Оқи отырыңыз

Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың.

Автор: Бауыржан Момышұлы

— Редактор бағаны —

Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында
Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Бас бет / Лайфстайл / Әдебиет / Проза / Биғаң (Әңгіме)

Биғаң (Әңгіме)

Биғаң (Әңгіме)

Ауыл туралы айтудан ешкім жалыққан емес. Әсіресе, ауылда туып, қалада ер жетіп, бой түзеген қыз-жігіттер... Бүгін сіздердің назарларыңызға Гүлзат Нарытбектің осы бір шағын әңгімесін ұсынуды жөн көрдік. Соңғы уақытта қалам сілтесі соныланып, талант қыры ашылып келе жатқан жас жазушының өз айтар ойы баршылық. Ауылдағы бір адамның өмірін бір әңгімеге арқау еткен Гүлзаттың не білгісі келді екен?!

Биғаң

(Әңгіме)

...Бұ кісі О. Бөкейдің Биғасына ұқсамайды... Жо-жоқ, тек оған ғана емес, бізге де ұқсамайтын. Мұны оқып көзіңізге бір «құбыжықты» елестетіп отырған жоқпысыз, әйтеуір?.. Ол да кәдімгі адам. Біз секілді. Өзгешелігі де бар еді. Көзге ұрып тұратын. Сол өзгешелігін, өзгешелігінің сырын ешкім, тіпті ешкім ұға алған жоқ. Оны түсінбегендердің қатарына жатсам да, көпшілігі кемшілік деп есептегендері маған артықшылық болып көрінетін...

Биғаң... осы атауымды өзі есітер болса, білмеймін тіпті, мәңгілікке құлдық ұрып өтетін шығар. Өйткені, бүкіл ауыл адамдары оны Бектіғали дейтін (Азан шақырылып қойылған есімі сол-ау...). Тек қана Бектіғали. Есімінің соңынан «қайным», «інім», «бауырым», «аға», «көке», «тәте», «жезде» деген сөздер тіркеспейтін. Үлкенге де, кішіге де –  Бектіғали. Бітті.

Өзі ұзын бойлы, арықша келген кісі болатын. Қолында таяғы жоқ кезін көрген емеспін. Аяғында еш кемістік жоқ болса да (әлде, біз бейхабар ма екенбіз?) тастамайтын. Қадамы нық. Кеудесін тік көтеріп жүргенде көз алдыңа француздың джентельмендері келеді. Тек үстіне ілген жұпыны киімі: тозығы әбден жеткен, түсі оңып, іріп тұрған көйлек, бірнеше жерінен жамалған қырсыз, бұрынғы қара, қазіргі қоңыр шалбары мен сыры түсіп, ұшы кертілген таяғы оның джентельмендерге еш қатысы жоқ екенін айқындағандай. Ал жүзіне қарасаңыз... бетіндегі мәнсіздікті шырадай жанып тұрған от-жанары жойып жібереді.

Бала кезіміз... Ешкімде шаруасы жоқ, өзімен-өзі анда-мұнда жүре беретін Биғаңнан  себепсіз қорқушы ек. Ойнап жүргенде алыстан қарасы шалынса қуыс-қуысқа кіріп кететінбіз. Кейде ойын қызығына беріліп, дәл жанымызға келіп қалғанын бір-ақ байқаймыз. Ондайда біріміз икемге келмей сіресіп, біріміз еңіреп жылап, енді бір жылпос, ұшқалақтарымыз шаңдатып зытып бара жатамыз. Ал, ол бізге тіпті де мән бермейді. Таяғын тық-тық еткізіп өтіп кетеді. Бізге тиіспейтініне, зияны жоқтығына талай рет көз жеткізіп, куә болсақ та қорқамыз, сосын тағы қашамыз жан-жаққа бытырай. Әлі тілі шығып үлгермеген баланы жұбату үшін «Бектіғали әкетеді!» десең сап тиылатын...

Ауылдың әдеті ғой – Ол жайлы пайымдаулар да жеткілікті еді. Біреулер айтатын:

«...Бектіғали сабақты өте мықты оқыпты. Мектепті де, жоғарғы оқу орнын да қызыл дипломмен бітіріпті. Бірақ, бір төбелес кезінде басынан қатты соққы тиіп, содан жынды болып қалыпты.»

Енді біреулер айтатын:

«...Иә, керемет оқыған. Тек төбелес кезінде емес, әдейі ұрған екен көре алмағандар!». Үшіншілер:

«...Жоқ, ұрмаған. Жатақхананың жоғарғы қабатынан құлатып жіберген.» Өзге біреулері былай дейтін:

«...Ол әдейі осылай істейді екен. Ешқандай да жынды емес көрінеді»...

Бұларлардың қайсысының шын, қайсысының өтірік екенін анық білмеймін. Бірақ, бір білерім – оның зейіні керемет, есте сақтау қабілеті тамаша еді.

Шіліңгір шілденің кезі. Ми қайнатар аптапқа қарамастан шаңқай түсте шақырайған күнге күйіп жүгіріп жүрміз. «Күнге қақталмай ұйықтаңдар. Тұрғасын-ақ ойнайсыңдар. Ойын ешқайда қашпайды!» - дейтін әке-шешеміздің өздерін ұйықтатып, терезеден қашып кеткенбіз күндегі әдет бойынша.

Қаладан ағам келген. Өзі қатарлар жиылып, 3-4 адам үлкен қара талдың көлеңкесінде шахмат ойнап отыр. Ағам өте жақсы ойнайды. Бірнеше жарыстарда бақ сынаған. Құрмет грамоталары да жоқ емес. Олардың ойындарына қарайтын біз бе, мына жақта өзіміздің «базарымыз» қызып жатқанда. Кейде добымыз солай қарай ұшып кетеді. Бірінің басына ұрылса да үндеместен қайта өзімізге қайтарады. Ал абайсызда тақтадағы фигураларға тиіп кетсе, ойынымыздың тас-талқанын шығарып, үйді-үйімізге қуып тығады.

Осы қызған шақтың шырқын «Бектіғали келе жатыр!»  деген ащы дауыс бұзды. Бірімізді біріміз итеріп, қағып-соғып тығылатын жер іздеп кеттік. Мен жүгіріп келіп, шахмат ойнап отырған ағама арқамды сүйеп отыра қалдым. Бұрындары ешкім таба алмайтын қуысқа тығылсам да, «көріп қояды» деген ойдан арыла алмаушы ем. Бұл жолы қорғанышым бар дедім бе, тасада отырғаным болмаса бойымда түк қорқыныш жоқ. Қол созым жердегі енді өсіп келе жатқан қоразталдан екі «қоразды» алып алып, «төбелестіріп» отырдым.

- О, Ассалаумағалейкум! – деп, өре түрегелген ағамдар «кімге амандасып жатыр  екен?» - деп қарай қалсам... иә, дәл өзі! Сол Бектіғали үнемі жүретін түзу жолынан қиғаштай бұрылып бізге, жоқ, маған қарай келе жатыр! «Мені көріп қойды! Енді ұстап алады!..»

Біз оның адам жейтіні, өлтіретіні, болмаса ұратыны жайлы ештеңе естімегенбіз. Ұстап алған күннің өзінде не істейтінінен бейхабармыз. Әйтеуір бар ойымыз – ұсталмау.

Бейқам отырып қапелімде мұндайды күтпеген мен тіл-ауыздан қалдым. Тұра жүгірейін десем, екі аяғымда жан жоқ секілді. Бірақ, оның менде шаруасы болмады. Сол жердегі үлкендермен қол алысып амандасты да, маған қарап:

- Сұлу қыз, қалайсың? – деді. Болды. Менің өзінен қорқып тұрғанымды да білмейтін сияқты. Бектіғали мен ағам екеуі ойынды бастап кетті.

- Қалай, бұрынғыдан жақсы ойнайсың ба? – дейді ағама!

- Өткенде коллективтің атынан облыстық жарысқа қатысып, 2-орын алдым...

- Әй, жарыстарың бар болсын!.. Жүр одан да...

Біраз уақыт өткенде Ол жеңді де:

- Наша-ар!.. – деп тұрып кетіп қалды.

- Мына қор жүрісін-ай!.. – деді біреу соңынан.

«МЫНА ҚОР ЖҮРІСІН-АЙ!!!»

Содан бастап мен одан қорықпайтын болдым. Жоқ, аздап қорқам. Бірақ өзімді ұстай алам. Ол кезде біз үшін адамдардың екі түрі ғана бар еді ғой: жақсы адам, сосын жаман адам. Мен оның жақсы адам екеніне сендім. Ойымның оқыс әрі түбегейлі өзгеруіне дәл не түрткі болғаны өзіме де беймәлім әлі күнге...

Ойынымыз жалғаса берді. Бектіғали көрінсе қашу да бұрынғыша. Тек, мен қашпаймын. Көз ұшында көрінгеннен таса болғанша қарап, сансыз-сансыз сұрақтар басымды шырмап алатын: «Неге?.. Неге?.. Неге?..». Сол сансыз сұрақтың 1-2-не ғана жауап тапқан шығармын осы кезге дейін. Оның өзі толық емес. Ал, қалғандарына... білмеймін... кім жауап бере алады?..

Достарым аң-таң.

-  Асылзат, сен қалай қорықпай тұрдың?

- Шынымен қорықпайсың ба?

- Дәл қасыңа келсе де ме?

- Ұстап алса, қайтесің?

Балалықтың бейкүнә, қулық-сұмдықтан ада, аңғал сұрақтары ғой...

Тағы бір осындай сәтте, Ол бұрылып менің жаныма келіп, маңдайымнан сипады.

-...Ақылыңнан сенің!.. Ағаң келмеді ме?

Басымды шайқадым. Үндеместен тұрды да жөнімен кете берді. Қуыс-қуыстағылар топырлап шығып, мені қоршап алды.

- Не айтты?

- Қорқытты ма?

- Ұрысқан жоқ па?

- Жаңа басыңнан ұрды ма?

- Не айтқанын түсіндің бе?

- Жындылар да кәдімгі  біз сияқты сөйлей ме екен?

- Ол жынды емес! – дедім.

Енді достарым менен қорқатынды шығарды. Дәл Бектіғалидан қорыққандай қашпайды, әрине. Үйге «Ойнайсың ба?» деп келмейді. Жақсы ойыншы болсам да, «Біздің топқа бол!» деп таласпайтын болды...

Өздері мен жайлы былай айтады екен:

-  Бектіғали сиқырлап алған...

- Ол да үлкен болғанда Бектіғали сияқты жынды болады екен...

Енді ойласам, көбі түсіне бермейтін қиялилық менде сол шақтың өзінде болған екен-ау...

Көктемнің күлімдеген күндерінің бірі болатын. Ыстық күн алаулаған будақ-будақ бұлттардың арасына жасырынып, жер бетін жанға жайлы жұқа көлеңкеге бөлеп тұрған. Мектептен төменгі ауылда тұратын алты қыз келеміз. Алтаумыз бір сыныпта оқимыз. Руымыз да бір. Енді 1-2 аптада оқу жылы аяқталмақ. Қимаймыз. Мектепті емес, апайымызды. Бастауышпен қоштасамыз. Сосын ұстазымыз зейнетке шықпақ. Әңгімеміз сол жайлы. Біз жаяу жүргіншілер жолы – тротуарда келе жатқанбыз. Оған параллель, 5-6 метр қашықтықта мәшинелер жүретін жол. Сол жолда Бектіғали келеді екен. Байқамаған едік:

-  Балапандар! – дегенге жалт қарастық, - сол жерге отыра қалыңдар...

Біз түсінбей бір-бірімізге қараймыз. Сосын тізіліп жол жиегіне тізе бүктік. Ол мәшие жолдың біз жақ  шетінде. Жақындасам қорқытып алам деді ме, орнында тұрып,  Қазақ, тек жайынан бастап бірталай дүниені ашты. Майда, жеңіл тілмен бізге өте ұғынықты етіп көрсетті. Сонда отырған алтаумыздың бір-бірімізге қаншалықты жақын аталас екенімізді айтты. Сөздері өте сауатты. Жеті атамды білгеніммен, Биғаңнан естіген көөөөөөп нәрседен бейхабар екем. Таң қалғаным – ол тұрмақ, дені саулардың өзі біздердің кімнің бала-шағасы екенімізді білмейді ғой. Ал, Ол... үлкендерден кейінірек естуім бойынша, бүкіл ауылды солай жатқа айтып бере алатын көрінеді! Ондай шежірешілер тым-тым аз қалды ғой...

Кейін, әйтеуір, бір құдіреттің күшімен, Одан ешкім қорықпайтын болды. Ойнымыз бел ортасынан үзілмеді. Келе қалса жамырап амандасамыз. Ол сәлемімізді тек басын изеп қана алып, бізге беймәлім бағытымен кете беретін...

Оның жынды еместерге қарағанда дені сау екенін білдік. Бәрі білді. Сонда да «жынды» болып жүре берді... «жынды» болып өмірден өтті...

10.06.2012ж

Гүлзат Нарытбек

Cурет:horde.me

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

3623 12
Рейтинг: +6

Дайындаған: Ла Лига
Қосылған күні: 12 желтоқсан 2012, 16:47
Пікірлер
+0
12 желтоқсан 2012, 16:19

Жарайсың, Гүлзат қыз! Саған шығармашылық табыстар тілеймін)

+0
12 желтоқсан 2012, 16:24

Тілі жатық. Талай тәсілді меңгеріп, талай образ жасайсың деп үміттенеміз.

+0
12 желтоқсан 2012, 16:33

Не себеппен солай жүретіні ашылмаған сыр болып қалды :(

+0
12 желтоқсан 2012, 16:33

керемет әңгіме! Тәсіл мен білім молайта түссе қарымдасымнан озық шығармалар туылары сөзсіз. Гүлзат, қаламың мұқалмасын, қағазың жұқармасын!!!

+0
12 желтоқсан 2012, 21:42

Жақсы. Ұнады! Бізде де өстіп жаза алатын қыздар бар екен ғой,...Жарайсың!!!

+0
13 желтоқсан 2012, 00:23

Тамаша деп қана баға бере алмаймын. Жасы әлі жиырмаға жете қоймаған бойжеткеннің мына әңгімесінде баланың психологиясын, көңіл-күйін қалай дәл бейнелеген. Әр ауылдың бір "Бектығалиы" бар ғой. Әр ауылдың "Бектығалиын" жынды дегенімен, балаларға тиіспейтін, сүйте тұра қорқатынбыз. Әр ауыл солай ғой. ағасының шахмат шебері екені, сүйте тұра бір жындыдан жеңілетіні... бәрі-бәрі қалай жақсы бейнеленген. Қалқам-ай, осы ынта-талантыңнан жазба. жол әлі ұзақ. Ағаң сенің әр шығармаңды сағынышпен, ыстық ықыласпен күтіп жүретін болады... қаламың қарымды болсын, қарындасым.

+0
13 желтоқсан 2012, 03:21

Жап жақсы дүние. Маған да ұнады. Әрине әлі жазбағанынан жазарып көп Гүлзаттың.

+0
13 желтоқсан 2012, 09:09

Тақырыбы ерекше екен, бірден адамды тартып алады

+0
13 желтоқсан 2012, 19:16

Охо, тағы бір жазушы қарындас бой көрсетіп келе жатыр қазақ әдебиетінде. шүйінші, ағайын.

+0
18 желтоқсан 2012, 00:26

шыныменде жақсы жазыоған.........

+0
20 желтоқсан 2012, 15:40

кештетіп болсада пікір қалдырғанды жөн көрдім. жақсы шығарма туралы өз кезінде үнсіз қалудың өзі оның тынысын тарылтпаса кеңейітпесі анық. мұнан да әдемі шығармалары бар. әр қадамын жіті бақылап келем десем асыра айытпағаным болар. жасампаздыққа ұрынған емес, таза тамырлы болымысы сол. жазар көбейсін!

+0
21 желтоқсан 2012, 11:14

Оқи түскің келеді екен оқыған сайын... Қалам ұштала берсін!

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Ең қызықты блогтар

Күңк-күңк күбір...
Күңк-күңк күбір...

Шу-шу десек Ду-ду өсек

Аралас экономиканың қазақстандық  моделі
Аралас экономиканың қазақстандық моделі

Аралас экономика әр түрлі меншік нысандарына, олардың өзара қарым-қатынасы мен...

Қарымта қайтаратын сәт келді деді ме екен...
Қарымта қайтаратын сәт келді деді ме екен...

«Үрбибімізді» «Дерзкая» десе, Бек Нұрдың «Мені ұмыт» әнін «Предала» деп...


Соңғы аудармалар

EXO - Lucky One [kaz_sub]
EXO - Lucky One [kaz_sub]

Оңтүстік кореялық әйгілі бойз-бэнд EXO тобы бүгінде дәурені жүріп, дүркіреп тұрған топ болып отыр. Жігіттер тобы тек Оңтүстік Кореяда ғана емес, Азияда танымал. Қазақстанда да EXO тобының жанкүйерлері жетерлік. Басында он екі қатысушыдан құралғанымен, бүгінде топта он өнерпаз өнер көрсетеді. Әр қатысушы жан-жақты, талантты. Біз бұған дейін аталған топтың бірнеше бейнебаянын қазақшаға аударған едік. Назарларыңызға топтың "Lucky One" туындысын қазақша субтитрмен ұсынамыз. Аударған: Жарылқасын Мырза Тайминг,...

IU - The shower [kaz_sub]
IU - The shower [kaz_sub]

Ли Чжи Ын – оңтүстік кореялық 23 жасар әнші қыз. Оның сахналық есімі «I and You» (мен және сен) әуен арқылы бір бүтін бола аламыз дегенді білдіреді....

Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]
Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]

Ел: Оңтүстік Корея  Жанр: романтика, медицина, драма, комедия, боевик  Жыл: 2016  Режиссер: Ли Ын Бок Басты рөлдерде: Чжин Гу, Сон Хе Ге, Сон Джун...