоқтай тұрыңыз, есіме енді түсті ғой. Ана жолы Жапониядан әкелінген кеменің құрметіне өткізілген жиыннан көрдім ғой сізді.

Басқа бір адам: Иә, менің де есіме түсті. Сіз сол жерде кремделген торт жеп тұрдыңыз-ау, сірә.

Үшінші бір адам: Иә, тортты өте жақсы көремін. Бір тойда дастархандағы торттың бәрін өзім жеп қойып, самсап тұрған етке қол тигізе алмай кеткенмін.

Басқа бір адам: Ашылғалы тұрған не? Қазан ба?

Біреу: Қайдан білейік?! Кір жуатын қазан емес шығар, әйтеуір.

Басқа бір адам: Мен майлы балықтан көп жеп қойдым-ау, асқазаным ауырып кетті.

Екінші біреу: Менде асқазанның дәрісі бар еді, қаласаңыз берейін. Тамақты жақсы қорытуға көмектеседі.

Басқа біреу: Рахмет. Бұдан кейін қалтама өзім де дәрі салып жүрмесем.

Екінші біреу: Шипа болсын! Ұялмай кекіре беріңіз. Кекірген пайдалы!

Басқа біреу: О, о, ананы қара! Қуырылған тауық! Иісі мұрымды жарып барады. Өзім де алайын, сізге де алып берейін.

Екінші біреу: Рахмет! Мен бәліш жеп тұр едім.

Тағы бір адам: Ана дәу қара бөшке кім?

Және біреу: Қайсы? Банан жеп тұрған ба?

Тағы бір адам: Жоқ. Соның жанындағы.

Және біреу: Виски ішіп тұрғанды айтасың ба?

Тағы бір адам: Жоқ. Сол жағындағы.

Және біреу: Қоймағайлана ет асап тұрған ба?

Тағы бір адам: Е, жоқ, соның артында майонезделген балықты қылқанымен жұтып тұрған.

Және біреу: Танымадым. Бірақ өзін осындай жерден көп көремін.

Бір адам: Бұл жерге келуіміздің себебі тамақ жеу емес, бір-бірімізді көру ғой.

Тағы бір адам: Әрине, мұндай жиындар болмаса, бір-бірімізді көре алмаймыз.

Басқа біреу: Мақсат тамақта емес, адамдармен сұхбат...

Біреу: Әрине. Бауыр салатынан ала отырыңыз.

Екінші біреу: Мен мына бұрыш себілген етті өте сүйсініп жеп отырмын.

Тағы бір адам: Бұл өзі қандай фабрика?

Үшінші бір адам: Соны өзіміз де білмей отырмыз ғой. Айналадағы станоктарға қарағанда, машина жасайтын жер сияқты.

Тағы бір адам: Ойбай, онда үлкен фабрика болды ғой?!

Үшінші бір адам: Әрине. Өркениет дамып келе жатыр емес пе? Ой, мына тағамнан алыңызшы, бал татиды!

Тағы бір адам: Рахмет! Бұл жерден шыққан соң пәлен жердегі жиынға баратын едім. Асқазанымнан орын қалдырайын.

Үшінші бір адам: Соңғы хабарды естідіңіз бе? Америка бізге атом фабрикасын салады дейді, бұл сол болмасын.

Тағы бір адам: Жоқ, бұл жерде қазан ба, бірдеңе салыныпты.

Басқа біреу: Әй, мұның лентасын кім қияды екен?

Екінші біреу: Әкім қияды екен, соны күтіп жатыр.

Басқа біреу: Бұл фабриканың иесі кім екен?

Екінші біреу: Америкалықтар шығар...

Және біреу: Америкалықтар мұндай аста-төк дастархан жасамайды, мен білем, өзіміздікілер болса керек. Бұл не фабрика сонда? Ішімдік шығара ма, әлде су шығара ма?

Тағы бір адам: Сен де айтады екенсің. Фабрика ішімдік пен су шығара ма екен?

Және біреу: Анау төрде отырған кімдер?

Тағы бір адам: Арнайы шақырылған қонақтар – депутаттар ғой.

Бір кісі: Мемлекеттің өркендеуі осы фабрикаға байланысты. Әй, шіркін-ай, күнде осындай бір фабрика ашылып тұрса ғой. Мына теңіз шаяндары қандай дәмді.

Тағы бір адам: Тыныш, тыныш. Мырза келді.

Және біреу: Кім келді дейді?

Бір кісі: Білмеймін. Фабриканың иесі шығар, жоқ әлде министр ме...

Екінші біреу: Жоқ, бұл директор.

Тағы бір адам: Қайдағы директор. Бұл әкім ғой.


Әкім: Құрметті отандастар! Бүгін бәріміз Тезғатараға электр орталығының төртінші қазанының орналасуына байланысты ұйымдастырылып отырған жиынға келіп отырмыз. Бәріңізге де құтты болсын! Талай қырғынды бастан кешірген халқымыздың жігері, қайраты, күші бұл жерде де маңызды рөл атқарды. Бұл қазанның тарихы тым әріде жатыр. Халқымыздың аяулы жәдігері саналатын бұл қазанды орнынан қозғау қиынға түсті. Содан үш америкалық маман, төрт америкалық жұмысшы өзге шетелдіктердің жәрдемінсіз бұл қазанды осы жерге табыспен орналастырды. Бұл өте бір ауыр әрі құнды, бағалы қасиетті қазан болып табылады. Ата-бабаларымыз бұл қазанды қалайымен қаптап, мыспен аптағаннан кейін біздің дәуірімізге аман-есен жетіп отыр. Бұл қазанның бүйірінде екі тесік бар екен. Сол тесікті америкалықтардың көменгінсіз, яғни шетелдіктердің жәрдемінсіз, өз қолымызбен кендір мақта мен қара сағызды қылпылдата жаға отырып, су ақпастай қылып бекітіп қойдық. Бұл қазанның 9 құлпы бар екен. Оған шетелдіктердің жәрдемінсіз тағы бір құлып салдық. Бұл қазанның кереметі...

Бір кісі: Бұл қазанның жыры бүгін бітпес, мен кеттім.

Екінші біреуі: Мен де. Келесі жиынға үлгеруім керек. Ол жиынның лентасын министр қияды екен.

Және біреу: Иә, енді сонда барайық.

Тағы бір адам: Кетейік. Қарным ашып кетті.

Түрік тілінен аударған: Маржан Ершу

@. @assel_assanova