Марғұлан Ақан. Жалын (әңгіме)

Марғұлан Ақан. Жалын (әңгіме)
Фото: vk.com

Күн көкжиекке батып барады. Қызарып батқан күнге жүзін тосып, өзіне түсініксіз тұғиық ойдың ішінде, терезенің алдына келіп отырған Жалын еді. Бізге де, оған да түсініксіз. Ішіндегі қопарылып жатқан, атқылап жатқан жанартауды біреу көру керек, ешкімге көрінбейтін жібектей нәзік сезімін біреу түсінуі керек, сезу керек. Күннің соңғы сәулесі Жалынның бетін сипалай өтіп, қоштасқандай болған кезде орнынан атып тұрып, далаға жүгірді. Ымырт тартып, түнек алақанымен бүкіл даланы жауып жатқандай.

Аспанға қадалып тұрған Жалынның көздеп тұрғаны ең бірінші боп көрінетін жұлдыздың жарығы. Күннің қойылымы аяқталып, көз тартарлық айлы түннің пьесасы басталды. Жаңа ғана жап-жасыл боп көк тартып тұрған биіктер мен жоталар лезде қара түске еніп, біреу қап-қара сиясын төгіп тастағандай күйге енді. Жалын әлі аспанға қарап тұр. Көк жүзінен көрінген жалғыз жұлдыздың жарығы әлсін-әлсін шоқтанып бастап, өртке оранып кетті. Аспан отқа оранды. Жерде тыныштық. Сәл ғана уақыт бұрын түнек басып келе жатқан аспанның беті жап-жарық, жарық емес лаулаған қып-қызыл өртке оранып, айналасына отты қаһарын көрсетіп келеді.

Жарық күткен жұлдыз жерге ағып түсті. Ағып түсуі мұң екен, көктегі сан мыңдаған жұлдыздар шоғыры отқа оранған тас секілді қара жерге бар салмақтарымен жауа бастады. Түскен жерлерін өртеп, айналасын күлге айналдырды. Жалын қашып келіп үйге тығылды. Атасы мен әжесін оятып әлек. Бірақ мұны естір құлақ та, көрер көз де жоқ. Бәрі тым-тырыс. Пештің қасына келіп, мысығын бауырына қысып жата қалды. Бірер минуттар бұрын ғана терезеден сүйсіне қарап тұрған Жалынның енді терезеге қарауға қауқары жетер емес. Үрей мен үміттің ортасында қалды.

Терезе жиегінен сығылап қарап еді, көз алдында өртеніп жатқан даланы көрді. Ағаштардың жан айғайы шығып, есіктің алдында қашып жүр. Жап-жасыл жапырақтар күлге айналып, жан алқымдарынан алған отқа қарсы тұра алмай қашып барады.

– Ата, ата! Мен қорқамын. Қарашы! Далада өрт болып жатыр. Ағаштар мен жапырақтар қашып жүр, не боп кетті ата,– деп Жалын жанұшыра далаға жүгіріп шықты.

Айналасы өрт. Қып-қызыл өрттің ішінен өзіне қарай ағаштар қашып келіп қаумалап алды. Жапырақтар аяғына оратылып, көздері жәутең-жәутең етеді:

– О, Жалын, бізге көмектесші. Бұл сенің қиялың. Неге осынша жауыз болдың. Біз саған не жаздық. 

Жалын аң-таң. Өзін кінәлап жатқан жансыз заттарға қарап есі кетті. Сөйлеп тұрған ағаш пен жапырақты бірінші рет көрген Жалын үшін бұл күтпеген жағдай еді.

– (жөтелген дауыс естілді). Әй, бала! Өшір мына өртті. Ойлаған екенсің, ойыңды жеткіз тезірек аяғына дейін. Не ойың бар, бәрімізді күл қылып тыну ма?

– Жоқ, жоқ. Мен ештеңе қиялдаған жоқпын. Не айтып тұрсыздар. Құдайым-ау... (жылап жіберді). Айналасына көз салып еді, өзінен басқа тіршілік иесі жоқ. Аяғын қозғалтып тағы да қаша жөнелейін деп еді, аяғына оралған жапырақтар жіберер емес. Аяққа түскен қамыттай қасарысып тұр. Ымырт тартса далаға шығып көк аспанның қарайып барып, жарық шашатын жұлдыздарын күтетін күндерін сағынып тұр. Тіпті бұлай үрейленіп көрмеген Жалпын өзіне-өзі есеп бере алмай дал.

– Ей, Жалын! Үй, Жалын! Ана бұзаудың басын тартшы, апаң ұйықтап жатыр. Енесін еміп қоймасын. Әйтпесе екеуіміз де таяқ жейміз,˜– деген атасының сөзі құлағына жетуі сол еді, айналасында болып жатқан дүниелер лезде бәз-баяғы қалпына келіп, аспан бұлтсызданып жарық шашып, ай мен жұлдыз ағараңдап Жалынды мазақ қылып тұрғандай кейіпте қалды.

–  Ата, сен жаңа өртті көрдің бе?

–  Не дейді, түйнек. Өрт дегені несі?!

–  Ал мына ағаштардың сөйлеп, жүргенін көрдіңіз бе?

–  Әй, бала аурып тұрған жоқсың ба? Бәрі жақсы ма, балам?

–  Ата, менде бәрі дұрыс. Сіз көрдіңіз бе, жоқ па соны айтыңызшы?

– Құдайым-ай, балам, бағанадан артыңнан қарап тұрмын, сен осы қақшиған орында қақшидың да қалдың ғой. Не болды, жаман ой әлде жаман түс көрдің бе?!

– Жоқ, ата. Мен... жоқ, бәрі жақсы.

Түн түнеріп батты. Жалынның ішінде алай-дүлей дүние. Есінде қалғаны айнала өрт, сөйлеген ағаштар, жапырақтар. Не сенерін, не сенбесін біле алатын емес. Миын жеп жатқан мың ойлар. Ой үстінде жатып ұйықтап кетті.

М. Ақан