Оқи отырыңыз

Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың.

Автор: Бауыржан Момышұлы

— Редактор бағаны —

Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында
Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Бас бет / Лайфстайл / Әдебиет / Проза / Депрессия. Аягүл Мантаева

Депрессия. Аягүл Мантаева

Депрессия. Аягүл Мантаева

Аягүл Мантаеваның әңгімесі оқылымды. Тілі жұтаң емес. Ойы ұшқыр. Қыз сезімін бірден-ақ байқауға болады. Депрессия - адамның ойы әр жақта, өз-өзін жоғалтқан адамның әуресі десек, әңгіменің де айтар ойы осы бір жұмбақ әлемді шешуге тырысқан, оны және көктен емес, айналадағы адамдардың сезімінен іздеген жас жазушының туындысын ұсынып отырмыз.  


Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Байқоныс ауылында дүниеге келген. 2009 жылы «Жалын» баспасынан «Жаңбырлы көктем» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. Ол «Серпер» Жастар сыйлығының лауреаты, Баққожа Мұқай атындағы әдеби байқаудың жүлдегері. 2010 жылы Әдебиет номинациясы бойынша Президент стипендиясының иегері.

Депрессия

Қап-қара түнекті сейілт­кісі келген сәуле көз шағылыстырады. Біздің ауылдың аспанында Ай жасырынғанымен, жасанды сәуле жарық шашады. Жарық жылдамдығына ілесе алмайтын жынды көбелектер мен шіркейлер бағананы айналып, шарқ ұрады.

– Біріміздің тағдырымыз жынды көбелекке, біріміздің тағдырымыз кішкентай шіркейге ұқсайды. Менің көбелекке ұқсағым келмейді, – деп күрсінді ол. 
– Шіркейге кімнің ұқсағысы келеді дейсің? 
Мұңлы жымиып: – Сен құмыраға отырғызылған жабайы гүлге ұқсайсың, – деді.    
– Аппақ құсқа айналып, аспанға ұшып кеткім келеді, – деп қиялыма ерік бердім. 
– Аппақ көгершін жабайы гүлді сабағынан аялай үзіп, гүлді тұмсығымен  тістеп, аспанда ұшып жүреді, – деп қиялыма қанат бітірді. – Әттең, көбелектің құс ұшатын биікке көтеріле алмай, қанаты талады.
– Көбелекті аяймын. Қызыл-ала қанатты көбелекті ұстай алмағаныма ызаланып, шалқан гүліне қонатын ақ, сары көбелектерді сыпыртқымен ұрып, табиғаттанудың парақтарын толтырдым. 
Ол мұңлы жымиып: – Еркек пен әйелдің қарым-қатынасы гүл мен көбелектің қарым-қатынасын қайталайды. Сен биік үйлердің терезесінен көрінетін қызыл гүлге көбелек қонғанын көрдің бе? – деп бетіме сұраулы жүзбен қарады.  
– Даланың жабайы әрі табиғи сұлулығын жасандылықпен салыстыру – ақымақтық.  
 – Өз тәнін құмар ойынына тіккен жезөкше мен көбелектің ортақ ұқсастығы: олар өмірмен емес, ажалмен ойнайды, – деген ол әңгімесін кілт үзіп:  – Қара мысықты көрдің бе? – деп үрке қарады.  
– Қара мысық?
– Алдымызды кесіп өткен үлкен қара мысықты шынымен көрмедің бе?
Даусында таңдану мен сенімсіздік бар.  
– Көрмедім. 
– Көзімді жұмуға жүрексінем. Түсімде қара мысық пен балалары етіме таласып, сүйегімді кеміріп жатады. Ұйықтасам, көзімді ашып, жарық әлемге қарауға қорқам. Қара мысық туған сайын ескі шелекті суға толтырып, көзін ашпаған мәулендерді кезек-кезек суға батырып, өлтіре бердім. Көктемде мәулендерін өлтіріп жатқан кезімде қара мысық жолбарысша атылып, беті-қолымды тырналап тастады. Жауыз адамның үкімімен бір күннен артық өмір сүрмеген балаларын біртіндеп ескі тамның үстіне тасыды. Қара мысықтың аузында денесі салаңдап тұрған құйтақандай мышым әлі күнге дейін көз алдымда.  Мәулендерінің өлі денесін тілімен сипап жатқан қара мысықты күрекпен ұрып, өлтірдім. Қатыгездігімді балалық тентектікке балап, ақтаудың өзі – қылмыс. Бесеумізді бес еркектен туған анама деген жеккөрушілік сезімім жылына екі-үш рет балалайтын қара мысыққа деген өшпенділігімді оятты. Сол күні жабайы аң секілді бізді әр кездескен еркегінен туған анамды қара мысық секілді өлтіруге ант еттім. Жезөкшенің ұрпақ өрбітуіне құқы жоқ, түсінесің бе, құқы жоқ! Жезөкшеден жезөкше туылады. Оныншы сыныпта  оқып жүрген кезімде екі рет түсік жасатқанымды білесің бе? Бұрымыңнан бозбала тартып ойнаса, ағаңа шағым айтып, ұрғызатын ақымақ, менің баламды өз қолыммен өлтіргенімді білесің бе? – деп көк көйлегімнің жағасынан тартып, қылқындыра бастағанда, қорқыныштан:  – Құтқарыңдар! Өлтірді, құтқарыңдар! – деп айқай салдым. Бірақ өз даусымды өзім ести алмадым. Жандүниемнің айқайын мылқау түн де естімеді.

– Кешір, – деді аспан жаққа көз тастап. – Кешірші. Сені жақсы көре тұрып, жек көретінім үшін кешірші. Ғасыр... Ол менің сезімімді қорлады.  Ғасырға өлім тілейтінім үшін кешірші. Аппақ әлемді, айналамды қоршаған адамдарды жек көретінім үшін кешірші. Сен жазмышқа сенесің бе? – деді ол темекісін тұтатып. Сүйрік саусақтары дір-дір етеді. Иығынан қиылған қара шашын жел тербеп, аппақ бетін жас жуып жатты.  
Оның сөзін анық естісем де қорқыныштан ойымды жинақтай алмадым. 
– Білмеймін... 
– Менен қорқасың ба? – деп мырс етті. – Өзім де өзімнен қорқам. 
Денем дірілдеп, тоңа бастадым. 
– Қош бол! Біз әлі кездесеміз, – деп көңілсіз қоштастым. 
Таң атқанда ғана  көз ілдім. Ұйқыдан оянғанда денем дел-сал болып, басымды көтере алмадым. Қалаға екі күн кешігіп оралдым. 

                  ***

Ол екеуміз бір сыныпта оқыдық. Бастауыш сыныпта бір партада отырдық. Балалардың сөмкесінен нан ұрлап, сабақтан да бірге қаштық. Үлкен үзілісте соңғы партаға (біз соңғы партада отыратынбыз) дастарқан жазып, мен үйден әкелген мантыны, Айкөркем асханадан сатып алған тәтті сусынды, ұлдардан ұрлаған пәтір нан мен сарымай жағылған тандыр нанды қойып, кішігірім «той» жасайтынбыз. «Тойға» кейде қыздарды шақырып қоямыз, бірақ ұлдарға ауыз тиюге де рұқсат жоқ. 
– Менің пәтір нанымды тағы да ұрлап алғансыңдар ма? – дейді Құрбақа-Диас. 
– Сенің апаңнан басқа ешкімнің апасы пәтір нан пісірмей ме? – деген әдеттегі жауабымызды қайталаймыз. 
– Кеше апам тандырда нанын ұмытып кетіп, күйдіріп алған. Тандыр нанымды танып тұрмын. Нанымды беріңдер, ұрылар – деп кіжінеді Маймыл-Құрмаш. 
– Біздің апамда ұмытшақ, ол да кеше нанды күйдіріп алған, – деймін мен.   
Жетінші сыныпта ұлдардан нан ұрламайтын болдық, тіпті үйден әкелген нанды олардан жасырып жейтінбіз. Нан ұрлап жеуді қойғаннан бастап, Айкөркем менен  алыстай бастады. Бір күні достығымызға сызат түсетінін сезсем де, оны жоғалтудан қорқатын едім. Бәлкім, ол емес, мен одан алыстай бастаған шығармын. 
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дағдарыс кезеңінде де Айкөркем мектепке қызыл-жасылды қымбат сәнді киім киіп, сәнденіп келетін. Күнде шешемнің құрбысы тігіп берген қара юбка мен ақ кофтаны киюден жалыққан мен оған қызыға да, қызғана қарайтынмын. Ауыстырып киетін кофтам болса да, юбкам болмағаны есімде. Юбкам жексенбі күні жуылып, кеппесе, таңертең көмекке үтік келеді. Бір күні юбкамды күйдіріп алдым. Анам әкемнің қара шалбарының балағын  ойып алып, жамап берді. Содан күзде мақта теріп, ақша тауып, киім алғанша, жамау түскен киiмнен құтылмадым. Менің жамау түскен киімім Айкөркемді менен алыстатса, оның мінезіндегі өзгеріс мені одан алшақтатты. Айкөркем сабақтан жиі қалатын, оқу үлгерімі де нашарлап кетті. 
Бір күні сабаққа кешігіп келсем, Айкөркем мен Әсима екі жерде жылап отыр. 
– Айкөркем шешесінің қателігі үшін ешкімнің алдында жазықты емес, – деді сынып жетекшіміз. – Әсима, сен одан кешірім сұрауға тиіссің. 
– Анасы біздің отбасымызды ойрандағаны үшін кешірім сұрауға тиіспін бе? Ол, бәлкім, менің әпкем шығар? Менен екі ай үлкен ғой, оны «әпке» дейін. Әпкетай! Әпке, – деп Әсима оны келеке ете бастады. 
– Анам әкемнен ұрсып жатқан кезде «Айкөркем, бәлкім, сенің қызың шығар» дегенін естіп қалғанмын. Ол менің қарындасым болуы мүмкін, – деді аңқау  Қуаныш.  
Үнсіз жылап отырған Айкөркем: – Малғұн! Өшір үніңді, малғұн!– деп айқай салды. – Жексұрын! «Әпке» деме мені, жексұрын, – деп Әсиманың жағынан тартып-тартып жіберді. – Малғұн, мен сенің қарындасың емеспін, – деп парта үстіндегі кітапты Қуаныштың бетіне лақтырды. Мен оны жұбатпадым. Жұбата да алмайтын едім. Анасы жезөкше болғаны үшін оның жазықты емесін біз түсіне алмадық. Ерте бой түзегені үшін емес, жезөкшенің қызы болғаны үшін одан алыстаппын. Әйтпесе, ерте бой түзеген қыз аз ба?! Екі бұрымымды тарқатқаннан бастап, шешемнің онымен достығыма қарсылығы да оған деген жандүниемнің қарсылығын оятыпты. Сол күннен бастап біздің әрқайсымыздың санамызда «ол біздің әкеміздің қызы шығар, болмаса, атамыздың не ағамыздың қызы ма?» – деген күдікті ой қылаң берген еді. Оны бір-бірімізге ашып айтпасақ та, ол жоқ кезде бәріміз оның әкесін бірге «іздейтінбіз». 
Біздің ауылдың момын тракторисіне төрт қызымен тұрмысқа шыққан әйелдің сұлулығы  еркектерді тәнті етіпті. Әйелдің есімі Жұпар.  Ауылдың шетіндегі жалғыз үйді ерлер жағы «Жұпар исі» дейтін. «Жұпар исі» үйін біздің ауылдың әйелдері жек көретін.  «Тәйірі «Сасық үйді» «Жұпар исі» деп атағаны несі, ей», – деп күйіп-пісетін дәу апам. Біздің ауылдың қартақұмарлары картадағы жалаңаш әйелдің бейнесін де сол әйелдің атымен атайтын. Біз мәдениет үйінің кітапханасынан ертегі кітап жаздырып алып, оқып жүрген кезде күйеуі сөмке-сөмке кітап әкететін. Кітапқұмар еді. Біздің бала  қиялымыз кітапты көп оқитын адамды «данышпан» деп пайымдайтын. Есімді білген кезде оның әйелінің жеңіл жүрісті екенін естігенде алғашында сенбедім. Қалайша «данышпан адамның» әйелі жезөкше болады? «Әйелі дуалап тастаған. Сондықтан әйелі не істесе де, оған қарсы тұра алмайды», – деп түсіндіретін үлкендер. Жұпарды алғаш көрген кезде біз көріп жүрген әйелдің бірде-біріне ұқсамайтынын түйсігіммен сезіндім. Сол сезіну мен түйсіну – қорқынышты еді. Әйелді көрген сайын бойымда түсініксіз қорқыныш сезімі оянатын. Әйел қаладан ауылға жыл құсындай сирек келетін. Біз жетінші сыныпты бітірген жазда күйеуі жынданып кетті. Қолына шыбық ұстап, «атын ерттеп», көшеде шауып жүретін. «Данышпан адам» қорқынышымды емес, аяушылық пен жеккөрушілік сезімімді оятатын. Айкөркемнің төрт әпкесі де тұрмыс құрмады. Есесіне біздің ауылда некесіз сәби көбейді. Айкөркем... Сұлулығына біздің ауылдың бүкіл жігіті сұқтанған Көркем...  Біздің ауыл сұлулықты бағалай алмады. Сұлу әйелге еркек біткен аш қасқырдай өш екен. Достығымыз сыналатын қыл өткелден мен оның қолынан жетектеп өте алмағаным үшін, қап-қара көзіндегі мұңын түсіне алмағаным үшін жазықтымын.    

              ***
Сол қоштасудан кейін Айкөркем екеуміз арада сегіз жыл өткен соң кездестік. Толысып, көз алдына ұсақ әжім түсіп, көзіндегі мұң да тереңдепті. 
– Әдемі ерніңнен жігіт сүйді ме? – деп қулана сұрады. 
Шамданып қалдым.
– Мен балабақша тәрбиеленушісіне ұқсаймын ба? 
– Жоқ, сен құмырада өскен жабайы гүлге ұқсайсың.  
– Ұмытпапсың. Тек әлі аппақ көгершін аспанға алып ұшқан жоқ. 
– Ғасыр әлі үйленбепті. Екеуміз де бір мезгілде бір адамға ғашық болдық. 
– Мен Ғасырды ұмытып кеттім, – десем де өзім алғаш рет ғашық болған бозбаланы  анда-санда есіме алатынымды, тіпті кейде сағынатынымды жасырып қалдым. – Мен саған жиырма хат жазып, бірде-біріне жауап ала алмадым, – дедім. 
– Ғасырды мен ұмыта алмаймын. Себебі, ол менің сезіміме жауап қатпаған жалғыз еркек. Ол мені емес, сені сүйді. Мен секілді сұлу қызға көз қиығын салмауы күлкілі ғой. 
– Кей сұлулар еркектің мазағына ғана лайық, – дедім қырсығып. 
Ол түк те ашуланған жоқ. 
– Сен ерекше сүйкімдісің, – деп еркелете бетімнен сүйді. – Білем ғой, сен менің болмысымнан қорқасың, сүйе тұрып, сезімін тұншықтырып тастайтын сенен мен де қорқам. Бір-бірімізге мүлдем ұқсамасақ та неге сені іздеймін? Менімен бір дастарқан басында отырғаныңа намыстанбайсың ба? 
– Түсінбедім?
– Мүләйімсімеші, тәкаппар ақымақ,  – деді ызғарлы үнмен. – Тәнімді бір түнге саудалаған еркектер менің есімде қалмаса да, олар менің тәнімді ұмытпайды. Еркек өзін өмір бойы аялаған әйелдің жақсылығын естен шығарса да, ақшаға сатып алған ләззатын ұмытпайды. Менің жаным сезімді іздемейді, тәнім болса, ақшаны сүйеді. Тәнім ар-ұятым мен намысымнан да қымбат. Сезімім мен үмітім, қиялым мен арманым алдап кетті. Қарызға құрбым бермеген ақшаны тәнім тауып берді.      
– Сенің өмірің – сенің ғана шындығың, – дегеннен басқа аузыма сөз түспеді.     
– Кеше ұйқымнан тағы да шошып ояндым. Түсімде қара мысық бейітімнің басына балалапты. Қабіріме бара қалсаң, бейітімнің топырағын шашып, тырналап жатқан мысықты қуа көрмеші, – деді жалынышты үнмен. – Қабіріме гүл қоймай-ақ қой, мысыққа сүт әкелші. Қайда барсам да, қара мысық көлеңкем секілді еріп жүреді. Терезеден қарап тұрған мысықты  көрдің бе?  – деп көзін бағжитып, үнсіз қалды.   
– Сандырақ. Қалада кедейдің мысығы да еркін емес. Елес,  – деп терезеге мойнымды бұрғанымда бізден көз алмай қарап отырған дәу қара мысықты көріп, қорқыныштан жүрегім тоқтап қала жаздады. Оның құдды адам секілді жек көре қараған жап-жасыл көзіне ұзақ қарауға дәтім бармады. Көз алдым қарауытып, басым айналды.   
Ертесіне көзімді ашсам, аурухана төсегінде жатыр екем. 
Жас дәрігер: 
– Сіз қара мысық та, көк мысық та көргеніңіз жоқ. Депрессияға түскен құрбыңыздың қорқынышы сізге де әсер етіп, қара мысықтың бейнесін қиялыңызбен  көз алдыңызға елестетесіз. Құрбыңызбен ұзақ уақыт кездесуіңізге тыйым саламын. Әйтпесе, сіз де құрбыңыз секілді жүйке ауруына шалдығасыз, – деді. 
– Қара мысықтың көзіндегі өшпенділікті сезінсеңіз, сіз де аурухана төсегінде  жатар едіңіз. 
– Сіздің жүйкеңіз шаршаған. 
– Жүйкемнің шаршағаны рас. Бірақ үнемі депрессияда жүретін адамдардың «қара мысық елестеді» дегенін естісем, құлағым керең болсын.
Дәрігер жауап қатпай, күлімсіреді.  
Жас дәрігердің сүйкімді жүзі, тұңғиық жанары Ғасырды есіме түсірді. Сол сәтте Ғасырға деген сезімімді онымен бірге ауылда қалдырып кеткенімді сезіндім. Қала Ғасырға деген сезімімді суытып, сағынышымды ғана сақтап қалыпты.  
– Шынайы сезім де ұмытылады, – деп күбірледім. 
– Не дейсіз? – деп дәрігер бетіме сұраулы жүзбен қарады.
– Сіз бала кезіңізде қырдан қызғалдақ тердіңіз бе?  
Ол жымиып, басын шайқады: – Біздің ауылда туысымыз болған емес. Ата-анам балалар үйінде тәрбиеленген. Қырдан қызғалдақ тере алмадым. Саяжайда көшет отырғызып, бау-бақшаны суғарып, алма жинадым.  
Ертесіне оянғанымда үстел үстінде құмырада тұрған бес тал қызғалдақ пен қасымда ұйқымды күзетіп отырған сүйкімді дәрігерді көрдім.  
– Қызғалдақты қырдан арнайы сізге арнап тердім, – деп ұяла жымиған дәрігер аяғын жеңіл басып, бөлмеден шығып кетті. 
Даланың исі шықпайтын қызғалдақты кеудеме басып, аяғымды қорқа басып, терезеге жақындадым. Далада көктемнің исі шығады. Су тамшылаған өріктің жапырағы дір-дір етеді. Өріктің бұтағына қонақтаған торғай суықтан тоңып, бүрсеңдейді. Ағашқа өрмелеген мысықтан қорқып, көзімді жұмдым. Көзімді ашқанда ұры жүріспен, торғайға жақындап қалған шұбар мысықты көрдім. Екі тал қызғалдақты лақтырып, құсты үркітіп жібердім.    
– Қорықпаңыз, аурухана ауласынан бұл жабайы мысықты мен күн сайын көрем, – деген дауысты естіп, артыма жалт қарадым. Жас дәрігер жұмбақ жымиып: – Сезімнің иесі – қызғалдақ емес, жүрек, – деді.
Бірі ағаштың бұтағына ілініп, бірі жерге түскен қызғалдаққа кезек-кезек қарап, ұялғанымнан көзімді алып қаштым.   
– Сіз мейірімділігіңіз үшін ұялуға тиісті емессіз, – деді ол. – Сіз гүлді лақтырып тастаған жоқсыз, торғайды ажалдан арашалағыңыз келді. 
Жауап қатпастан құмыраға қолымдағы үш тал гүлді салып, дәрігерге көзімнің қиығымен қарағанымда, ол күлімсіреп тұр еді. Даланың исі шықпаған қызғалдақтан сезімнің исін сезіндім...

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: psy-press.ru

5745 6
Рейтинг: +6

Дайындаған: Ардақ Құлтай
Қосылған күні: 18 қазан 2012, 14:53
Пікірлер
+0
19 қазан 2012, 16:14

Өте керемет жазылған әңгіме екен. ;)

+0
19 қазан 2012, 16:44

Әдемі......

+0
19 қазан 2012, 17:20

міне, керемет шығарма! Ареке, осындай шығармалар көптеп салыңдаршы?

+0
19 қазан 2012, 18:36

жақсы әңгіме екен.

+0
19 қазан 2012, 21:22

Айкөркемнің аты ғана көркем екен ғой...

+0
31 қазан 2012, 10:26

қыз балаға, әйел жазушы болса осындай дүние оның биігі, шоқтығы...

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Ең қызықты блогтар

Эссе жаза аласың ба?
Эссе жаза аласың ба?

ҰБТ-ның жаңа форматына сай эссе жазуды бірге үйренейік!

Автор: Аида Жеңіс
Шетелдік сериалдардың әсері.
Шетелдік сериалдардың әсері.

Шетелдік сериалдардың әсері.

Келін алдында бас ию ме, әлде келін алдындағы міндеттер ме?
Келін алдында бас ию ме, әлде келін алдындағы міндеттер ме?

Әрбір адамның өз міндеттері мен жауапкершілігі бар ғой, сол сияқты менің де ене...

Сұмдық апат «Шапекоэнсе»-де тірі қалғандар.
Сұмдық апат «Шапекоэнсе»-де тірі қалғандар.

Қазалы адамдар саны - 71. Апат туралы.

Автор: Olzhas Samatov
Құрбы керек...
Құрбы керек...

жақында өшіріледі.

Автор: <ҚАЗАҚ> ...

Соңғы аудармалар

EXO - Lucky One [kaz_sub]
EXO - Lucky One [kaz_sub]

Оңтүстік кореялық әйгілі бойз-бэнд EXO тобы бүгінде дәурені жүріп, дүркіреп тұрған топ болып отыр. Жігіттер тобы тек Оңтүстік Кореяда ғана емес, Азияда танымал. Қазақстанда да EXO тобының жанкүйерлері жетерлік. Басында он екі қатысушыдан құралғанымен, бүгінде топта он өнерпаз өнер көрсетеді. Әр қатысушы жан-жақты, талантты. Біз бұған дейін аталған топтың бірнеше бейнебаянын қазақшаға аударған едік. Назарларыңызға топтың "Lucky One" туындысын қазақша субтитрмен ұсынамыз. Аударған: Жарылқасын Мырза Тайминг,...

IU - The shower [kaz_sub]
IU - The shower [kaz_sub]

Ли Чжи Ын – оңтүстік кореялық 23 жасар әнші қыз. Оның сахналық есімі «I and You» (мен және сен) әуен арқылы бір бүтін бола аламыз дегенді білдіреді....

Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]
Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]

Ел: Оңтүстік Корея  Жанр: романтика, медицина, драма, комедия, боевик  Жыл: 2016  Режиссер: Ли Ын Бок Басты рөлдерде: Чжин Гу, Сон Хе Ге, Сон Джун...