Мұхтар Мағауин. Жазу машақаты

Мұхтар Мағауин. Жазу машақаты
Фото: Vk.com

Белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Мен» ғұмырбаяндық хамсасының тағы бір бөлігі - назарларыңызда. Бірге оқиық!

***

Студенттік күнделік туралы айттық, ал “Бір уыс бидай” — менің жасөспірім кезімдегі жан азабының бір ғана сәті, дүние өзгерген, бәрі тарылғанда сөзге еркіндік тиген бүгінгі күні, баяғы бір заманда, 1960 жылы осындай бір әңгіме жазып едім деп, жариялап жатсам, қызыл балшабектен әсіре ұлтшылға айналған, кеше не жазғанын ұмытып, мен сондай едім деп ертегі айтатын, коммунистік партияның сүйікті ұлы ретінде ғұмыр бойы басшы қызметте жүрген, аузына келгенін құсып, ойына келгенін істеген, енді бүгін сол заманда қорлық көріп едім, қиянат шегіп едім деп зарлайтын кейбір мүнафиқ жазармандармен бақ таластырғандай болар едім.

Егер шын өкінсем, жазылып, жойылған бір әңгімені емес, жазылмай қалған ондаған хикаят, романды жоқтауым керек. Әлбетте, анық ақиқаты солай.

***

Иә һу, иә хақ! Тәңірі тағалам Мен атамның белінен шықпай, анамның құрсағына түспей тұрғанда өзгеше сыбаға әзірлепті, тозаңнан адамға айналған соң барлық пәле-жаладан сақтапты, зілзаладан аман өткеріпті, талап беріпті, бақ беріпті, ақыл-ой беріпті, жазу беріпті; Мен соның бәрін кәміл түйсіндім, артықша мейірге өзгеше алғысым болды, күпірлік етпедім, ысырап жасамадым, әр күнім, әр сағатым есеппен жұмсалды, әр ісім иманыммен өлшенді, барлық күш-жігер, қажыр-қайратымды бір-ақ мақсатқа — Тәңірінің тура жолына, Ұлтымның игі мұратына бағыштадым, бірақ Тәңірі тағалам, өзің көрдің, сапарым ауыр болды, табаныма шөңге емес, істік кірді, маңдайыма тас емес, топ тиді, сонда да төрт тағандағам жоқ, шайқалсам да жығылмадым, кеудемді тік, басымды биік ұстадым, рас, қансырадым, сіңірім созылды, жұлыным жұқарды, әлім азайды, бірақ жойылмадым, күш кеткен кезекті майданнан соң жаңа серпін, тың қуат тауып, қалпыма келіп отырдым; Тәңірі тағалам, өзің көрдің, арпалыс пен айқас, іркіліс пен бөгеліс менің тегеурінімді тежеп, қарқынымнан қайырып отырды, бәрінен өттім, бірақ өлшеулі өмірімнің де біраз бөлігі зая кетті, ойға алған істің тым құрыса ширегін жүзеге асырғам жоқ, соған ішім ашиды, өмір сүрген ортам, ғұмыр кешкен заманым еркін көсілуіме мүмкіндік бермеді, соған налимын, Тәңірі тағалам, мұның бәрі менің еркімнен тыс болды, дәл осы ретте кінәм бар шығар, күнәм жоқ — осыны айтып кетейін деп едім…

***

Ақыл-парасатты ғана емес, қажыр-қайратты да құдай береді. Соны қаншалық дәрежеде кәдеге асырғаның үшін ғана мақтануға тиіссің. Ал мен айттым, мақтана алмаймын. Мақтансам — 1951-1952 жылдарда, он бір-он екі жасымда, содан жиырма жыл бұрын халқымның тең жарымынан артығын жалмаған, оның алдында ғана жұрт тұлғасы — әкелерімді түгел қапаста қатырған, енді қаршадай өскін — мені “халық жауының баласы” ретінде таңбалап, көктей қырқуға кескен, қолқама шеңгелін салып, жүрегімді қысып, жұлынымды сора бастаған коммунистік-фашистік жүйенің дүлей соққысынан тірі қалғаным, бар қайғыны ішке түсіріп, бар азапты үнсіз мойындап, бар үміт-тілекті оқу-білімге артқаным, жай ғана тіршілік емес — болашақ жарық күнге ұмтылғаным мақтан болар еді. Бірақ олай емес. Мен өзім өткем жоқ. Аталарымның аруағы әлдилеп жұбатты, желеп-жебеді, болашақта үлкен істер тындырар деген үмітпен, көкірегіме сана құйып, жүйке-жүрегімді бекітіп, қайрат берді, қуат берді, пәле-жаладан қақпалап, тура жолға бағыттады.

Бүгіннен біраз бұрын, қаламым жүріп, жұлдызым жанып тұрған кезде, 1989 жылы кенже ұлым Мадияр баяғы менің жасым — он бірге келіпті. Төртінші класты бітіріп, бесінші класқа аяқ басты. Менің сол кезден қалған жалғыз суретім бар еді, аумайды. Мәселе онда емес, бала болған соң әкесіне тартады. Мен керісінше, балама қарап отырып, өзімді көрдім. Осындай болдым. Кішкентай болдым. Соншама ғаламат соққыны көтеріп алдым… Тірі қалдым… Жазда мен туған нүкте — бес атамның сүйегі жатқан бәсіре мекеніміз Көпбейітке — осыдан тура бір ғасыр және үш жыл бұрын менің бабам Құрымбайдың арнайы шақыруымен жаз жайлауға ұлы Абай келіп қонған, атақты “Жаз” өлеңін шығарған, ерен ой, тың тыныс тапқан, біздің шаңыраққа батасын берген, қазір мен көрген кездің өзімен салыстырғанда біршама тозса да сынынан айрылмаған қасиетті жұртыма алып бардым. Қалың тоғайлы өзен, екі өңірі көк шалғын, қырат беті қау көде. Арғы қабақ — қаптаған тас бейіт, бергі қабақ — біздің қыстау. Міне, мынау — атаңның қыстауы дедім. Жартасты биік қабақ басына салынған алты бөлме, қой қора, шошала, тағы басқа шағын жайлардан құралған, ескі мекеннің іргесі ғана жатыр. Міне, осы үйде, 1918 жылдан 19-жылға қараған қыста болса керек, өзіңнің Міржақып атаң бастаған алаш зиялыларының үлкен бір тобы бой тасалап, Орынбордағы Ахмет атаңнан хабар күтіп қырық күн жатыпты… Ол ұзақ әңгіме, кейін айтам. Ал мына ортаңғы бөлмеде мен туыппын…

Аруақтарға құран бағыштаған соң, Бақанас өзенін қос бүйірден қыса келе, шатқалға айналатын, Қос Босаға аталатын екі биікке де шықтық. Қай тастың қалай жатқанына дейін білем. Қай таста, қай түкпірде қандай белгілер бар — ол да мен ашқан құпия. Міне, мынау — киік, мынау — таутеке, арқар. Құлан. Мынау — жолбарыс, ал мынау — алтын бұғы. Анау — ешбір хатқа түспеген түсініксіз таңбалар. Тағы бір тұста — анау сай ішінде ешбір ғылым білмеген, өзгеше бедерлі, бес-алты жол көне жазу тұр, мен қайыра көрмегелі… отыз бес… отыз сегіз жыл, қоян аулап жүргенде тауып едім, мен бұрын айттым ба, он жасымнан мылтық аттым, сонда кездейсоқ үстінен түсіп едім, кейін, ескілікті таныған, ересек кезімде бара алмай-ақ қойдым, бұл жолы да бара алмаспыз… Мынау — қоршалап аң аулау көрінісі. Мынау — садақ, мынау — атты аламан. Тағы бір жалпақ жартаста қос ат жеккен әскери арба бар. Міне! Біреу емес, екеу. Жарым дүниеге өктемдік жүргізген тоқсан тоғызыншы бабаңның ерлік шежіресі. Менің қасіретімнің куәсі. Осы жерде  көп отыратын  едім,  қайғыланып,  мұңданып отыратын едім, талай рет жылаған да шығармын… “Балам — дедім, — үлкен жігіт боласың, еліңнің азаматы боласың, сол кезде, осылай, өз ұлыңды алып кел, айт, көрсет… Мүмкін мен баяғы он бір-он екі жастағы кейпімде алдарыңнан шығармын…» — дедім…

Жалғасы бар...

Н. Айдархан