Сайын Мұратбектің үздік 5 әңгімесі

Сайын Мұратбектің үздік 5 әңгімесі
Фото: kazaitys.kz

Танымал әдебиеттанушы-ғалым, сыншы Бақытжан Майтанов: «Сайын Мұратбеков шығармашылығындағы шынайылығы, өмірсүйгіштік қуаты  арқылы бұл көркемдік тенденцияның қоғам тынысын әсіресе жарқын тұстарынан  барынша  жан-жақты бейнелеу талаптарын жүзеге асырудағы елеулі үлесіне күмән тудырмайды. Ол роман жазған жоқ. Оның романы – әңгімелері. Ал әңгімелері мәңгілік даңқтың иелігіне шақыру алған. Қаламгер бақыты сондай-ақ болсын...», - дейді. Ендеше, жазушының ең үздік әңгімелерінің бестігін назарларыңызға ұсынамыз.

 

"РАЙГҮЛ" 

Студент жігіттің "Қызыл ту" ауылына жол тартуына себеп болған екі хат бар. Олардың бір-бірімен қандай байланысы бар деп ойлайсыз? Райгүл есімді сауыншы қыз кім? Ол неге профессорға хат жазып жүр? Шығарманы оқу барысында осы сауалдарға жауап ала аласыз. Оқуға жеңіл, тілі жатық әңгіме көркем уақиғасымен сіздің санаңызды бірден жаулап алады. Жарылғап қарт пен Ұлтуған шешейдің бұла өскен еркетотай қызының мінезіне сүйсініп, нәзік сезімінен өнеге аласыз. Шағын шығарма сізге ұнайды деп сенім білдіреміз! 

"МЕНІҢ ҚАРЫНДАСЫМ" 

Өзіңіз оқуда жүріп, демалыста үйге оралғаныңызда кішкентай қарындасыңыздың соншалықты тез өсіп, өзгеріп кеткені сізді қатты таңырқатты ма? Ендеше, бойжеткен қарындасыңызбен қалай тіл табысу керектігі жөнінде автордың "Менің қарындасым" әңгімесі сізге бағдаршам бола алады. Шығармада мектептің соңғы сыныбында оқитын Әлиманың оқуға құштар, жап-жақсы еңбек етіп, мол табыс табатын Нұрланға деген тәтті махаббаты суреттеледі. Егер, миыңыз демалатын шығарма оқығыңыз келсе, дәл осы әңгімені оқуға кеңес береміз! 

"МАХАББАТ" 

Махаббат деген не? Ата-бабаларымыздың кезінде махаббат-сахаббатсыз-ақ үрім-бұтағы өсіп-өркендеді емес пе? Солардың "бір-бірімізді сүйеміз-ау" деп ойлауларына шамалары келді ме екен? Ал, қазіргі жастар ше? Солардың айтып жүрген махаббаты не осы? Осы сұрақтардың жауабын Сайын Мұратбектің "Махаббат" деп аталатын әңгімесінен таба аласыз. Шығармада қатал әкенің дегеніне бағынбаған қайсар Әсия өз махаббаты үшін қандай құрбандыққа барады деп ойлайсыз? Оқыңыз! Сайын атаның өзі жауап берсін!

"АНАНЫҢ АРМАНЫ" 

Анаңызды дүниедегі ең бақытты жан санағаныңызбен, көкірегінде жатқан арманы шер болып қатып қалғанын ойламайсыз-ау, сірә?! Сіз өз анаңыздың жүрегін бір сәт тыңдап көріңізші.. Ол сізге ең асыл арманы жөнінде айтып па еді? Жоқ, айтпайды. "Өзекті жанға бір өлім" демекші, ана дүниеден хабар келгенде анаңыз сізге шерін тарқатар... Ақтық сапар алдында арманда кетсін демесеңіз, ананың ең үлкен арманы қандай боларын алдын-ала біліп, көзі тірісінде орындаңыз! Ол үшін автордың "Ананың арманы" әңгімесін оқып шығыңыз! 

"ЖУСАН ИІСІ" (повесть)

"Ол үнемі ертегісін "Баяғыда бір жетім бала болыпты" деп бастаушы еді". Сіз аталған шығарманы бала күніңізде талай рет оқыған боларсыз? Әр оқыған сайын талай рет жылауыңыз да ғажап емес! Сіз Аянмен бірге түн ортасында сырғанақта сиқырлы қанат біткен шанасын тепкен де боларсыз. Мүмкін Аянның қоңыр сиырын Бапай шалдың үйіне қарай айдасқанда бір топ баланың ішінде шуылдасып сіз де жүрдіңіз. Жусанның иісі сіңген ағасының пальтосын сіз де иіскедіңіз ғой, солай ма? Және ең бастысы, жетім баланың ғажайып ертегілерін жанында отырып тыңдағаныңызға сенімдіміз. Олай болса, балалығыңызға жарты сағатқа саяхаттап келіңіз. "Жусан иісін" тағы да оқыңыз! 

Топтастырған: Әсел Кәрібай

Н. Айдархан