Оқи отырыңыз

Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың.

Автор: Бауыржан Момышұлы

— Редактор бағаны —

Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында
Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Бас бет / Лайфстайл / Әдебиет / Проза / Ұшардың ұлуы (әңгіме)

Ұшардың ұлуы (әңгіме)

Ұшардың ұлуы (әңгіме)

Сіздердің назарларыңызға Салтанат Минайханның бір әңгімесін ұсынып отырмыз. Жас таланттың прозадағы алғашқы қадамы құтты болсын дей отырып, алдағы күнде үлкен-үлкен шығармашылық табыстар тілейміз. Ендеше, балалық шаққа саяхаттап барғыңыз келсе, күй құдіретін сезінгіңіз келсе, осы  әңгімені оқудан қалыс қалмаңыз.

 Ұшардың ұлуы

(әңгіме)

Келген бетте жүрегім де, бүйрегім де бұрып тұрар бөлмеге беттедім. Тәлімі мен тәрбиесі таң қалдырған қаймана қазағымның қарақат қыздары сондай жылы қарсы алады. Кірсем шыға алмай қалам. Шығып кетсем сол есікке елеңдей берем. Шайларын ішіп, әңгіме көгенін ағытып жеңілдеп қалам. Қаңбақша ұшам. Өзегіме құм мен су түсіп салмақ түссе қонар сайым да осы бөлме аясы. Тартып тұрар жүрегімнің алтын қазығын сол бөлмеге қаққам. Бүгін ол жоқ болып шықты. Мейлі, ол да жақсы болды.

******

Бүгінгі күн қалай болса да қарбаласқа толы болды. Таң атқаннан кеш батқанға дейін жүгіріс, ұятқа бату мен бас айналдырған қуаныш. Ұялған тұстарымды қайдам, қуанышым қойныма сыймай үш төсекке ықшамдалған жатақхана бөлмесіне толып, есік, терезеден тербеліп шығып, теңіздей  тулап, үрей мен сезім ортасында Нұһ кемесін Қазығұрт тауына қалдырып кеткендей балалығымның бел ортасы қалтыраған қара шал мен қойшы баланың қасына қондырып кетті, иа, дәл солай болды. Қара шалдың қасындағы қойшы баланың сол арада не сезіп, не ойлап тұрғанын жаңылмайтын таразыдай қалтқысыз біліп тұрмын. Біліп тұрып жылап тұрғандай, әлде, олай да емес, өзімді сезбейтін сияқтымын. Жерде тұрғанымды , не сол сағыныш сезімінің, сол тылсым күштің сиқырлы бір тал жібіне ілініп тұрмын ба? Білмеймін. Сол сәтте жұмарлақтап қысса бір жұдырыққа сиып кетердей бар денем босап, тұрған жерімде мақтадай түтіліп кететіндей күйдемін. ...Бәрі таныс, бәрі, бәрі. Анау шидің шетіндегі түтіні будақтаған сұр там да, томпақ арасында жайылып жүрген үйірлі  жылқы да, жалаң аяқ су кешіп, шабақ ұстайтын қара су да, үшінші атамның атымен аталатын қара судың ар жағындағы «Уез» аралы да, мына шал мен қойшы бала шошайған «Кілеңгіт» тауы, қастарындағы шілдің боғын теріп жеп жүрген ешкі, қой да, танауыңнан кіріп қолқаңды кептіре дем алатын жел араласқан ашулы ауа, екі жанның ұшпа жаламадан үңіліп тұрған, бұзылған мұз сеңіне шығып алып қақаған қыста қармақ салып, күміс балығын етекке салып таситын, қалыпты айғайына құлағың үйренген арқыраған ағынды өзен де, бәрі таныс.

Айналаны шолып шыққан көзім амалсыз қойшы баланың қолтығына қысып тұрған жасыл кітапқа түсті. Түскені сонша кітаптың ішіне еніп кетіп, мұқабасындағы аңдатпасынан бастап ішіп-жей бастадым. Әр бетіндегі әріптердің өзі мені алыс сапардан сағына күтіп алғандай сап түзеп бастарын иіп тұр. Жүз он екінші беттегі қою мұртымен жалғасқан дөңгелек сақалды Ыбырай Алтынсарин, жүз қырық алтыншы беттегі күмбез тақиялы Абай Құнанбаев, селдір жұқа мұртты  Міржақов Дулатов сынды тұлғалар сол жасыл кітаптан алғаш көріп танысқан сәттей құшақтарына өзім еніп кетіп жатырмын.

 ******

Балалығымның тері, аунаған топырағымның иісі сіңген жансыз досым жанарыма жас әкеліп, жүйрік құмырысқа бетімді жыбырлатып аузыма түскенде ащы дәмі түлеген жылқыдай сілкінтіп жіберді. Есімді енді жидым. Қайда отырғанымды аңдадым. Бәрі күйдің құдіретіне елтіп кеткен. Бойымды тез жинап алдым. Әркім өз сезімімен әлек. Оқыс қимыл жасап алмауға тырысып көзімді сүрттім. Бұның өзгеге көрніп қалуы да ұят. Көзден жас шығару ер азаматқа жараспайды. Өмір заңы. Түсінік сондай. Толықша келген тырнақты қыз саусағы қобыз мойнында дірілдеп билеп жатыр. Қазақтың қашанда мұңын түгендеген қобыз үні кілкіп зарлы әуенге ауысты. Зар... Зар... сарнап зарлайды. Иесін жоқтап жұртта қалған адал иттің иесіне айтқан жоқтауы. Ұлы, ұли түс. Тағы да ұлы. Ұлыыыыы.....

 ******

Екі құлағым екі түрлі дауыс ести бастады. Зарлы қобыз. Жаңағы қара шалдың жан ұшыра қарлыққан айғайы. Шалдың дауысы жеңіп барат. «ыңңңңңыыыңңң- ұш-ың-ңң... – Ұшааар! Ұшаааар! Әәәәй Ұшар!....» Қайталана берет. Тау көтермелеп тіпті биіктетіп жіберді. Бара-бара қобыз үні өшіп, шалдың қасында жасыл кітабымды құшақтап тұрғаным сезілді. Шал неге айғайлайды? Не оның жоғалтқаны? Ұшар. Иа Ұшар. Иттің аты. Ит. Жай ғана ит емес. Мына қара шалдың жетінші қазынасы. Қартайғанда төсегін жылытқан кемпірі келмеске кетті. Ұлын ұяға, қызын қияға өзі қондырды. Дәулетін ұлға да, қызға да тең бөліп берген. Қартайған шалға қарау қайда, өз өмірлерінің күйбеңінен аса алмайды. Дүбірі кеткен ат ағаштай жалғыз қалғанда шапанының етегін жыртып ермегіне айналған тілсіз досы Ұшар ит те із-түссіз жоғалды. Келмегеніне тұра он күн болды. Ұшпа жаламаға шалмен бірге келіп Ұшарды оныншы күн жоқтап тұрмыз. Жоқ. Әлі жоқ. Жақсы ит өлігін көрсетпейді деген осы болса керек. Бұдан басқа шал мен адал иті -Ұшар туралы білерім де шамалы. Өткен күн естелігінен санамда тау басындағы иттің жоқтаған зарлы шалдың бейнесі - бояуы қанық сақталған. Неге? Себебім білмеймін. Бар балалық дәуренім әуенге елтіп көз алдымнан өтіп жатыр. Өзіме сыймай барам. Әсіресе, жасыл кітабым жанымды тәтті азапқа салып елесіне бөлеп әкетті. Жеті жасар ұлдың, әлде, бозбалалықты алқымдаған азаматтың жүрегі ме... қалыпты қызуы артып «дір» ете түсті.

******

Бұл кітап мен үшін алғаш алдымнан ашылған қазына қақпасы болды. Қақпа болғанда қандай қақпа деңіз; аспанын бұлт торлап қымтамаған, алтын табақ күн шапағын мың жыл жатып, жоғалып кеткен өткеніңді тірілтіп, келешегіңді кемелдікке алып баратын, алтыннан артық қазынаға қарық  қылатын сонау тоқсаныншы жылдан кейінгі жаңа дүрбелеңнің қақпасы болатын.

Бір күні әкем қаладан келе сала әуелгі әдеті бойынша «өй, әкеңнің... кел бері»,-деп еркелете арқамнан қағып есік алдындағы теректің ескі томарынан жасалған жаңғырық ағашқа әкеп отырғызып: « - Ұлым, сен, әкеңнің жетпеген арманына жетесің әлі, бүгіннен бастап өзім оқытам, оқуды да, жазу мен сызуды да. Тек ынтаңды берсең болды». Мен әкемнің мұндай тоқ етер шешіміне ұядан ұшам деп талпынған қыранның балапанындай оқыс қимылмен қамқор құшаққа қойып кеткенімді, сол қыранның қарымды қос қанаты қыса түскенде сездім. Жүрегімде маза жоқ. Дүмпуі өзіме естіліп тұрды. Бұл менің күнінде сан ойланып, мазамды кетіріп жүрген көңілімнің тетігі болса керек. Әкем көп күттірмей дөп басты білем. Күнде, ананың баласы қалаға оқуға кетіпті, мынаның баласы озат болыпты, жазып үйреніпті, кітап оқуға жарап қалыпты... Сіркем су көтермей, тәтті ашуға аузым шошайып жургенде көзімнің тамшысын сығып алушы еді – бұл сөздер.

Ал, әкем. Әкем арманына неге жете  алмады екен. Кім кедергі жасады. Ол қандай арман. Анам екеуінің бір әңгімесінен естіп қалған ем; Мәскеуде оқып жүргенде бір қайғылы оқиғаға тап болып, бір бүйрегін сонда алдырып тастаса керек. Әлде, сол болған жайсыз оқиға мекен арманын қиып кеткен. Бұл есеймеген балаға айтуға болмайтын отбасылық қалыптасқан заң бойынша мен үшін беймәлім болып қала бермек. «– Әке, әкетайым менің!»- деп айғайлап жатырмын, дауысымды бар әлем тына тыңдап қалғандай, тек бұл тілден емес, бұлқынуы бар денемді идіріп тұрған тостағандай таза жүрегімнің тұнық «сезім» атты пернесінің әуезі болатын. Әкемді туғалы және сол сәттен өмірімнің соңына дейін жетердей құштарлықпен сүймеген екем.  Бұдан қазір әкеме қырын қараймын деген тұжырым шықпайды, бірақ, қайталанбас естелік  - қайталанбайды екен.«Міне, балам, алғашқы оқулығыңды да алып келдім», - деп әкем мені құшағынан босата беріп, қара шекпенінің сол жақ ішкі өңірінен жасыл кітап алып шықты. «О, кітап, кітап, алақай!». Қуанғаным сонша әкемнің қолынан абайсыз, ұрлана сарт еткізіп қолыңды өткір тұяғымен сояулап тырнап кететін кезқұйрық қимылмен қолға түсіріп сапырылыстыра бастадым. Кенет әкеме:

 - Әке, мынау кім?

- Ахмет Байтұрсынов деген бабаң, балам. Кері желпе тағы біраз парақ аударып:

 - Ал мынау кім, әке?

- Бұл... балам... Жылқы кісінер уақыт үнсіз бөгеліп. Бар демін қос мұрнынан шығарып, салмақты, терең байыпты қимылмен жаңғырық ағаштан денесін ажыратып, оң жақ мейірлі алақанын иығыма қойып:

- Абай Құнанбаев. Бар қазақтың қара нары. Елдің еркіндігін аңсаған, тірісінде мұратына жете алмаған... Яғни ұлым бар тілек арманын, қайнар білімін, Отанға, Елге деген махаббатын кейінгіге, өзің сияқты келелі ұрпақ оқып қанаттансын деп осылай кітап етіп қалдырған. Мен әкемнің көмейіне әкеп бүгіп қалған, атылардай келіп күрмеліп қалған, сөйлемнің не бір қызық әңгіменің астарын білгім келіп іште сақтап жүрдім. Бұл жабулы қазанның қақпағын кейін өзім ашып қаныққанда бірақ байыбына жеттім.

Әкем сөзін ары қарай  жалғап «Балам, сен менің өмірімнің жалғасы, кешегі ата-бабамыздың бар қасиетін бойыңа жиған, санасы батыр ұлдардай, мен үшін емес ел үшін өмір сүрерсің. Мына қолыңдағы кітаптың ішіндегі тұлғалардай тұғырлы сөз айта білетін азамат болуың керек. Білекті бірді, білімді мыңды жығады. Ерінбе, сонда еңбегің жанады. Бүгіннен бастап жаңа күннің баспалдағын басасың. Алла бағыңды ашса әлі-ақ судай тасасың. Ұлым өзіңе үлкен сенім артам», - деп арқамнан қағып мейірлене күлгені әлі есімде. Есімде деймін-ау, әр кез босаңсып, нәпсінің тұзағынан шыға алмай шырылдағанда, тіпті аңдамай аңғалдығыммен арандалып, басымды тау мен тасқа соққан кездерімде әкемнің жеті жасар ұлын жаңа баспалдаққа шығарар алдындағы өсиет сөзі жігерімді қамшылап, арманыма асықтыратын арманнан жүйрік алдаспаным екені хақ. Өлгенше әлі талай шырмауды турап өтері мен үшін аспандағы ай мен күндей анық нарсе.

Түн болып күйбең тірліктен орынға отырғанша қолымнан тастамай жасыл кітапты жанарыммен жалап-жұқтадым. Көршіге де, маңайдағы оқу озаты болып жүргендерге де «міне, менің де кітабым бар» дегендей ұшқалақ қағам. Бірақ мен оқи алмаймын ғой. Мүлдем. Тым болмаса бір әріп. Тіпті кітабымның қалай аталатынан да бейхабармын. Ал, әкем неге айтпады? Осыдан оқып үйренейін. Жасыл кітаптың маңдайшасындағы қара бояуға малынған кереге жазу болсын бірінші оқылар сөз. Ол сәтте демігіп жақындады білем. Бойымда қобалжу бар. Әкем үлкен сенім артады. Арманым да алып. Бала қиял шексіз армандаса керек. Бір күндік өмір парағын аяқтап, дастарханға үйіріліп отырмыз. Қолғанаттыққа илігіп қалған аяулы қарындасым шамасынша тырбанып әкеме, екі інісіне-алдымызға шай қойып жатыр. Түн жамылғысын оранған бөлмеге мұнара шыны құрсауында ескі май шам жарығын қажып әрең таратып тұр. Тек ардақты анам кешігіп жатыр. Азанмен қалаға кеткен болатын. Анамды ерекше күтіп отырдым. Алқынып барам. Себебі де жасыл кітап. Тышқан аңдыған түлкіге ұқсап екі көзім есік жақта. Бір шай кесемізді төңкергенше көптен күткен есік те шыңғырып ашылып, сұңғақ бойлы анам дауыстап ішке енді.

-Менің қара шалым мен балапандарым қалай екен?!                                                                                                                                                  

- Мама, мамам келді,-деп құрақ ұштық бар көңілімізбен еміне. Бәрінен бұрын анамның алдына барып үлгерген өзім, әрине. Ардақты анам. Тұңғышын аймалап бетімнен сүйіп, қалыпты әдетімен желкемнен дем алмай иіскеп, құшағына қысты. Әрқашан балапандарына иіп тұратын анамның теңеусіз иісіне мас болып қалғандай мүлгіп тұра бергің келеді. Анам тізесін жазып көтеріле беріп, аспақталып тұрған қолымдағы кітапты өзі бұрын аңдап: «О, менің сары ұлым оқуға ден қойған ба?  Қара шал, бұл ісің дұрыс болған» – деп қуанышын сақалсыз шалымен бөлісе сөзін сабактап, «Алла, әке ұстаз бен балаң шәкірке ілімнің асыл қасиетін берсін, иншалла» - деді ана жүрек. Мен анамнан кітабым үшін бірден көрімдік сұрай алмай калғаныма бұртиып, кімді кінәлап тұрғанымды білмеймін. Тұңғышының неге тұқыржып, салы суға кеткенін аңдаған анам барқыттан тігілген дорбасын ақтарып, қалам, қарындаш, бес дана дәптер алып шығып: «ұлым, міне анасының силығы. Үлкен білімді азамат бол. Артыңнан ерген қарынбасың мен бауырларыңа тірек бол. Алдыңғы дөңгелек өзіңсің», - деп қолыма ұстатты. Анамның силығы мені ғана емес баршамызды бір желпінтіп тастады. Төрт көзіміз түгел отырып азан-қазан болып қуанған соң, күнделікті жайларымызға қисайдық. Сол түн жасыл кітапты жастықтың астынан жастанып астымнан су шыққандай дөңбекше домалап әрең екінші күйге ауыстым. Ұйқыға.

Таңертен көз тырнап тұрысымен үйреншікті қайталанба тірлік бүгін қалыбын бұзды. Таңғы шайдан соң күнделікті маған арналған жеке міндеттер ысырылып ықшамдалған жоспар қойылды. Әке ұстаздың жаңа ұстанымы десе де болады. Таңертеңнен түске, бесінге күн ауғанша сабақ. Арасында майда жұмыстар. Барып кел, алып кел.

Әкем өмірге құлшынысы басқаша, ойы өте ұшқыр, бойында қанмен дарыған өнер әлемі бар көзі қарақты, терең адам. Бойындағы жетпіс болмаса да жеті өнерінің бірі – сүрет салу. Мен үшін әкемнен асқан сүретші жоқ. Қазірде солай. Сонда таң қалғаным қырық сегіз беттік қалың да емес, он екі бет жұқа дәптерге оқулық келбетін сиғызған шеберлігі. Әр әріпке арнап көрнекі сурет салып шыққан. Аюға келетін «А», сиырға келетін «С», ожауға келетін «О» т.с.с. Барылық сурет айналамдағы көз жаттаған бейнелер. Қысқасы дайын әліппе. Алғашқы оқулық. Бастап та кеттік. Алғашқы әріп «А». Аюға келетін. Анам әкелген дәптердің бірінің алғашқы парағын толтыра таңбаланды. Әкемнің мінезі табиғатынан ауыр болатын. Екі құлаққа ілінген күлкі жайында қалды. Балауса қуаныштың ұшқыны да алыстап кетті. Ықылық атып жылап отырмын. Алғашқы қоңыраудың орнына шыбық ысқырды. Парлап шыққан жанарымның тамшыларына тұз қосып  қойған ба дерсің, екі бетімді, иек асты мойнымды ашытып әлек.  

Өзім де әкемнен қатты қорқатынмын. Аузынан шыққан сөз құлаққа жетпей орындалу үйдегі бірінші тәртіп. Бүгін бес әріпті үйрену осы уақытқа дейін қолымнан өткен жұмыстардың ең қиыны, ең ауыры болдау шамасы. Әріпті таңбалаудан жаңылсам қатал дауыс екпін алып, жас талдың шыбығы басымды бөліп жіберердей білеулене осып жіберетін. Өткен әріпті қайталап сұрап, жаңылсам тағы шыбық. Қолдан, иығыңнан да шымырлатып тиетін тағы да шыбық. Осылай екі аптада қырық екі әріпті толық танып шықтым. Іркіліп, баспалап оқуға шым-шымдап жарап қалдым. Жасыл кітап « Әдебиет» ныспылы екенін бірінші біліп алғам.  Шыбықтың жиі көтерілуі осы кезде болды. Әріптерді атаудан көрі бастарын қосып сөз қылып оқу қиындау соқса керек. Шыбықпен жақын дос болып кеттім. Бастапқыдай денем де жатырқамайтын сияқты. Ағасын аяп, кейде әкесіне жақтасып, қасымызда қозғалмай қарап отыратын – қарындасым. Уақыт өте келе аздап оқып, жаза бастадым. Минутына жасыл әдебиеттен отыз-қырық сөз оқитын жылдамдық пайда болды. Зеректігі менен асты ма, қарындасым қарап отырып әріп танып икемделіп қалған. Қызба намыс атына мініп еркін оқып, жазуға көп уақыт ұттырмадым. Сар шыбық та шаруасын атқарып, келмес демалысына кетті. Әке қолынан түсісімен жаназасын өзім шығарып тастағам. Әке көңіл риза, ұлын бұрынғысынан да қатты сүйетіні байқалат. Қазір ойласам сол айғай мен сары шыбық сорым емес сорпалы сонарым екен.

Қолдан соғылған алғашқы оқулықтан соңғы жасыл әдебиетім бай, өте бай болып шықты. Ерназардың Ертөстігі болып ойнадым. Ағаш атқа мініп. Тасша бала болып өтірік өлең айттым. Өлең бе, шиыртпақ сөз бе айналамдағы қара таспалардың бәрін жинап, елес қиялмен арбап алады екем. « Өтірік ертегі, өлеңіңді айтшы»,-деп мая шөптің үстіне жиналатын әдет қалыптасты. Оқиға желісі жеке балалық өміріме өте ұқсас болғаннан ба «Асан мен Үсенді» жан-тәніммен сезіндім. Екеуіне қосылып өмір сүрдім. Қысқасы жасыл әдебиетті жатқа білдім. Менен тыс қалып қою былай тұрсын артық вирус кірмеген таза ауа мен айран-сүтке малшыққан майысқақ мүсініме терең мазмұны сіңіп кеткен. Қаныммен бірге қызбалақ қағат. Иегін мұрт қаптаған шын ер азамат жасына келгенше қанша кітап көз сүзгісінен өтсе, бәрінің іргесін берік ұстап тұрған – Жасыл әдебиет.

Жасыл әдебиет бар сырын енді аша түсті маған. Парағын қой бағып қырда жүріп, томар қағып тоғайда жүріп, тезек теріп жазықта жүріп талай аудардым. Аударып қана қоймадым. Арман, қиял қайығыма желкен беріп теңізге аттандырған да өзің. Білім мен ғылым теңізіне. Сол теңізден шөміштеп су ішпесем де, кепкен тіліме тамшы тамыздым. Тамшы тасқынға айналар ертең. Иә ертең...

Осы жасыл кітап мен үшін барша кітаптың төресі еді. Тіпті бұл кітаптан басқа кітап жоқтай көрінетін маған. Сол кітаптың әр парағының қартаң әріптері мен үтір, нүктесіне дейін санамда тасқа қашалып жеткен түркі жазуларындай сақталып қалған.

 ******

Жасыл әдебиет. Рахмет саған. Көп рахмет! Рахмет!!!

 ******

Тағы тылсым сезім, ой архивіне бейнелі еніп кеткенімді түсіндім. Метір жарым, төрт жақтаулы стөлді айналып отырған төрт қыз (Албина, Айгерім, Айжан, Бисұлу) менің Айжанның күйін аяқтатпай елтіп отырған тыныштықты кілт шауып айғайлап айтқан рахметімді ұғына алмай үрке қарап, ажал үнді қасқырдың әнін естіп көгалдан басын жұлып, елең еткен тіршілік иесіндей  сілейіп, үрейге жақын көздер қадалып қалған. Менің мүсініме. Ыңғайсыздыққа буынып қалған қалпымда бөгеліп қалдым. Қайтіп айтсаң да Шымқаланың ширақ қыздары емес пе? Өлі тыныштықты Албина бұзып «Салтанат не жаналық?», - деп қойып қалды. Бұл өзіндік әдетке айналған сөзі еді. Осы жолы сынай мінеп, мұқатып айтқандай болып естілді маған. «-Жоқ, бәрі жақсы, керемет! Қобыз, шіркін, жаныңды ерітіп жібереді екен. Бұған рахметтен басқа не айтуға болады» деуге ғана шамам келді. Алдымда тұрған сағы сынған жылы қара шайды дем алмай сіміре сап, кетуге жиналдым. Өз-өзімнен дегбірсіздене қалғаным. Бір білерім, дәл қазір жалғыздық, тыныштық керек жаныма. Қыздар «Не болды саған? Отыр. Өлеңіңді оқып кет. Кезек енді сенде»,-деп безек қағат. Мен «Тағы бірде, қыздар, ренжімеңдер» ,- деп уәделі өлеңді де оқымай есікке беттедім.

Екі жүз он төртінші бөлмеден шыға салысымен жүгіріп жетінші қабатқа көтерілдім. Балконға шығып түн тыныштығында өзімді сан жоғалтып сағымға айналған есімді білгеннен бергі он сегіз жылымды парақтап тауса алмадым. Әкем мен анамның көргені... Көрсеткен тәлімі... Біз үшін кешкен суығы мен жылуы... Өзімнің өрім балалығым... Алдағы арманым... Әке-шешем арманы... Олардың үзілмес үміті... Керек кезде әпкемдей бола да білген жалғыз қарындасым мен тынысымды кеңейткен екі інімің ағасына деген сенімі... Ең бастысы дәл қазіргі жағдайым...

Егіліп жыладым. Тоқтай алар емеспін. Қайран таза балалығым. Еркін кезген кең далам қайда?! Уайымсыз кездерім, бақытсыз - ақ бақытты болып жүрген жүгірмек қайда?! Қазіргі жүрісің мынау – жүрегіңде жасықтай тыныштық жоқ. Өз тәнін жатсынып безіп кеткісі келгендей ұрғылауыңдай кеудемді.

Бөлмеге келіп, төсегіме қалжырап құласам да ұйқысыз таңым атты. Ауылымды сағындым. Кеткім келет тезірек. Отбасымды, ата-анамды, іні-қарындасымды сағындым. Асыл анам, сары ұлын сағынып қанша түндерін ұйқысыз өткізді екен. Өзімді ауылға барып тауып әкелем. Кетем, иә, ертең кетем. Ертең...

 ******

Жан-тәнімді ақтарып, өткенімді қопарып тастаған бірақ нәрсе. Күй. Яғни, Қорқыттың күйі «Ұшардың ұлуы». Бала кездегі  Қара Шалдың «Ұшар» атты итін жоқтап, тау басында оқшырайып тұратын эпизодына сәйкес келіп, өткеннің кілтіне айналуы. Күйдің шығу төркініне ұқсауы.

«Бір жесір кемпірдің жалғыз баласы болса керек. Ол құс салып, ит жүгірткен саятшы екен. Қашқан аңды құтқармайтын “Ұшар” деген тазысы, желмен жарысқан жүйрік аты бар екен. Күндердің күнінде жігіт тосын ажалдан қайтыс болады. Сол кездегі елдің әдет – ғұрпы, салт-санасы бойынша, өлікті жерлегеннен кейін жұрт қоныс жаңартып, басқа жерге қоныс тепкен. Жаңа жұртқа көшіп келген кемпір өзі болмаса да баласынан қалған көз – тазыны іздесе, ол ұшты – күйлі жоқ боп шығады. «Көшкен жұртта қалған болар!» – деп, ана бұрынғы қоныстарына іздеп келсе, айтқандай-ақ, Ұшар иесін қиып кете алмай, мола басында сай – сүйекті сарқырата аспанға қарап ұлып отырса керек. Мұны көрген ана:

- Жалғызымнан айрылдым,

Қанатымнан қайрылдым,

Ұшар, Ұшар, кә, кә... -  деп, ана дауысы иттің зарынан асып аңырайды. Иен жұртта жалғызының артында қалған ана мен иесінен айрылған тазы – қос мұңлық қосылып күңіренеді. Қорқыттың осы оқиғаға байланысты шығарған күйі «Ұшардың ұлуы» деп аталады.

******

Екі жүз он төртке барып «Ұшардың ұлуын» тағы бір тыңдап қайтсам...

Сурет: nurkaz.ru

2450 0
Рейтинг: +0

Дайындаған: Ла Лига
Қосылған күні: 29 мамыр 2012, 18:30
Пікірлер
+0
29 мамыр 2012, 22:04

ммм сәл де болса түсініксіздеу екен, алғашқысы болғандықтан болар?! Ойын еркін жіберіп жазған сияқты, нады)))

+0
30 мамыр 2012, 02:14

қалам ұштала берсін, Салтанат. Ә дегенде жүрегім не, бүйрегім бұрып тұрған деп бастапсың. Бүйргеі бұру трақты тіркес емес пе? жүрегім бұру деп қосуға бола ма?

+0
30 мамыр 2012, 10:02

бәрі осыдан басталады....сында ескерген дұрыс

+0
10 қазан 2012, 18:19

Салтанат інім тек алға!!!!!!!!!!!!!!!!!!!

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

EXO - Lucky One [kaz_sub]
EXO - Lucky One [kaz_sub]

Оңтүстік кореялық әйгілі бойз-бэнд EXO тобы бүгінде дәурені жүріп, дүркіреп тұрған топ болып отыр. Жігіттер тобы тек Оңтүстік Кореяда ғана емес, Азияда танымал. Қазақстанда да EXO тобының жанкүйерлері жетерлік. Басында он екі қатысушыдан құралғанымен, бүгінде топта он өнерпаз өнер көрсетеді. Әр қатысушы жан-жақты, талантты. Біз бұған дейін аталған топтың бірнеше бейнебаянын қазақшаға аударған едік. Назарларыңызға топтың "Lucky One" туындысын қазақша субтитрмен ұсынамыз. Аударған: Жарылқасын Мырза Тайминг,...

IU - The shower [kaz_sub]
IU - The shower [kaz_sub]

Ли Чжи Ын – оңтүстік кореялық 23 жасар әнші қыз. Оның сахналық есімі «I and You» (мен және сен) әуен арқылы бір бүтін бола аламыз дегенді білдіреді....

Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]
Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]

Ел: Оңтүстік Корея  Жанр: романтика, медицина, драма, комедия, боевик  Жыл: 2016  Режиссер: Ли Ын Бок Басты рөлдерде: Чжин Гу, Сон Хе Ге, Сон Джун...