Оспанханның оспақтары #2

Оспанханның оспақтары #2
Фото: dragonika.ru

Басы

Бөденнің иттері

Ертеректе астана театрларының бірінде испан драматургі Лопе де Веганың «Собака на сене» деген пьесасы жүріп жатты.

Байқамайды екенбіз, хабарландырулар бөліміне әлгі пьесаны біресе «Шөп үстіндегі ит», бірде «Шөп қорыған ит», бірде «Шөптің ішіндегі ит», бірде «Шөптің көлеңкесіндегі ит» деп тарата берсе керек.

Енді бірде «Шөпті не өзі жемейтін, не өзгеге жегізбейтін ит» боп басылып кетіпті. Осы хабарландыру, жарнама деген секілді пықи-тықиға жауапты Бөден еді, редактор қуғыншы қызын жіберіп, табанда шақыртып алды. Газетті жайып қойып, түтігіп отыр екен.

– Шырағым, мына иттерің адамды ит қып бітті ғой, бір қазыққа байласаңдаршы. Біресе шөптің үстінде жатады, біресе шөптің көлеңкесінде жатады, біресе шөп жемейтін ит. Әрқайсың өз беттеріңше аударасыңдар, құдайдың иті болса да, қаңғырмай шөптің үстінде жатсыншы өзі. Сосын, сендер иттен он ит жасамай көздеріңе қарасаңдаршы,- деп редактор әзілмен де, әкіреңмен де нығарлап Бөденнің «бөтекесін» түсірді. Сол шөптің көлеңкесінде өзі жатып жүргендей, Бөден бөлмесіне ашуланып келді.

– Өзіміздің ит жетпегендей, қайдағы бір Испанияның итінен көрдік қой көресіні,- деп телефонды алып, бұрап жатты.

– Ало, театр ма? Е, театр болсаң, құдай жарылқапты. Ал, шырақтарым, мына иттерің адамды, жүдә, ит қып бітті ғой, қашан бітеді өзі?... «Неге керек еді дейсіз бе?» Ит секілді жыным бар еді, айнам? Қашан бітеді? Иә, сол Лопендеңнің итін айтамын. Ал, бүгін сол итіңіз шөптің үстінде жата ма, әлде шөптің көлеңкесінде жата ма? Рақмет, айнам. Дұрыс, шөптің үстінен түспесін,- деп трубканы қойды.

Бөденнің иегі мен сүйегі

Мен бұ дүниеде Бөдендей көзсіз жанкүйер көргем жоқ. «Қайрат» үшін Бөден бетін жыртып, шашын жұлады. Басын жарып, көзін шығарады. «Қайрат» жеңілсе өліп қалады да, жеңсе тіріліп кетеді» дегенді естігенде мен сене қоймадым. «Қайрат» жеңілген сайын басыңды жарып, көзіңді шығара берсең, басыңнан бас, көзіңнен көз қала ма? Өзі бар болғаны бір-ақ бас, екі көз. Егер қойын-қоншың толған бас пен көз болса сөз басқа. Онда «Қайрат» жеңілген сайын бір басыңды шағып, бір көзіңді ағызып жіберіп кете берер едің ғой. Алайда Бөденде де, басқада да ондай байлық жоқ қой. Бәріміздің сол күн көріп жүрген бір басымыз, бір көзіміз. Бөден басын қалай жарады екен деп бір күні осы басжарғышпен стадионға бардым. Стадион толған сайдың тасындай бастар. «Апырау, осы отырғанның бәрі басын жарса бастың қадірі кеткен екен» деп ойлап отырмын.

Ойын басталды. Бөден дәл алдымызда отырған жылтырбас біреуден темекі тұтатып алды. Бір кезде «Арарат» допты алдына салып алып, біздің қақпаға қарай аңыратып айдады да кетті. Бөденнің екі көзі допта, ал темекі ұстаған қолы алдымызда отырған кісінің басына қарай кетіп барады. Доп қақпаға жақындаған сайын Бөденнің темекісі де ұшы қып-қызыл болып, қып-қызыл басқа жақындап келеді. Қарсылас бір сәтте допты ат тепкендей теуіп еді, доп зар еңіреп біздің қақпаға қарай ұшты. Бөден жылап жіберді. Ал қолы әлгі жанып тұрған темекіні алдымызда тұрған басқа апарып басты. Масқара. Әлгі бастың иесі де ес-түстен айырылып отырса керек, құлағын бір қағып қойды да отыра берді. Құйқасының шыж ете түскенін, бәлкім, үйінде қалған қатын-баласы естіген болар. Ал бұл өзі естімек түгіл сезген де жоқ. Құлақты бір қақты, бітті. Бөден де темекісін еденге басып өшіргендей қаннен-қаперсіз отыр. Ал мен ішімнен бір бас жарылды деп есеп ашып, басқа бастарды аңдып отырмын. Бір кезде әлгі ұшып бара жатқан доп ұлыған бойы ұлып барып біздің қақпаға оқыралаған сиырдай қойды да кетті. Сол-сол екен, Бөден өзін-өзі (оңбай кетейін) шықшыттан салып-ақ жібергені. Иегі иығына шығып кетті. Әлгі алдымыздағы отырған жалтырдың басында береттің төбесіндегі шашақтай шошайып темекінің қалдығы өлер-өлмес түтін шығарып сөнуге айналған екен.

Екінші таймның талқаны таусылар кезінде «Қайрат» қоқаңдап қаһарына мінді. Допты мылтықпен атқандай атып, қарсыластың қақпасына аттан салдырып алып келеді. Кәдімгі қашаған жылқыны қуғандай допты кісінетіп ұрып келеді. Бір кезде біздің бір жігіт допты кәдімгі іштен тепкендей теуіп еді, доп шырқыраған бойы шырқырап, қарсыластың қақпасына қақырата кіріп, етбетінен түсті. Гол!

Бөден мәз болғаны сонша, құлаштап тұрып, санын салып қалды. Қалған жеті минутта өзгеріс болған жоқ. «Қайрат» жеңді.  Жұрт бірін-бірі беті-басынан сүйіп, құшақтасып, қол алысып жатыр. Тұрайық десек, Бөденім тұра алмайды. Оң аяғын құшақтап еңіреп отыр.

–  О, Бөке, не болды?

– Аяғым сынып қалыпты.

– Ойбай, сау келіп едік қой, қай кезде сынып жүр?

– Білмеймін. Ойбай-ау, менің иегім қисайып қалған секілді ғой.

– Иә, сәл қисайып тұр.

– Мені біреу ұрған жоқ па, өзі?

– Жоқ, жұрттың сізде шаруасы болған жоқ қой.

– Құрысын, аяқ пен иек бірдеңе болар, «Қайрат» жеңді ғой, әйтеуір?

– Жеңді.

– Ал, ендеше, темекің бар ма?

– Бәке-ау, мен темекі тартпаймын ғой.

Жан-жағыма қарасам, әлгі жартыбас кетіп бара жатыр екен. Қуып жетіп «мына темекі біздікі еді, кешіріңіз» деп төбесіне жабысып тұрған темекіні құйқасымен жұлып алдым.

– Бәсе, әлгінде құлағым қышып қалғандай болып еді,- деп ол күлді де жөніне кете барды. Жұрт тараған соң, мен де соғыстан қайтқандай Бөденді арқалап үйге тарттым.

Бәтшағардың иегі ауыр ма, әлде сүйегі ауыр ма, арқамды ойып барады.

Ұқсас жазбалар:

Оспанхан Әубәкіров. Танкіге пышақ салуға бола ма?

Оспанханның әзіл өлеңдері

@. @assel_assanova