Сол бір қыстың сәрсенбі күндері

Сол бір қыстың сәрсенбі күндері

Арман Әлменбеттің шығармашылығын ұсынамыз.

Мен Алматыдағы ең іргелі деген кітапханалардың бірінде күзетші болып жұмыс істеймін. Бұл жерде барлығы бейне бақылауға алынған. Оқу залдарын аралап әуре болмай-ақ, бір орында отырып қадағалауға болады. Бірнеше бөлмені бір мезгілде назарда ұстауға мүмкіндік бар. Экранда жыпырлап, барлық камераның көрінісі қатар шығып тұрады. Немесе, арнайы бір жерді экранда үлкейтіп, мұқият қарай аласың. Қысқасы, бар жағдай жасалған. Әңгімелейін дегенім, былтыр сол бейне бақылаудың арқасында екі жастың сезіміне куә болдым. Адамдардың жеке өміріне үңілу – қызметіме қайшы болса да, мен соны істедім. Өйткені, ол адамды бейжай қалдырмайтын, сондай бір нәзік қарым-қатынас еді. Мен ол екеуін қимадым. Бір-біріне деген ынтық көңілдеріне сүйсінгенім сонша, сырттай тілеулес болып жүрдім. Қол ұстасып, отбасы құрғандарын көргім келді. Мен сол үшін де олардың рұқсатынсыз сырттарынан бақыладым... Не де болса басынан бастап айтайын.

Қазан айында ғой деймін, бір жас қыз ішке кітап алып кіруге рұқсат сұрады. Кітапхананың ережесі бойынша оқырман ішке кітап, газет-журнал алып кіре алмайды. Мен: «болмайды» дедім. Бірақ қыз қиылып тұрып алды. Оған екі-үш рет қайталап, өзінен өтінгендей болып, әзер түсіндірдім. Аузы бұртиып, жанары жасаурап, кішкене балаға ұқсап өкпелеп қалған.

Бұл жағдайды айтып отырғаным, осы оқиға болмаса, бұл қыздың түрі есімде де қалар ма еді, қалмас па еді, кім біледі. Қаншама адам келіп, қаншама адам кетіп жатыр. Күн сайын келетіндердің болмаса, әдепкі оқырмандардың, әсіресе сессия кезінде ғана келетін жастардың түрі есімде қала бермейтін.

Бір күні экранның алдында әр бөлменің бейнесін селқос ауыстырып, алаңсыз отырғанмын. Екінші қабаттағы камераны қосып ем, әлгі бір реттегі кітабын кіргізбекші болған қыз орнынан тұрып сыртқа шығып бара жатыр екен. Сөмкесі үстелдің үстінде қалған. Қыз залдан шығысымен бір жігіт жан жағына қарап, тез-тез басып барды да, сөмкеге қолын салғандай болды. Экранға жақынырақ үңіліп, жігіт бері қарғанда түрін көріп алмақшы болдым. Ол қолын сөмкеден суырып алды да, жылдамдатып орнына барып, заттарын асығыс жинай бастады. Мен дереу екінші қабатқа шықтым да, аптығып жүгіріп келе жатқан күдікті жігітті есіктің алдынан күтіп алдым:

-  Қалың қалай, бауырым?

-  Ассалаумағалейкум?..

Жігіт маған сұраулы жүзбен қарады. Өзі де қобалжып тұрған адам, аққұба жүзі қызарып кетіпті.

- Жаңа қыздың сөмкесінен не іздедің?

Жігіт не айтарын білмей қалды. Қолымды қысып тұрған күйі маған бір, келген жағына бір қарады. Қыздың көзіне түсіп қалмауды ойлап тұр.

- Аға, - деді сосын күлімсіреп, - Хат салып едім.

Ұялып күліп жіберді. Қылығы үшін қысылғаны сонша, мен оны ұрлық үшін айыптамасам, хат салғанын өлсе мойындамастай еді. Жүзіндегі албырттықтан осыны байқадым да, айтқанына сендім. Бірақ бұлай жібере салуға тағы болмайды. Астына алып түстім де, кабинетке кіргізіп, қалтасы мен сөмкесін түгел тексердім. Ойлағандай, қыздан алды-ау дейтіндей ештеңе таба алмадым.

- Жарайды. Сөзіңе сенейін. Бірақ аты-жөніңді, куәлік нөміріңді жазып аламын. Артынан шу шықса, полиция арқылы бірден тауып алатындай болайын.

- Жарайды-жарайды, - деді жігіт.

Бұл оқиға тез ұмтылды. Ана әдемі қыз ештеңесін жоғалтқан жоқ. Тіпті одан кейін екі-үш апта көрінбей кетті. Жігіт те содан кейін бойын көрсеткен жоқ. Тек қарашаның алғашқы күндерінің бірінде екеуі де кітапханада жүргенін байқап қалдым. Күн сәрсенбі болатын.

Екеуі бір үстелде отыр екен. Негізінде бізде бір үстелде бір-ақ адам отырады. Орындық біреуден қойылған, оның үстіне үстел де шағын. Мына жігіт көрші үстелдің орындығын әкеп алған болды. Сол маңайды түсіріп тұрған камераны қосып қойдым да, екеуіне асықпай қарадым. Қыз кітапты алдына үйіп қойыпты. Жігіт кітап алмақ түгілі, бақылау қағазын да толтырмаған. Бірдеңе оқитын ниеті де жоқ-ау деймін. Қыз дәптерін ашып, жазған болып отыр. Жігіт арасында сөйлеп қойып, көбінде не айтарын білмегендей үнсіз қалуда. Е-е-е, мына жігіт ана жолы шынымен-ақ хат салған болды деп ойладым. Бірақ екеуінің мына отырысы түсініксіздеу көрінді мен үшін. Егер қыз оңды жауап қайтарған болса, екеуі жарасып, емін-еркін шүйіркелесіп отыруы керек еді. Бұлардың томсырайып, бір-бірінен ұялып отырған түрлері мынау. Ал енді қыз бас тартқан болса, екеуі амандасумен ғана шектелуі тиіс еді ғой. Асса, көрші отырып, сабақтарын бірге оқыр еді. Ал бұлар бір үстелге отырып алған. Оның үстіне екеуі де демдерін іштеріне тартып, бірінен-бірі ұялып отыр. Оларын білдірмеуге тырысып, сабырлының рөлін ойнап бағуда. Әсіресе бұл ойын қыздың қолынан жақсы келіп отырған секілді.

Осылайша екеуіне қарап сәл отырдым да, жұмысыма қайта кірістім. Басқа камераларды тексере бастадым. Одан кейін ол екеуіне арнайы үңіліп қарағаным жоқ. Екеуі кітапханадан екі бөлек шықты.

Содан бастап қыз кітапханаға жиі келіп жүрді. Менің кезегім төрт күнде екі рет келіп тұратын. Әр келген сайын қызды байқайтын болдым. Күн сайын түске дейін есіктен алыстау жердегі бір орынға келіп отыруды әдетіне айналдырды. Тек сәрсенбі күндері кешке дейін отырып жүрді. Ал жігіт болса біраз күн көрінбей жүрді де, тағы бір сәрсенбі күні жан-жағына алақ-жұлақ қарап, асығыс кіріп келді. Кімді іздеп келгені айтпаса да түсінікті еді.

Бұл жолы екеуі дәлізде кездесті. Қыз жігітті көргенде бейжай қалғандай кейіп танытты. Не айтып келе жатқандарын дәл тұсыма келгенше естіген жоқпын. Жанымнан өтіп бара жатқанда жігіт:

- Қайтарда шығарып салуыма бола ма? – деді. Қыз тез-тез басып алға түсіп бара жатты да, артына бұрылып назданған үнмен:

- Армандапсың, - деді. Жігіт күліп қойып, ақырын басып жоғары көтеріле берді.

Екеуі кітапханадан ол күні де екі бөлек шыққан.

Содан бастап мен жұмысқа келгенде әлгі қыз бен жігіттің бар-жоғын тексеріп, келе ме, келмей ме деп есікке қарап жүретінді шығардым.

Желтоқсан болып, қар жауды. Мен қыз бен жігіттің атын да біліп алдым. Оқырман билеттері арқылы қайда оқитындарын да анықтадым. Аттары: Нәркес пен Айболат екен. Екеуі бір университеттің үшінші курсында, бір факультетте оқитын болып шықты.

Бұл кезде Нәркес кітапханаға аптасына үш-төрт күннен келіп жүрді. Әр кезде әр қалай, кейде дүйсенбі мен сәрсенбі күндерінің аралығында келеді, кейде сәрсенбі мен жұма. Кейде сәрсебі мен сенбі күндері. Әйтеуір, сәрсенбі күні міндетті түрде келеді. Ал Айболат болса тек сәрсенбіде ғана ат ізін салады. Кейде ерте, кейде кеш келеді. Түске дейін келіп, кетіп қалса, Нәркес те артынша жинала бастайды. Ал кітапхана жабылар алдында келсе, есіктен алыстау жердегі орыннан әлсін-әлсін есікке қарап қойып күтіп отырған Нәркесті табар еді. Екеуінің осы әдеттерін біліп, мен жұмыс күндерімді әрдайым сәрсенбіге келетіндей етіп ауыстырып та алдым.

Екеуі бірін-бірін көргенде ақырын ғана жымияды. Сосын Айболат көрші үстелдің орындығын әкеледі де, қатар отырады. Әңгімелесе бастайды. Әлденеге күледі. Кейде тұнжырап отырып қалады. Бірақ қашанда бірге көп отырмайды. Асса жарты сағат, одан кейін Айболат басқа орынға барып отырады немесе жиналып, біржола шығып кетеді. Бір қызығы, екеуі әлі күнге дейін кітапханадан бірге шыққан емес. Бұл қылықтарын екі түрлі жоруға болатын еді. Не қыздың жігіті бар, не әлдебір себеппен қыз жігіттің бетін қайтарып жүр. Бетін қайтаруын қайтарса да, сезімін жасыра алмай, екеуі сөз жүзінде жай ғана таныс болып, іс жүзінде қос ғашықтың күйін кешіп жүр. Не де болса, екеуі не анда, не мұнда жоқ екені анық.

Кезекті бір сәрсенбі еді. Айболат түстен кейін келді. Нәркес екеуіміз күтіп отырғанбыз. Мен, әрине, ол екеуін танымайтын адамша жүремін ғой. Айболат билетін көрсетіп, бақылау қағазын алды да асығып екінші қабатқа көтеріліп кетті. Бұл кезде Нәркестің жанындағы үстелде бөтен бір жігіт отырған. Нәркес оны танымайтын болуы керек. Мән беріп те отырған жоқ. Бірақ Айболат кірген бойда сол жігітке назарын аударды. Мен аңда-санда пайдаланатын тәсілімді қолданып, терезенің шымылдығын ашуға бара жатқан адам болып жандарынан өте шығуды ойлай қойдым. Жоғарыға шықсам, Айболат Нәркестің жанында үстелге еңкейіп, екі қолымен сүйеніп тұр екен. Оларға қарай баяу жүріп келе жатырмын. Айболат «мынауың кім» деді-ау деймін, Нәркес көрші үстел жаққа мойнын бұрды да, ана жігітті жаңа көргендей, «танимын ба, жоқ па» деп қарап алды. Сосын Айболатқа қарап, иығын қиқаң еткізді. Мен жандарындағы терезенің шымылдығын жабатын түймені іздеген болып, тұра қалдым. Айболат:

- Басқа орынға барып отыр, - деді. Нәркес күлді. Айболаттың даусы тағы да шықты:

- Шын айтып тұрмын.

Нәркес күлкісін тиып:

- Жыныма тимеші, - деп еді, Айболат:

- Сен менің жыныма тиме, - деді. Қарасам, әріректегі бір орынға қарай кетіп бара жатыр екен. Нәркес көзін төмен салып, жымиып отыр. Бұл жерде көп тұруға болмайды, амал жоқ, ештеңе естімеген адамдай келесі терезелердің шымылдықтарын ашқан боп аз жүрдім де, артыма қарамастан шығып кеттім. Жолда оны-мұныға алданып, орныма келгенше едәуір уақыт өтіп кетті. Келе сап экранға үңілсем, Нәркес басқа жерде отыр екен. Айболат орнында жоқ боп шықты. Сөйтсем шығып кеткен екен, сәлден соң сатымен төмен түсіп келе жатты. Көңілді.

Желтоқсанның соңына дейін екеуінің оқиғасы осылай жалғасты да, қаңтардың басынан бастап Нәркес он бес күндей уақыт көрінбей кетті. Қысқы каникулға шығып кеткен еді. Қаңтардың екінші аптасында сәрсенбі күні бұрынғы әдетінше жарты сағатқа Айболат кеп кетті. Мен оны да каникулға кеткен шығар деп ойлағам. Мына жүрісінің сырын білгім келді. Кітапханадан шығып бара жатқанында жүзі таныс адам ретінде:

- Елдің бәрі каникулда. Сен неғып жүрсің? – деп сұрап қалдым.

- Ой, жұмыс қой, аға, - деді.

- Не жұмыс істейсің?

- Түске дейін жарты штатпен мұрағатта істеймін.

- Сәрсенбі күндері кітапханаға қалай келесің сонда?

Осыны айтқанымда Айболат маған сіз бұны қайдан білесіз дегендей қарап, күлді. Сосын:

- Сәрсенбі бізге сабақ жоқ. Ол күні таңертеңнен кешке дейін жұмыстамын. Арасында ебін тауып келіп-кетемін, - деді.

- Е-е-е, дұрыс екен, - деп шығарып салдым.  

                                                                               *  *  *

Қыстың соңы болды. Нәркес бұл кезде сәрсенбі күндері ештеңе оқымай, тек күн ұзаққа Айболатты күтетін жағдайға жеткен. Қолына қаламын алып, біресе алдына, біресе есікке қараумен отырады да қояды. Бірінші қабаттағы дәретханаға, немесе асханаға баратын болса, келген соң, екінші қабаттағы үлкен залды, одан үшінші қабаттағы залдарды кітап қарап жүрген болып аралап шығады. Ондағы ойы өзі жоқта Айболат келіп, бұны таба алмай басқа залға кетіп қалды ма дегені. Ал Айболат есіктен кіріп келген кезде, жүзі бал-бұл жайнап шыға келеді. Бұл кезде оларға қарау бір ғанибет.

Мен екеуінің кітапханадан бірге шығатын күнін күтіп жүрдім. Көктем жақындады. Бірақ екеуінің арасындағы қарым-қатынас бір өзгерген жоқ. Кітапхананың ішінде екеуі сезімдерін жасырмай, айқара ашады. Шыққан соң қайтадан жай ғана танысқа, курстасқа айналатын болуы керек. Өйткені, кітапханаға ешқашан бірге келген де емес, бірге шыққан да емес.

Бұл оқиға осылай жалғаса берер деп ойлап ем...

Олай болмады. Кезекті бір сәрсенбіде Нәркес келмей қойды. Кешіксе де келер деп басында онша мән бермеп ем, түске қарай алаңдай бастадым. Енді Айболаттың да келетін уақыты болды. Екеуі де жоқ. Түс ауа есіктен Айболат кіріп келе жатты. Жүзі жабырқаңқы көрінді. Билетін көрсетіп, ішке кіргеннен кейін әдетінше бірден жоғары көтерілмей, дәретхана жаққа беттеді. Одан шыққан соң да үстіне шығуға асыға қоймады. Айнаға қарап біраз тұрды. Үстінде Нәркес жоқ екенін білетіндей. Бірақ білсе, келмес еді ғой. Сірә, сезетін болар. Тек үміті арқалап келген шығар. Расында да солай секілді, аяғын сылбыр басып жоғары көтеріліп кетті. Мен экраннан бақылағым келмеді. Сол тұрған орнымда тұрып қалдым.

Біраздан соң Айболат төмен түсті де, асханаға кіріп шықты. Сосын дәретханадан шығып қала ма деп үміттенгендей айнаға қарап тағы біраз тұрды. Болмаған соң, селқос киініп шығып кетті.

Содан бері сегіз ай өтіпті. Сол сәрсенбіден бастап кітапханада ол екеуі әлі кездескен жоқ. Аңда-санда Нәркес келеді. Аңда-санда Айболат келеді. Бірақ қайсы келсе де көп отырмайды. Тезірек шаруаларын бітіріп, шығып кетуге тырысады. Бірін-бірі көріп қалудан қорқатын сияқты. Және екеуі әлі күнге дейін сәрсенбі күні кітапханаға бас сұққан емес...

Далада қар ұшқындап тұр... Былтыр осындай уақытта Айболат пен Нәркес бірін-бірі сағынып, сәрсенбіні күтіп жүруші еді...

Далада машиналар жаңа жауған қарды су ғып еріте кешеді... Сол бір сәрсенбіден кейін қандай оқиға болды екен. Екеуінің арасында нендей әңгіме болды екен. Дәл қазір Айболат Нәркесті, Нәркес Айболатты ойлай ма екен...

...Айболат тек сәрсенбі күні келетін. Ал Нәркес оны күтетін...

...Екеуі екі айрылды. Неге өйтті екен? Екеуі бірін-бірі жақсы көруші еді ғой? Мұның себебін мен түсіне алар емеспін.

сурет:lama.kz

                                                                                       Арнайы Масагет.кз үшін: Арман ӘЛМЕНБЕТ

Л. Лига