Тәлкек (әңгіме)

Тәлкек (әңгіме)

Құрметті оқырмандар, бүгін біз сіздерге Гүлзат Нартбектегінің "Тәлкек" атты әңгімесін ұсынып отырмыз. Қаламының қарымын қалыңдатып жүрген студент қыз бүгінде талай шығармалардың авторы. Солардың бірі де, бірегейі - "Тәлкек"...

Тәлкек

Қоңырқай күз мезгілінің алғашқы аптасы болса да дала қара суық. Жер бауырлай көшкен сұрықсыз қара бұлттар, жаздың соңғы күндерінен бері қатыгездік жайлаған жер бетіне шуақты күннің нұрлы шапағатын көрсеткісі келмегендей, аспанды тұтас жауып, батыстан шығысқа қарай зулап, бірін-бірі қуып көшіп, жергілікті жер иелерінің әлек-шәлегін шығарды: не жауын болып  жаумайды, не ашылып күн көзін қылтитпайды. Кең даланың көрінісі тым жадау, аянышты. Табиғатқа көрік беретін ағаштар да әлден қушиып, жапырақсыз қалған. Жапырақтар қайдан болсын қара суықтан үсіген оларды жел алып кетсе? Ия, күзгі суық аздай дала тас боран. Бұл ауылға да жергілікті Арыстанды-Қарабас желі тән. Басқасын былай қойғанда шіліңгір шілденің өзінде екі апта күн ысыса, қалған жартысы осы желге «тиесілі». Ал, қыстың дауылы... айтпаса да түсінікті шығар? Кей жылдары қарды суырып, үйлердің шатырына дейін нығыздап үйіп тастап, «қолы бос» ауыл тұрғындарына жұмыс «тауып» беретіні бар. Ал олар төзбегенде қайда барады Атажұртты тастап? «Топырақ туған жерден бұйырсын» дейтін Қазақ емес пе? Оның үстіне бұл ауылдықтардың  да «үйреніп» қалғандары сондай,  бір айдай белгісіз құдіреттің күшімен жел тұрмай қалса:

-  ... Ойпырмай, мына тыныштықтың сонша ұзаққа созылғаны қалай, а? Өкпеміз де қысылып кетті ғой... – деген әңгімелер кетеді үлкендер арасында. Ал кейде жел әбден титығына тиіп, жұмыс істетпей қойғанда әйелдердің:

-       Ит байласа тұрғысыз жер! – деп кейитіні бар.

Пендеміз ғой ештеңені жақтырмайтын... Осындай желді күндердің бірінде, шыдамы шегіне жетсе керек, ауылдағы Күләш дейтін келіншек әлгі «жаттанды» сөзді айтып бұрқан-талқаны шығып жатса, күйеуі еш саспастан:

-   Осы біздің Мойнақ байламаса да жүр ғой!.. – депті. Ауыл адамдары арасында жел жайлы сөз қозғалса осы әңгіме міндетті түрде ауызға алынып, соңы күлкіге ұласады...

Осы ауыл тұрғындары қазір қалың ұйқыда. Тек жел ғана әлденеге ашулы секіліді ызалана тынбай есіп тұр. Ауылда кегі қалғандай уілдейді. Биылғы қасиетті Ораза айының соңғы күндері күзге келіп тірелген. Таң атуға әлі біраз уақыт бар болғанымен, ниет еткендердің ауыз бекітетін шағы болып қалды. Әне, ауласы ағаш шарбақпен қоршалған еңселі үйдің терезесінен жарық көрінді де аздан соң сыртқы есік ашылды. Ұзын бойлы, қара шашын төбе тұсына түйген қара торы қыз сыртқа беттеді. Сірә, осы үйдің сүт кенжесі – Жанерке болса керек. Ерке болса да есер емес. Кішкентайынан әжесінің қолында өскендіктен бе екен, ақылы бар, ибалы, тәрбие көрген.  Бірақ әжесі осыдан бес жыл бұрын, 87 жасқа келіп ауырмай-сырқамай, апталап, айлап төсекке таңылып ұл-қыздарын әбіржітпестен, өмірдегі өзінің қайратты қалпын сақтап көз жұмған. Сол кездегі 11 жасар Жанеркенің жылағаны ешкімнің есінен шыға қоймаған болар, сірә. «Өлім» деген суық сөздің мағынасын анық білмесе де, енді қайтіп жан әжесін көре алмайтынын сезген бала жүрек қиналып ұзақ жылаған. Жаназасын шығарарда кішкентайларды үйге кіргізіп, есікті сырттан іліп қойған. Есік ашылмағасын терезенің әйнегін қолына түскен затпен сындырып, сыртқа шықпақшы болып ұмтылғанда қолына сынған шишалар кіріп кетіп, бетінің де кей жерлері тілініп қан-жоса болып жылап еді. Бұл сұлудың әжесіне деген махаббаты сондай-тын... Жанұясында әкесі, анасы, екі әпкесі, ағасы болса да қатты жалғызсыраған. Әжесі өзімен бірге дүниенің бар әсемін ала кеткендей сезілетін. Көндіге, үйрене алмай біраз қиналды. Әжесін қатты сағынды. Оның ыстық құшағын, өзге ешімде жоқ қоңырқай жағымды иісін, «Көзімнің қарашығы!» дейтін сөзін, мейірімді жүзін,  күніге ұйықтар алдында бұған түсініксіз бірдеңелерді айтып күбірлейтін дауысын сағынды. Күтті. Жан әжесі барда, бір үйде тұрса да, анасы мен әкесіне көп бара бермейтін еді. Олар құшақтап, маңдайынан өбіп еркелетсе де, әжесіне қарай асығып тұрушы еді. Ондайда анасының зілсіз:

-  Тіфу, жаман неме! Бізден қашып кәрі әжесіне асығуын өзінің!.. – дегеніне шамданып қалатын: «Неге кәрі дейді?!».

Сол Жанерке әжесінен көріп, бойына сіңірген өнегесін жасап жүр бүгінде.

... Үйден шыққаннан Тарғыл бұған қарап үре берді.

-  Тарғыл, мен ғой, танымай қалдың ба? Неге үресің? Тарғыл! – деп бөтен емес екенін білдіргісі келіп сөйлеп еді, қоймады. Қайда барса да артынан қалмай үре берді. Үргенде де арада өзі белгілеп алған шекара бардай қатты жақындамайды. Кейде қорыққандай болып шегініп кетеді де, қайта келіп үреді. Жанерке итінің мынасынан қорқайын деді. «Құтырудан аман ба, әйтеуір?» деген ой сап ете қалды да жылдамдатып асханаға кіріп кетті. Қатты қорқып, өзін біреу аңдып келе жатқандай, айналасына алақ-жұлақ қарай берді. Ал, шындығында, мұның соңынан ілескен біреу бар еді. Иә, иә, біреу бар. Оны тек Тарғыл ғана көре алған. Манадан бері ол иесіне емес, иесін алып кеткісі келіп жүрген ермеге үріп жатқан. Есін білер кезінен тете өскен, бірге ойнаған досынан айырылып қалатынын біліп, Жанеркені өзі байыбына бара алмайтын ажал апанына бергісі келмеді. Сол үшін де арсылдаған. Оның үстіне әлгі неменің ешкімнен қорықпай, алшаң басып жүргені тіпті ызасын келтірді. Жанерке асханаға кіргенде соңынан ілескен Қараның қап-қара етегінен тістеп тартып, иесінен аулақ алып кеткісі келіп еді бәтшағардың киімі арандап ашқан аузына ілінбеді. Бұл тірліктерінен мән шықпағасын тегінде жоқ әдетті бастап, соңынан асханаға күмп берді. Табалдырыққа мүлдем жақындап, маңайламайтын бұл ісінен Жанеркенің зәре-құты қалмады. Өзіне тап беріп, қауып алатындай:

-  Кет, Тарғыл! Шық үйден! Кет!.. – деп айқай салды. Құтқарамын деп жүріп өзінің не «бүлдіріп» қойғанын енді бағамдаған Тарғыл иесіне аянышпен қарап, оған емес оған төнген қауіпке үріп жатқандығын білдіргісі келді. Мұның адал ойын адам баласы қайдан ұқсын? Әттең тілі болса!.. бәрін, бәрін айтып, өзіне соншалық ыстық иесінің өмірін алып қалар еді. Әттең!.. Білуінше, адамдардың қолынан келмейтіні жоқ. Тіпті, өлгелі жатқан ауруды да емдеп жазады екен!.. Мына қауіпті ескерте алса ғой! Өздері бір қамын жасап, қаршадай қыздың тағдырының келте қайырылуына жол бермес еді. Енді расымен де қарсы алдында тұрған сұлу иесін көрмей ме?!.

Тарғыл әлгі Жаналғышпен таныс-тын. Осыдан дәл бес жыл бұрын, бұл әлі күшік кезінде алғаш рет көріскен. Жаздың ми қайнатар аптап күндерінде көлеңке жағалап жүріп, нұрға бөленген жап-жарық даланы қап-қара киімімен, қап-қара пейілімен қақ бөлген мына Сұмды көрген еді. Өзін қорғаушысы санап жүрген үйді торуылдап жүр екен. Алғашында күшік жүрегі дір етіп, сосын бар күшін қайта жиып, жауына тұра шапқан. Қанша бекінгенімен кішкентай жүрегі жақын баруға бата алмаған сонда. Шәуілдеп, үркіткісі келсе де қара киімді батырдың қорқатын сыңайы байқалмаған. Мұның дауысын шыбынның ызыңы құрлы көрместен шаңқай түсте үйге еніп кеткен... Түктің парқына жете алмағанымен, әлгі кеткесін иелері естігеннің жанын сыздататын дауыспен ауылды бастарына көтере жылағаны, үйге көп-көп адамдардың, танысы, таныс емесі бар, топырлап келгені, келушілердің де жылағаны (бірі – шын, бірі – өтірік...) есінде қалыпты. Содан соң... содан кейін осы үйдегі ең мейірімді, өзімен адамша сөйлесіп жүретін, қысы-жазы басынан қалың ақ жаулығын, аяғынан қара мәсісін тастамайтын кішкентай ғана, өзгелер үнемі «Әже» деп атайтын иесін көрмеді... Сол кездегі жайсыз оқиғаның басты себепкері деп өзінің күші келмеген Сабазды таныған. Дәрменсіздігіне налып, «қорғай алмадым» деп иелерінің алдында кінәлі сезінді. Сосын «Келесі жолы келе қалса жолатпаймын! Мені көріп қорқатындай мықты боламын!» деп уәде берген өзіне. Енді... тағы қорғай алмады. Тағы да әлсіз болып шықты. Ауылдың адамдары мен өзге иттері қорыққасын, өзін кезінде арман еткен «мықты» сезінуші еді. Жоқ! Әлсіз екен, өте әлсіз болып шықты. Сотқалдай бола тұрып, кішкентай нәп-нәзік қыздың өмірін сақтай алмауы қалай? Тарғыл үшін бұл өте ауыр ой еді. Ол адамның, өзге де жаны барлардың еркінен тыс бір күш бар екенін білмейтін. Сол үшін де өзін кінәлі сезінді. «Енді бұл үйге ешқандай жаудың аяғын аттап басқызбаймын!» деп жүргенінде мынаның әрекетінен булығып кетті. «Ішке кіруіне жол беріп алдым... енді тағы жылайды... тағы қайғырады... бәрі осыдан бес жыл бұрынғыша болады да... мен мына иемді көрмеймін... мүлдем көрмеймін!..»

Қанша жерден ызаланса да, өзінен өзге тірі жан көрмей тұрған уақиғаның соңы немен аяқталарынан хабардар болса да, мейірімді иесінің сөзінен аса алмай сыртқа шегіншектей берді. Өзінің тым, тым шарасыздығына налып, алдыңғы екі аяғына басын қойып, ызғарлы желден қорғаныш болар қуыс іздеместен ашық алаңқайға жер бауырлай жатып алып, қыңсылап үрді. Тіпті көзінен тамшылар да үзіліп, тарғыл түсті сабалақ жүніне еніп жасырынды. Өзіндей мақұлықтарға тән жан қиналысына түсіп жатты... Әлгі неме жұмысын тындырып, арада аз уақыт өткесін жайына кете берді. Тарғылдың дауысы мен ырылы тұрмақ, табиғаттың мына дүлей дауылы да әсер етпейді екен мына бәтшағарға: боран бар ызасын төгіп ышқына соғып жатса да әлгінің қап-қара шапаны үп етіп желпілдеген жоқ-ау!? Бұл не құдірет сонда?! Мұны шешер дәрмен иттерде жоқ, ит тұрмақ пенде де... Ол орнынан қозғалмады. Әзірейіл дәл жанынан өткенде де етегінен алардай болып ұмтылып, жүгіріп соңынан қумады... Өзі көрген тылсымды бағамдап, әлі келмейтінін мойындаған секілді...

Тарғыл уақытты білмесе да, иесінің тамақтанып шығар кезін жобалайтын. Уақыты асып кеткелі біраз болды. Енді манадан бергі «...шығып қалар...» деген үміті біржола өшті де, таңғы ауылды басына көтере ұлыды. Жанының қиналысын өзгелерге білдіргісі , естірткісі келіп, мұңын шаға ұлыды. Алайда жүгермек жел дауысын өзге түгіл өзіне естіртпей ұшырып әкетіп жатты. Қаттырақ ұлыса жел де бұған қасарысып тұрғандай өршеленіп үре түседі. Мүлгіген ауылды оятып, мұңын шаққысы келсе де ессіз жел есерлігін жалғастыра берді. Ішке кіріп иесінің жансыз сұлқ жатқан кейпін көруге батпады... ұли берді... ұли берді... Тарғылдың бұл қиналысы – кейбір адам аталып жүрген біреулерге таңсық сезім еді...

*****

Терезенің дәл түбіне тақалып алып ұлып, мазасын алған итіне ыза болған Ермек төртбақ келген ауыр денесін зорға көтеріп, амалсыз сыртқа шықты. Қоятын шығар деген дәмемен біраз уақыт күтіп көріп еді, болмағасын ақырды:

-  Тәйт! Жаман ырымды бастамай!.. Таң атпай ұлып не көрінді?! Қой болды!

Бұл қанша бұрқан-талқан болғанымен ащы дауысы итіне әсер ете алмады. Ұлыған үстіне ұлып жата берді. Таңғы тәтті ұйқысын бұзғанымен қоймай тыңдамағанына тіпті ашуланған Ермек қолына іліккен кесек тастарды атты. Олардың бірі асып, бірі жетпей, бірі тиіп жатқанымен Тарғыл елең қылар емес. Үлкендеу біреуі дәл шекесіне сарт ете  қалғанда да қыңқ деген жоқ. Тіпті бірінің артынан бірі келіп тиіп жатқан ауырлықтардан қашқысы келмеген ол басын да көтерместен өзі секілділер ғана түсінетін «жоқтауын» жалғастыра берді. Шыққанда бойын ашу кернеген Ермектің ойын енді үрей биледі. Ол итінің алжымағанына, әлі де болса сол баяғыдай адал екендігіне сенімі мол. Сөйте тұрып «... Тарғыл алжасса екен...» деп тіледі. Себебі итінің мұнысы тегін емес екендігін өте жақсы білетін. Дауысын естігеннен жүрегі жайсыз бірдеңені сезсе де, сенбеген. Кейде түйсігіміз ащы шындықты алдымызға жайып салардай болып ұқтырса да, өзімізше жақсылыққа жорып, жақсылықтан дәметеміз ғой. Бұл да өзін өзі алдап, бар кінәні әумесер итіне жауып құтылғысы келіп еді. Бірақ тағдырдан құттылу мүмкін бе? Ермек итінің қандай «жамандықтан» хабар беріп жатқанын өзінше бағамдаған. Соны ойлап, жүрегі өрекпіп, тамағына келіп тығылды. Іштей «Жаратқан, Қанатымды қайыра көрме!..» деп тіледі. Тілегін іштей қайталай жүре басып асханаға беттеді. Ондағы ойы – қызынан да бір хабар алып кету. Білуінше ауызын бекітіп болатын кез өтіп кетті. Жеңіл киініп шықса да қорқынышты ойы мен жалынышты тілегі жаурағанын сездірмеді. Желдей алысқан ойын арқалап  асхана табалдырығын аттай бергенде осы кезге дейін сезінбеген сұп-суық лептің бүкіл денесін шарпып өтіп, бойын түршіктіріп жібергенін білсе де  мән бермеді. Өйткені әкенің қызы жайлы еш «артық» ойы жоқ еді. Оның бар ойы ауруханада үзілуге шақ қалып, ес-түссіз жатқан жалғыз ұлы Қанатта болатын. Манадан бергі тілегі де, қорқынышы да тек сол жайлы. Содан асханаға кірді де қызына қарап әкелік мейіріммен жымиып қойды: Жанерке сырттай қарағанда екі шынтағын үстелге тіреп алып басын қойып ұйықтап жатқан секілді. Перзентінің мына кейпін көрген Ермек іштей аяп «Әй, қызым-ай!..» деп таяп келді де, «көпті көрген» күректей алақанымен Жанеркенің маңдайынан сипап еркелете оятпақ болғанда... жүрегі тарс етіп жарылып, бар денесі бөлшектеніп, әлемнің астаң-кестеңі шығып опырылып бара жатты. Ермектің тұла бойы қалшылдап, өзі ұстап тұрып қалған маңдайдан бетер суып кетті. Опырылған әлеммен бірге өзі опырылып бара жатып көргені – қызының мөп-мөлдір үлкен қара көздері бір жерге жансыз қадалып қалыпты...

 Сумаңдаған суық хабар күн шыққанша ауылды аралап, алыс-жақын туған-туыс, ағайын да құлағдар болып үлгерлі. Расын айтқанда, барлығы осы үйден әйтеуір бір хабарды демдерін іштеріне ала күткен. Жақын арада бұл шаңырақты шаттыққа толтырып сүйінші хабардың, болмаса бүтін бір отбасыны ортасына түсірер қайғының орнары хақ еді. Бірақ бәрінің күткені бойынша Жанерке тек қайғырушы немесе қуанушы ғана болуы керек-тін. Оны қайғыртушыға айналады деп тірі пенде күтпеген.

Қарапайым ғана, өзге ауыл үйлерінен артықшылығы жоқ бұл отбасы жағдайының дәл қазіргі күйі айтпаса да түсінікті болар? Бірақ, бұл шаңырақтың шатырына қара бұлттың үйірілгені бүгін емес еді. Анығырақ айтқанда, ауылда апта бұрын басталған жел бұл үйде осыдан екі апта алдын тұрған. Тұрғанда да бар екпінімен ышқына соғып, үй иелерін әбден есеңгіретіп кеткен. Әкесі мен анасының үкілі үміттерін арқасына артып жүрген жалғыз ұлдары Қанат аяқ астынан көлік апатына ұшырап, өте ауыр жараланған. Бас сүйегі, бірнеше қабарғасы, қолы, аяғы сынған дей ме, сау тамтығы қалмаған. Екі апта бойы есін жимай, аурухананың жансақтау бөлімінде жатты. Есін жимауы ұзаққа созылған сайын үміттің сансыз шамдары бір-бірлеп сөне берді. Дәрігерлер де айтарларын «...бәріне дайын болыңыздар...» деп жұқалап жеткізіп үлгерген. Соңында зар илеп ата-анасы, жары мен түктен бейхабар құйтақандай ғана періште егіздері, ағаларына арқа сүйеп өскен үш қарындасы күндіз-түні тілеуін тілеп, Жаратқанға жалынды. Үйге тән жылылық тым-тырақай қашып кеткендей, үңірейіп қалған. Барлығының қабағында кіреуке, бұрынғыдай жарқын жүз, таусылма әңгіме жоқ. Әсіресе Ермек пен Сұлуханның күрсінулері көбейген. Жастары біразға келіп, ұл-қыздың қызығын енді көреміз бе деп жүргендерінде сең соққандай әрі-сәрі күйде қалды. Алданыштары – балдан тәтті немерелері ғана. Екеуі екі жақтағанда басқа ешнәрсені ойлауға мұршалары болмай, кішкентайлармен алысып-ақ кетеді. Қылықтары енді-енді шығып келе жатқан періштелердің тілдері де тәтті. Атасы мен апасын мұңнан бір сәтке болсын серпілту тек екеуінің ғана қолынан келеді. Келіндері Еңлік те қайбір жетісіп жүр еді, кейпін көріп ата-енесі шошыды. Ақ сазандай болып толысып жүретін десе ешкім сенбестей. Құр сүлдерін сүйретіп, тек үміттің арқасында ғана тірі жүрген секілді. Қанша қиын тиіп жүрсе де өз міндетінен қашқан емес. Ата-енесінің алдында астары уақытылы дайын тұрады. Бірақ көбіне түртілмеген күйінде жинап алады. Әншейінде асқа шыдамайтын Ермектің өзі анда-санда шұқып-шұқып қоятын болған. Үнемі өзінен бұрын Ермектің қамын ойлап жүретін Сұлуханның:

-  ... Онсыз да ауыратын асқазаныңды құртасың ғой... – дегенін тыңдайтын ол жоқ. Дәл қазір барлығының қылтамағынан су да түйірленіп кеткендей өтпейді. Қу жалғыз мынадай күйде жатса қалайша жегені – желім, ішкені – ірің болмасын?

Қатты қамығып, ағасының тірі қауын Жанерке де тілеген. Ол ағасын өз өмірінен артық жақсы көретін. Екі әпкесі де алыста, бірі – оқуда, бірі – тұрмыста. Барлығын көзімен көріп отырғасын, кіші болса да жағдайды екеуінен артық түсінген. Ол «О, Жаратушым! Сенен асқан құдірет жоқ ғаламда!.. Сен бәрін көріп-білушісің!.. Жұмыр басты пендеңнің бір тілегіне назар аудара гөр!.. Өтінем, тілегімді бере көр!.. Ағамың орнына менің жанымды алшы!.. Ол ата-анама, жеңгеме, перзенттеріне өте керек... мені алып, ағамды қалдыра көріңіз!.. Өтінем, АЛЛАМ!..» деп жайнамаз үстінде тілейтін, ауызашар, ауызбекітер дұғаларын осы тілекпен аяқтайтын. Бар жанымен, бүкіл болмысымен ниеттене тілейтін...

Бар дұға-тілектері Қанатқа арналып жүргенде, қапияда сап-сау кенжелерінен айырылып қалғандары қалай? Түйеден түскендей әсер қалдырып, ес жиғызбай ауру-сырқаусыз Жанеркенің кетіп қалғаны несі?

Хабардың өте тосын әрі ауыр болғаны соншалық, алғашында Сұлухан жылай да алмай қалды. Өз-өзіне ие бола алмай сандалып жүгіре бергенін, сосын аспан айналып кеткендей болып омақаса құлап бара жатқанын біледі. Есін жиған бойда өзін қоршап тұрған адамдарды жарып өтіп, асханаға құстай ұшқан. Түкпіргі бөлмеге кіріп, беті жабылған біреудің жатқанын көрді – ақырзаман орнап кеткен болар деп ойлады... Өксік, зар, өкініш, арман – өңкей мұң ұштасқан бұл дауысқа шыдап тұру, көкірегі қарс айырылған Ананың қайғысын жеткіу мүмкін емес. Оның жоқтауы семіп-қатып жатқан тау-тасқа жан бітірердей зарлы еді. Үш тұрмақ мың ұйықтаса түсіне кірмеген күтпеген жаңалық Сұлуханды «тірідей өлтірді». Шашы бір күнде қудай ағарып, еңселі денесі еңкіштеніп, жылай-жылай жасы да таусылғандай. Алғашқыдай зар қақсайтын дәрмені де қалмаған...

«...Жаратушым, неге алып кеттің оны? Шиттей ғана қызды неге керек еттің екен?.. Бар өмірі, бар болашағы алда еді ғой!.. Түк көрместен кетті де қалды... оның орнына неге мені алмадың?.. Қазір мені жоқтап ол отырса жараспас па еді?!.  Жанеркем!.. Өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңбастан қайда кеттің?!.» осылай әлсіз ғана өкіріп, теңселіп отыра берді. Қанша қиналса да, зарлап жоқтаса да, тіпті қызының көкпеңбек болған жансыз түрін көрсе де сенер емес. Жанерке бір жаққа кеткен секілді. Кез келген күні күлімдеп келіп, анасының мойнына асыла кететіндей сезінді... күтті...іздеді... таппады... Тағдырға мойынсұну қашан да оңай емес...

Өмірінде тек төзу үшін ғана жаралғандай болып, үнемі сабыр сақтап жүретін Ермек те, ішке жинай-жинай «жарылатын» кезі жеткендей, ақтрыла төгілді – Сұлуханнан қалыспай жылады...

Дүниенің астаң-кестеңі шығып, бірі талып, бірі жылап, бірі «күліп» жатқанда қаладан қуанышты хабар жетіп келді – Қанат есін жиыпты!..

...Өмірдің қанша ащысын тартса да қаймығып көрмеген қажырлы-ақ жұп еді, тағдыр дәл осы жолы екеуінің әлсіз тұсын қателеспей тапты да, өз алдында дәрменсіз екендігін мойындатты... «...ал, енді қайтесіңдер? Күлесіңдер ме, жылайсыңдар ма?..» - деп мысқылдап қарап тұрды...

сурет: oboibesplatno.ru

А. Әбілхан