Сармат заңы

Сармат заңы

Бұл әңгімемен таныстығыма біраз болыпты. Алғаш оқығанымда бағзы батырлар мен арулардың суық та сұлу сертіне таңдай қағып едім. Ал кейін қайта оқығанымда Қанат Қабікен ағамыздың шеберлігіне, суреткерлігіне тәнті болдым. "Бүгінгі жас прозашыларда тарих қойнауына бара алатын батылдық жоқ, тіл де жұтаң" деген аға буын өкілдерінің пікірін естіп қаламыз. Ал мен сол шалдар жас прозашыларды талдап, тани білмейді дер едім. Әр кімді тебірентпей қоймайтын бұл әңгімені назарларыңызға ұсынамын. Қарымтасына құнды пікір күтемін. 

Ақ бұлттардың атызын жыртып ай соқасы аттанып барады. Ат тұяғынан шаршаған батыр таулар бастарын түйістіріп, ұзақ-ұзақ ұйқыға кеткен. Ал төменде арқасын алтын күреңге сипатып Днепр ағып жатыр. Сарматтардың батыр ұлы Томурул Днепрге қою көлеңкесін құлатқан қарт жартастың қабағында Грейкесті ұзақ күтті. Грейкес тайпа ақсақалы Агиданың сұлу қызы болатын. Грейкестің атқан оғы жерге түспейтін садақшы екенін хазар тайпасы ғана емес, бүкіл сарматтар білетін. Ал сарматтар жауына деген қанішерлігімен жалпақ әлемге танымал еді.

Неге екені беймәлім, Грейкес уәделі жерге кешігіп келді. Сағынған жігітінің салалы саусақтарынан қыса, үнсіз аймаласты. Днепрдей толқыған жүректер мауқын басып қауыша жер-анадан, от әулиесінен, сармат даласынан өздеріне бақыт тілесті. Томурул шексіз сүйіспеншілігін айтпақ еді, Грейкестің азаптана күрсінгенін, жап-жарық ай сәулесінде жарқыраған жас тамшыларын байқады.

– Грейкес, сен шынымен сол баяғы шешіміңнен аса алмадың ба? Сен ахмендерді де адам дейсің бе? Оттан жаралған сарматтарға Алланың еншісі әкең Агиданың халқына қылыш сілтеген Кир жасақтарына да бүйрегің бұрыла ма? Түсінбеймін, мүлде түсінбеймін.

– Томурул, кешір мені, адам қанына қолымды малғым келмейді. Мүмкін ол өзім үшін, мүмкін сен үшін болар. Бірақ мен…. Томурул, мен сені сүйемін. Оған мынау шексіз сармат даласы куә. Мынау Днепр де куә. От әулиесі алдында ант ішейін…

Грекес жасақтардың қостарынан көтерілген түтінге көз жіберіп аузын жыбырлатты. Батыр сармат Томурул ай жарығына шағылысып, күмістей жарқыраған дуылғасын ұстап, терең ойға шомды.

Ал төменде арқасын алтын күреңге сипатып Днепр ағып барады.

***

Оңтүстік Орал мен Днепрдің солтүстігін мекендеген сарматтардың дәстүрге айналған дала заңында әрқандай бір сармат қызы қас дұшпанының қанын шашпай күйеуге шықпайтын. Үйлену жасына толған қыздар майданға сұранып шығып, ат ойнатып, ерлік көрсеткесін, тайпа ақсақалдарынан бата алып басын құрайтын. Грейкес те үйлену жасына толды. Сары жазықта сандаған азулы аңдарды атып та атын шығарды. Бірақ әлі майданға сұранған емес. Сүйгені Томурул екі жылдан бері хазар жасақтарының жасақ басы болып келеді. Ұрыс сайын олжасыз қайтқан кезі жоқ. Сарматтарша айтқанда «Тәңірінің өзі жіберген қолбасы» еді.

– Жасасын, Агида!

– Жасасын, Томурул!

– От әулие қолдасын!

Алыстан отты қоршай ұрандаған жасақтардың даусы естіледі. Грейкес үнсіздікті өзі бұзды.

– Батырым, әлгі бір парсының басын алған күн есіңде ме?

– Қасыбірін айтасың? – Томурул ақырын жымиды. – Өздері ие болмаған басына мен қайдан ие болайын?!

– Батырым-ау, әкем Агиданың қостың алдында өз қолымен шауып өлтірген әлгібірін айтам. Сол күннен бастап үрейлі түс көремін. Ылғи да аппақ аққудың қанатындай қос қанатты жебе артымнан қалмайды. Томурул, шынында үрейлі күн кешудемін. Анау денесіз бастарды Тәңір алдында қалай кезіктіреміз? Томурул, олар да адам ғой, біз Кирлермен келісімге келейік. Днепрдің қалған жері де жетер. Онсыз да біз жаулаған жер аз ба? Томурул, кешір мені. Жер-ана алдында кешір!

Ежелден жылаған әйелді жек көретін Томурул бетін бұрып, ештеңе естімегендей ұран шақырып жатқан жасақтарына қарай аяңдады. Грейкес басын көтерместен атылып барып ахмен жасағының аяғынан шешіп алған етігінен сүйе:

– Батырым, сенсіз қалай күн кешемін? Сарматтардың дәстүрі құрысын, қан төкпеймін… Біз… Біз кетейік. Днепрден алыс кетейік, – деп егіліп кетті. Томурул сарматтарға тән қайсарлықпен қыздың құшағынан аяғын суырып алды.

– Грейкес, қателеспе. Менің махаббатыма мынау ашық аспан куә.

Ол дәл қазір барлық жұлдызын қадаған жомарт аспанға көз салды.

– Бірақ мен ешқайда кетпеймін. Мүмкін мен де олармен Тәңір алдында бассыз кездермін. Бірақ батыр Томурул қан төкпеген қатын алды деген сөзге қалғым келмейді. Сен жауыңның басын алған күні ғана менімен үйленуге құқықтысың, ал мынаны! Мынамен қолбасы Кирдің де сауытын сөгерсің…

Грекес басын көтергенде алдында шаншулы тұрған болат жебені адымдап басып алыстап бара жатқан Томурулды көрді. Құлағына толқындардың жарға кеудесін соққан ритмді даусы естілді.

***

Ертесі тайпа ақсақалы Агида бүкіл жасақтарға ақ боз ат сойып, тасаттық бергізді де, Томурулды қасына сенімді екі сайлауыт сарбаз қосып сапарға аттандырды. Қайда жібергенін қызы Грейкеске де айтпады. Тек олар кеткен жаққа ұзақ қараған Агиданың жанарынан Томурулдың ұзақ сапарға аттанғанын, аз күнгі сапар еместігін аңғарды.

Күндер өтіп жатты. Грейкесті сағыныш меңдетті. Күні бойы Томурулдың берген жебесін кеудесіне қысып, сонау алысқа, батыры кеткен алысқа көз тігумен болды. Уақыт өткен сайын салмағы ауырлаған сағынышпен қоса хазар тайпасындағы сан мәрте қанды соғыста ерлік көрсеткен Баригон сұлудың жанарындағы қызғаныш оты Грейкеске бәрінен де Томурулды биік көруге апарып соқты. Сосын жүрегі атша тулаған сарматтың батыр қызы әкесі жорық жылқысына еріксіз ер салдырды. Ат үстінен Томурулдың берген болат жебесін ғана іліп алып, Днепр бойын қуалап, иендегі қара орманда бекініс құрып жатқан Кир ордасына қарай тарта жөнелді.

Ауыздығын қарш-қарш шайнаған қара тұлпар көп өтпей орда маңындағы қостарға да таяды. Албырт қыздың қан жауған жанарына еш нәрсе көрінер емес. Ол тек Кирдің сорлы жасақтарының тездеп алдынан кезігуін тіледі. Сәлден соң қарт емен ағашының арсымен жан ұшыртып келе жатқан әлдебір Кир жасағын болыт жебемен тартып қап жанын жаһаннамға жіберді де, дұшпанынң басын кесіп қарт теректің қалқасымен тартып берді.

Елірген тұлпар оқтай зулады. Құлағына әлдебір үрейлі жаңғырық еміс-еміс естіліп келеді. Махаббат сезімі жеңген Грейкес қайдан елесін?! Тіпті Томурулдуң жолында бір емес, мыңдаған ахмендердің басын ала беретіндей сезілді. Ертең-ақ Томурулмен үйленетінін, ертең-ақ Томурулдың құшағына жататынын жалпақ далаға айғайлай шапты.

Бірақ, сорлы Грейкестің қолындағы неше күн Кир ордасында тұтқын болып, ахмендерше киініп, жаралы жанын алып қашып келе жатқан Томурулдың басы еді…

Алыста, сонау алыста ертең ертемен Грейкесті құшағына алуға асыққан Днепр толқындары шулайды…

Дайындаған: Қайсар Қауымбекұлы

Сурет: historicalchroniclesarenotforgott.blogspot.com

Қ. Қауымбек