Ортаңғы әлем

Ортаңғы әлем

...Ақыр заман болмай қалды. Тірімін.

                                             Ойым – жынды, айкезбе.

Мейірхан Ақдәулетұлы

Ислам. Алаш. МЕН. Үшеулеп Алматының оң қапталын толық алып жатқан Алатауға тыныштық, шабыт іздеп барамыз. Ислам - атына заты сай иманы түгел, «т-фу» деген түкірігін қағып алардай жақын досым. Өмірде, қысқасы, не үшін жүргенін білетін адам. Ақын. Өлеңдері сәл өзімшіл болғаны болмаса, ірі поэзия жазып жүр. Ақиқатпен астарланған. Шәмшінің түрін берген: шүңірек көздеу, жел қозғаған бозбала мұртты, ырғай қамшыдай дүп-дүзу тұлғасы бар. Қара жұмыс етін қатырып нағыз білегі мен білімі қос қанатындай тез беткейге шығып келе жатқан бала қартқа ұқсайды.

Ал Алашым! Алаш деген ұғымның шарасы қанша кең болса, діңгегі қаншалықты жуан болса Алаш досымның арқасына шын батырдың ізі қалған. Еш нәрсенің аясына сыймайтын шеңберден тыс асыл дүниесі бар. Ол – Рухпен қырланған жасырымпаз күш. Ақын. Қайраткерліктің тайқазаны. Томардай бітімінде киіз қазықты жерге қағар қайраты бар. Ерте есейген азаматтай бетін түк басқан пародасы ерекше қазақ. Домалақ бауырсақтай томпайған екі беті қарақатқа шық тұрып тамып кетердей үлбіреген ашық қалың қасты қос жанарына сәжде қылған екі әлемге ұқсайды. Шақпақсыз тұтанатын намысшыл. Досқа дос, жауына жай отындай сүмбі мінезді. Үшеуіміз де бітімі бір болса да күтімі басқа, мың жыл теңізде жатқан құмырадай бірді қойып дәуірлер үшін құпиямыз. Тығынын ашқанға арызын айтар, не алғысын айтар үш құмырада үш түрлі шарап. Омардың шарабындай бір түрлі шарап. Әйтеу бір нәрсеге маспыз... Болашаққа атылған әдебиет атты әлемнің ақиқат пен жалғанның ортасындағы «автор» деген азаптың сұр жебесіміз. Ортаңғы әлем.

Алатаудың бел ортасына дейін көтерілдік. Тақыр төбеде тақырбас баланың айдарындай ғана оқшау қара тасқа барып отырдық. Керемет көрініс. Құдайдың құдіреті. Табиғат пен адам жасаған сұлулықтың үндесі. Алматы – сұлу, кербез Алатаудың төсіне таққан моншағы сияқтанып, жалт-жұлт етеді. Бірде, етегінде жамырап жатқан отар-отар қой, шұрқырап жатқан жылқыны елестетеді. Алаш тебіреніп өлең оқыды:

Есінеген тарихтың ұйқылы ояу көшінде

О, жауынгер сұлулар омырауы кесілген!

Домбыраның шанағы, қыл қобыздың көнегі

Май тамады қылыштан, қан тамғаны жөн еді...

Артынша Ислам:

Биікке құмармын жасымнан,

Абырой -  мен үшін пенделік.

Күнәм да көп шығар тасыңнан,

Кетпесем болды енді сенделіп!..

Алатау алдындағы міндетін өтеп, енді менің кезегім келгендей екеуі бір ауыздан:

- Ал, сен, осы сұлулықтың суретін көркем прозамен сал, - деп нық сенімді айтты.

- Білмеймін. Соңғы кездері кілең түсініксіздікке қызығып жүрмін. Өлімді ойлай берем...

Кенет «шарқ» еткен дауыс қатты шыққаны сонша, екі құлағымыз шыңылдап сала берді. Адам да қатты дауыстан азаптанады екен-ау. Отырған төбе тасымыздан үшеуіміз де мұртша қырқылып түстік. Айналамыз алай-дүлей болды да кетті. Есімді бір жиғанымда үсті басым қара күйе, теңіз шайып кеткен қоқыстай қалың жанып жатқан ағаш, шөптің арасында жатыр екем. Ислам да, Алаш та көрінбейді. Айнала қап-қара түнек. Дәу қара тастар балқып ағып, от өзенге айналып бара жатқандай. «Сөзсіз ақырзаман. Тозақ отының күлкісі осы болар» деген ой сап ете түсті.

....Арпалыс. Әлемде болмаған, өзінше ақылдымыз, асылмыз дейтін ешбір пенденің ақылына сыймайтын Құдайдың өз қолымен жасалып жатқан жарылыс. Қаптаған үрей. Табаныңдағы қара жер қақ айырылып ішкі қыртысы аударылып қалып жатыр. Айналам қою қара түтін.  Жанып жатқан от, оттар аспаннан түсіп жатыр. Дәу қанға малынған құмалаққа ұқсап гуілдеп құлағаны нағыз ажал тұзағы дерсің. Жамыраған қозының енесін іздеп маңыраған көрінісі – адамдардың қазіргі жағдайының бейнесі. Енді, қара жердің зарығып шыққан көз жасы сияқтанып от өзендер күллі жерді ұртына сиғызып келеді. Аспан түнек. Қара шәлісін жамылып, барынша «иә, дұрыс, жалмаңдар!» дегендей бетін тырнайды. Аспан мен жердің арасы тым жақын.

«Тозаққа түсетін болдым-ау, тозаққа». Қорыққаным сонша, денем қара жермен бірге теңселеді. Өліміңе бір қадам қалғанда көзіңнен жас та шықпайды екен. Алматының алқасы болып аты шыққан Алатау көз алдымда отқа салған қорғасындай ыдырап барады.

Жүгіріп келіп бір үңгірді паналадым. Достарым, туысқандарым қайда қалды? Әлде, менің ғана басыма түскен залал ма? Бірақ жаңа ғана қасымда жүрген Ислам, Алаш қайда кетті. От өзен оларды менен бұрын жалмады, сірә. Досымды жоқтап зарлайын десем, аузыма өксік тығылып, дауысым шықпайды. Әлде тас кереңге айналдым. Өмірі өзгені ойлаймын деп мақтанушы ем, дәл қазір өзімді ғана ойлап отырмын. «Тозаққа түсетін болдым-ау! Әлде... Алла аса қамқор, ерекше мейірімді емес пе? Кешірер мені. Әттең, неге намазымды тастап кеттім. Тозаққа түссем, тартар азабымды елестете де алмаймын. Заман ақыр деген атамның қойнында жатып тыңдаған таңғажайып қызықты әңгіме емес болғаны ма? Құдайым, құлын ғұмырым сенің пәрменіңе арналмады. Кешіре көр Жаратқан!»

Үрей... Үңгірге де жетті ажал бұтағы. Шыға сала сүріне-жығыла бір найза төбеге шықтым. Алатаудан алақандағыдай көрінетін ару қала қара шашын жамылып, бар күнәсі үшін Құдайынан үмітін үзгендей үйілген қоқысқа ұқсап кеткен.

Енді көзімнен жас шықты... «Иа, Алла,  осы қаладағы дінін сатқан кәпірлерді  жазаларың аян маған. Бірақ... өз ана тілін, ұлтын, тарихын сүйіп қадірлемегендер, махаббатты махабат деп, өз анасын қорлауды машақат деп білмейтіндерді қалай жазалар екенсің. Менің күнәм, күнә ма осылардың қасында? Ішіп келдім кеше, ішкенде сол шайтанның сідігіне беріліп сирағымды тірей алмай тірі өлікке айналып кеткенім... Оны ренжіттім. (Сүйген қызымды) Жылаттым. Ол туралы ойлаудан қашам. Бірақ, құтылып көрмедім, әлі. Өзім бір ішімнен жанып жүрген күйік болсам. Бір жүрекке екі махаббат сыймайды, сиюуы да мүмкін емес. Менің күнәм, Жаратқан, сенің жаратылысың  бөлшегі бір қызға ғашық болып, ғашықтық қана емес, саған ғана арналуға тиіс, сен ғана сиятын жүрегімнің түймесін сол қыз үшін ағытып жібергенім. Еріксіз ағытылды. Бұл сенің, мүмкін, маған жіберген жазаң, не өзім жыбырлақ нәпсімді тия алмай ұрындым ба? Бағым ба десем, бақытты болмас пем. Менің заман ақырым сол сар қыз келген күні болған-ау. Сорым ба соңы жоқ... Жо-жоқ! Құдай, сен кешірсең соңы – сол. Бәрі бітсін осымен. Сен кешірмесең өмірде күйген денем, тозағыңда күйер. Соңы жоқ. Мәңгі қалармын тамұқта. Себебі ол қызды сүйгенім сондай, табынып кеттім ғой. Сенің әміріңді емес, сұлу жаратылысыңның қаққан кірпігінің көлеңкесінде қалдым. Ұлы ширк жасадым. Кешір Құдай!» Найза төбеден төменге қарадым. От өзен аздан соң мені анық жалмайды. Қызыл тілі жалаң-жалаң етеді. Уақытым тым аз, Құдайға қолымды жайдым: «Иә, Алла, кешір мені, менің күнәм иығымда жазулы, бәрі де аян өзіңе. Үмітіне үкі тағып, үлкен сеніммен ата-анам Алматыға аттандырды. Ақыр заман ажалы оларды да о дүниеге аттандырған да шығар. Кешір оларды. Жұмағыңды қи оларға. Бар жақыныма жұмақ тілер  алдыңда қазір бетім болмаса да, берер сертім болсын. Соңғы сөзім де, айтар тілегім сүйгеніме сұлу тарту сыйла. Мен кешірілмесем де ол ата-анамның қасында жұмақта болсыншы. Оны да кешір, Алла!.. Амин» сол бойда көзімді жұмдым да, биік найза төбеден өзімді от өзенге тастап жібердім.

Бар дауысыммен айғайлап атып тұрдым. Түс. Түс екен. Құдайға шүкір.

Болды. Бар айтқаным осы. Тозақтың қақпасынан келдім. Өн бойым қара терге түсіп, жүрек тулап тұр. Алаш пен Ислам келіп үреймен мазалай бастағанда есімді жидым. Екеуін шап беріп құшағыма қысып алғам. Үшеуіміз де үнсіз. Тілсіз түсінісу теориясы.

Сол күні кеш батқанша түсімді өзімізше, тон пішіп, әр түрлі жорыдық.

Автор: Мұхтар Біләл

сурет:www.liveinternet.ru 

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Л. Лига