Имиджімді жоғалтып алдым

Имиджімді жоғалтып алдым
Фото: envirosafesolns.co.uk

Жоқ! Рас, зым-зия, таңғалмаңыздар. Бір апта болды. Ғайып болды, әп-сәтте... Өзім сезбей қалдым. Не жоғалды дейсіз ғой? Имидж! Имиджім жоқ. Аяқ астынан айырылып қалдым. Қайран имиджім...

Имимджім қандай жақсы еді, шіркін... Кем дегенде он кісіге жететін. Көргендер жағасын ұстайтын: «Талай имидж көріп едік, бірақ дәл мынадай имидж ешкімде жоқ, бірінші рет көріп тұрмыз», дейтін бастарын шайқап, таңғалып. Көздері тиді ғой деймін.

«Имиджімді жоғалтып алдым», деп әйеліме айттым. Ол үйдегі көрпе-жастық, шкаптардың бәрін қарап шықты.

«Не іздеп жүрсің?» десем, «сенің имиджіңді іздеп жатырмын» дейді. Сөйтсем әйелім «имидж» дегенді бастың дәрісі екен деп ойлап қалыпты. Жиырмасыншы ғасырдың қараңғы адамына не дейсің... Имиджді білмейді. Үндеген жоқпын, күлдім де қойдым.

Имиджсіз қиын екен, бұл бір үлкен мәселе болды. Кез келген жерге бара алмайсың. Барғанмен имиджсіз әркім қабылдамайды. Қабылдағанымен келген шаруаңды бітіріп бермейді. Тек уақытыңды өлтіресің.

Имиджсіз, оны айтасың, қонаққа барсаң да қып-қызыл қорлық. Есік жақтан орын тиеді. Ел жамбас ұстап отырғанда, сенің қолыңда – мойын омыртқа. Төрде отырғандар күлпілдеп сөйлегенде... төбедегі люстра шайқалады. Ал сенің дауысың басқа жеріңнен шығып отырған сияқты. Ойлап қарасаң, әуелі... ыңғайсыз екен. Бата істерде, тілек айтқанда төрдегілер тағы да алда.

Бұрын имиджім барда, бәрі бас киімін шешіп: «Көкө!..» деуші еді. Қазір қайтадан кәдімгі Көсеубайға айналдым. Мен жоғалтқан имиджімді соңғы он жыл бойы жинадым. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмедім. Бұрын имидждің не екенін білмеуші едім. Бір жолы жаны ашитын бір досым:

– Көсеубай, мына қазіргі заманда имидж керек. Онсыз түк болмайды, түк шықпайды. Жөні түзу майлы жұмыс та таппайсың, жұмыс таппағаннан кейін коттедж де болмайды, «мерседес» те болмайды... қысқасы, нөлсің!.. – деді.

Ойланып қалдым. Байқасам досымның айтқаны рас. Сол күннен бастап тек имидж жинаумен айналыстым. Ескертіп қояйын, бұл іс қойдың қарнына сары май жинағаннан қиын.

Ақыры имиджім көзге көрінетн болды. Бұрын Көсеубай немесе Костя едім, енді мені ел «Көкө!..» дейтін болды.

Имиджімнен басқалардың ығып тұратынын сезінуші едім. О-о, бұл бір бақытты кездер еді. Ешкім маған қарсы келмейтін.

Қай жерге барсам да: «Көкөң келді, былай тұрыңдар! Орын беріңдер, төрден беріңдер, Көкөң, біздің Көкөң...» деуші еді. Имиджі аздар тайғанап босаға жаққа кететін.

Мен өзімнің соңғы кезде алапат өскен имиджімді көтере алмай тек ыңыранушы едім. Имидждің арқасында жүрісім ауырлап, ышқырымның түймесін әйелім кеңірек қылып бірнеше рет қайта қадады. Бар қызметті басқалар істейтін. Біреуі бәтеңкемнің бауын байлайтын. Екіншісі қонақта ет асатып, үшіншісі аузымды сүртетін.

Көзімнің фокусы бұзылып, бұлдырайтынды шығарды. Қызық! Көзіме бастықтарым ғана айқын көрінеді де, басқалар құрт-құмырсқа, жәндіктер сияқты, көрінбейді... бұлдырайды. Соңғы екі-үш айда имидждің зілдей болып екі иығымнан басқаны сондай, мен оны көтере алмай, сөйлеу жайына қалып тек меңірейтін хәлге келдім.

Иә, иә... тура! Біреу алдым келіп қайғы-мұңын айтып бірдеме сұраса, мен жауап бермей тек қана «М-ө-ө» деп мөңірейтін болдым. Көрдіңіздер ме, міне, менің имиджім қандай болды. Шын, көз тиді ғой деймін. Сөйткен имиджімнен айырылып қалдым. Ел аман, жұрт тынышта. Қазір қайтадан Көсеубаймын. Неге жоғалды екен? Неліктен? Ә? Сіз қалай ойлайсыз? Әлде, мұңын шаққандарға дұрыс жауап бермей мөңірегенімнен бе?

Кабдрахман Отарбай

@. @assel_assanova