Күтпеген кездесу

Күтпеген кездесу

Ерғали Бақаштың мына "Күтпеген кездесу" атты әңгімесін ұсынамыз. 

Ерғали Бақаш

Тұяқ серіппей ұйықтап жатқанмын. Безілдеп қоя берген телефонның тұтқасын көтергенім сол еді, саңқылдаған дауыс құлағымды жарып жібере жаздады.

– Алло, амансың ба, бұл Күлімхан тәтең ғой, Матайдан хабарласып тұрмын. Сүлеймен ағаңнан айырылып қалдық, топырақ салуға үлгеріп кел – деп, телефонды тастай салды. Дың-дың еткен дауыс жұлын-жүйкемді аралап, мең-зең болып қаттым да қалдым.

Бір аптаның алдында бауырынан өрген үш қыздың кенжесі Айнұрдың ұзатылу тойына шақырып еді, етекке орала беретін шаруалардың әлегімен бара алмағанмын. Енді міне, тау қозғалса қозғалмайтын ақкөңіл ағаның өзінен айрылып қалдық.

Биыл университет бітіріп, жаңадан жұмысқа орналасқан жақын туысым Айдосты қаланың бір бұрышындағы жалдамалы пәтерінен тауып алып, «Сайран» автобекетіне қарай асығып келеміз. Күн қапырық. Самай-самайымыздан аққан тер, құдды жаңбыр тамшысындай болып жерге тамады. Ми қайнаған ыстықта жол жүрудің азап екенін тек жолаушылар ғана біледі.

Өтеген батыр көшесінің бойына Талдықорған бағытына жүретін жеңіл көліктер орналасқан-ды. Біз сүйретіліп 37-автобустан түскенде таксист жүргізушілері «Талдықорған, Талдықорған» деп жүгіріп қасымызға келді. Бірімен-бірі таласып, ұрыс-керіске де барудан тайынар емес. Орта жастағы жүргізуші: «Екі адам болса қазір жүремін», – деп байсалды үнмен тіл қатты. Бізге де керегі уақытты босқа өткізбей жолға шығу. Не керек, іздегенге сұраған. Көшенің бір қуысына қойылған жеңіл көлікке де жеттік. Ішінде екі қыз отыр. Біреуі алдыңғы орындыққа жайғасқан, пысылдап ұйықтап жатыр. Тіпті, көтеріп кетсең де сезбейтіндей. Бетін үлкен қара көзілдірігі күннің сәулесінен қорғап тұр. Ал, екіншісі жайбарақат түрде бізге бір қарады да, бұрышқа қарай жайғасты. Оның да көзілдірігі табақтай бетінің жартысынан көбін жауып тұр. Екі қызға қарап, әзілкеш бір досымның «қыздар көзілдірік тақса, әдемі болып кетеді» деген сөзі есіме түсіп мырс еттім. Жанымда отырған қыз жалт қарады. Ішінен «жынды ма» деген болуы керек.

Алматының көлік кептелісінен тура бір сағатқа жуық уақытта әрең шықтық. Алдыңғы орындықта отырған бойжеткен түк сезер емес. Іштей түнгі жұмыста істейтін болса керек деп топшыладым. Қалаға келген жастардың көбі оқуға түсе алмаса, намыстанып қалып қояды. Ауылда қазір жастар жоқ. Тек кәрі-құртаң қарттар ғана қалған.

«Амандық болса, үш сағатта жетіп барамыз» деп жүргізуші магнитофонын қосты. Бізді зерігіп қалмасын дегені ғой.

Көз алдымнан өмір бойы темір жолда істеген Сүлеймен ағам кетер емес. Нағыз еңбектің адамы еді. Екі жыл төсек тартып ауырып жатса да, қыңқ етіп дыбыс шығарған жоқ. Астана мен Алматының емханаларына көрсетпек болған қыздарының кеңесіне қарсы болды. Асып-тасыған байлық болмаса да, өз басына жететін дүние-мүлкі бар еді. Айналдырған аурудың алмай қоймасын сезді ме, соңғы үш жылда Матайдың құмынан аттап шықпады. Қайтейін, алпыстың алтауына келсе де, көп арманы ішінде кеткендей болады да тұрады. Үш қыздың артынан ерген жалғыз ұлы Арманның жыл тұрып шетінеп кеткені жанына батса да, ешкімге мұң шағып, ащы сумен сыр бөліскен емес. Басынан аттап кетсең де дауыс көтеріп сөйлемейтін сабаздың өзі болатын. Әй, жалған дүние-ай, кімге опа берген…

Ауыр ойдың шүңетіне батып, Арқарлы асуына да келіп қалыппыз. Жүргізушіміз көліктен түсе сала, асханаға қарай беттеді. Тысқа шығып тұр едім, алдыңғы орындықта отырған қыз ұйқысынан оянды. Бәлкім, ұйқысы қанған да болар, кім білген… Мені көрді де жанарын тайдырып әкетті. Көздері боталаған, бидай өңді әдемі қыз екен. Бір ұшқын жүрегімді қарып барады. Жол бойы мән беріп қарамаған екенмін, біртүрлі таныс бейне, тіпті көзқарасының өзі жұмбақтың шешімін маған қалдырғандай болды. Қайдан көрдім… Есім одан әрі ауыса бастады. Ол қасындағы құрбысымен қатарласа тез-тез жүріп, дүкенге кіріп кетті.

Сең соққан адамдай тұрып қалдым. Не боп кетті өзі. Алжығаннан саумын ба? Бұл өзі кім? Не қылған таныс бейне, жұмбақ көзқараста не сыр жатыр?

Қаталап шөлдегенімді де ұмытып барады екенмін. Айдостың «Ашыған көже сатып алдым, мә, ішіп ал» деген сөзінен селк етіп есімді жидым. Шынымен де ернім кеберсіп қалған екен. Шалқайып тұрып, дем алмастан бір-ақ көтердім.

Биік тауларға, сарғайған далаға қарап мұңым еселене түсті. Ойда-жоқта шылым шеккім келді. Бірақ қойғаныма да көп бола қойған жоқ еді. Өзімді-өзім әрең сабырға келтірдім. Өткен күндерімнің белгісіндей, ыңылдаған дауыс дала желімен бірге құлағыма естіліп жатқандай. Әке-ау, ырқына бағындырып бара жатқан бұл қандай бейне, жалт етіп бір қарағанына бола неге сонша әбігерге түсіп, мазасыздана бастадым. Бұл жағы әлі жұмбақ…

Бет орамалымен аузын сүрткен жүргізушіміз сонадайдан сөйлеп келеді. «Күтіп қалдыңдар ма, көбінесе жолда боламыз да, тамақты да жарытып ішпейміз. Бүгін бір сылқия тойып алдым» деп, ағынан жарылып күліп алды. Қуақы Айдос «Ас – адамның арқауы» деп қостап қойды.

Жартылай шегілген темекісін бір жақ езуіне тістеп, көлікті оталдырғаны сол еді, екі қыз қалып қалатындай, бірін-бірі қуалап, жүгіріп келді. Орта жолға дейін менің қасымда отырғаны алдыңғы орынға таласты. Дөңгелек жүзі әлде бір қызықты әңгіме естігендей бал-бұл жанады. Күлкісі келіп тұрғандай.

Маған жұмбақ көрінген бойжеткен, екі бетінің сүт шұңқыры ішіне кіріп, еппен қана қатарыма жайғасты. Көз тоқтатып қарағанда барып, бірақ есіме түсірдім. Құдай-ай, осындай да кездесу болады екен ғой. Өңім бе, әлде түсім бе. Осыдан үш жыл бұрын, иә, үш жыл бұрын… Дәлірек айтсам, екі мың сегіздің қаңтар айының бас кезі, түнгі сағат он екілер шамасында Абай көшесінің бойымен келе жатқанмын. Жер көк тайғақ, мұз. Көше шамдарының да жарығы әлсіз. Күн шыңылтыр аяз. Жаңа ғана жап-жақсы отырыстан сөзге келіп кетіп қалдым. Шешем «басыңнан сөз асырмайсың, осы мінезіңмен қайда барып сыяр екенсің» деуші еді. Сол сөзі расқа айналды.

Соңғы екі жылдың ішінде төрт рет жұмыстан кеттім. Бәрі сол қырсық мінезімнің кесірінен. Бастығымның бетіне айтып тастап қарап отырамын. Міне, тағы. Жып-жылы үйдің жайлы дастарханына жайғаса бергенде, сөзден сөз шығып жақын ағама қолды бір-ақ сілтеп кетіп қалдым. Жеңгемнің «қой» деген сөзін құлағыма да ілмедім. Қайта ағатайым байсалды адам. Иттей қылып сабаса да қолынан келеді. Бірақ, өз пікірі айқын адамды құрметтейтін. Қанша айтқанмен тарихшы емес пе? Көзі ашық! Ал мен шала сауатыммен өзеуреп таласқа түсемін. Менікі далбасалық қой. Кетіп қалғаныма өкініп келемін. Өкінбей ше, қазы мен қартаның иісі мұрынды жарып тұрса. «Қайта кірер есікті қатты жаппа» деген емес пе? Қанша жаурап тұрғаныммен енді ол үйге баруға намысым жіберер емес.

Қаланың сыртындағы жалдамалы пәтеріме жету үшін біраз жүруге тура келеді. Оның үстіне такси де бара қоймайды, жүрексінеді. Сонымен, не істеу керек, «таптым, таптым» деп айқайлап жібердім, тап әкемнің үйі бардай. Жігіттер бас қоса қалған кезде Жароков пен Жамбыл көшелерінің қиылысындағы «Динара» деген кафеге жиі барушы едік. Бүгін де сонда баруым керек деп шештім. Даяшылар да, қарауыл жігіттер де жүгіріп жүріп қарсы алады, айтқызбай-ақ, ұзын стаканмен сыра да жетіп келеді. Деміңді басып барып, тапсырыс бересің. Не деген құрмет десеңші?! Шарфыммен басымды орап алып, екі қолымды қалтама салып, жүріп келемін. Жеттім-ау, ақыры. Жарқ-жұрқ еткен шырақ, у-шу дауыстардан құлағың керең болып қалатындай көрінеді. Бірақ сәлден соң үйреніп кетесің. Есік алдында тұрған дәу қара құшақтап амандасып, ішке кіргізді. «Ой, ағай» деп даяшы қыздар қиылды. Жадырап сала бердім. Кілең жастар.

Бір бұрышта жап-жас қыз бет-аузын сақал басқан егделеу біреумен сүйісіп отыр.

Әне, бір қыз жалғыз өзі бокал толы сыраға әдемі ернін матырып, мұңайып отыр. Шеттеу бос орындыққа жайғаса кеттім.

Кафе қожайынының әйелі сылаң етіп, қасыма жетіп келді. Әлдебіреуге өкпесі бардай: «Соңғы кезде келмей кеттіңдер, басқа жерге барып жүрген жоқсыңдар ма, жалғызсың ғой. Серік тауып берейін бе, әне, анау қыз жалғыз отыр», – деп, өзінен-өзі мәз болып күлді. Оның бұл қылығын жақтырмасам да, сыр бергенім жоқ. Тобылғы түсті сыра алдыма келгенде-ақ, шөлден өліп бара жатқан адамдай, орталап тастадым. Кіріп-шығып мас жүргендерден аяқ алып жүргісіз.

У-шудың арасында жалғыз отырған да жаман екен. Бәрі саған қарап отырғандай, ыңғайсызданасың. Ал, ана жалғыз отырған қыз өзімен-өзі. Ешкімде жұмысы жоқ. «Екі жалғыз қосылып, бір бүтін болмайсыңдар ма» деген даяшы қыздың әзілі, шынымды айтсам, жаныма батып кетті. Алайып бір қарадым да қойдым. Шошып қалды-ау деймін, «ренжімеңіз, ренжімеңіз» дей берді. Қисалаңдаған бір жігіт биге тартып еді, шықпады. Көзінің астымен маған қарап қояды. Мен де ішіп-жеп қарап отырмын. Биге тартуға батылым барар емес.

Уақыт өткен сайын бейтаныс бейненің көз қарасына арбала бастадым, көзі қандай қап-қара. Бірақ мұңды екен. Біреуді күтіп отыр ма? Әлде, ол да мен сияқты…

Барған сайын бұрын көрмеген жұмбақ жан жақынымдай сезілді, көз алмай қарап отырмын. Сәлден соң сумкасынан темекісін алып, тарта бастады. Қанша ішкенім есімде жоқ, масайып бара жатқандаймын. Ол болса мызғыр емес, осы кафеде жалғыз өзі отырғандай, ешкіммен жұмысы жоқ. Екінші бір темекіні тұтатты. Сонша не көрінді деймін, ішімнен. Жақын барып тілдескім келді, бірақ жүрегім дауаламады. Қап-қара тұңғиық көзіне арбалдым да қалдым. Жұрттың бәрі көңілді, тек онымен мен ғана көңілсізбіз. Біреуге ренжіп отыр ма? Осындай әдемі қызды кімнің батылы барып ренжітеді екен, түсінсем бұйырмасын. Мұндай сұлу жарың болса, азамат ретінде не арманың бар. Қай-қайдағы ойлар басыма кіріп алғандай болды, қойшы, әр баста бір қиял.

Бәрін ұмытып, көз алмай қарап отырғанымды білемін, ар жағы есімде жоқ. Ертесі түс қайта оянсам, үйде жатырмын. Қалай келгенімді есіме түсіре алмадым. Басым зілдей боп ауырып, шыдатпай барады. Бір ғажабы қанша ішсем де, бас жазатын әдетім жоқ еді, орнымнан тұрғым келмей, әрнені ойлап қимыжық халде ұзақ жаттым.

Есімнен кафедегі қыз кетер емес. Бұрын көрмеген адамға неге сонша бас қатырамын? Ол жағын ойлауға дәрменім жетпейді. Сиқырлы күшке арбалып қалғандаймын. Не істеу керек? Әлде сол кафеге бүгін тағы бару керек пе? Жын ұрғандай атып тұрып, киіне салып жолға шықтым. Жүрегім кеудеме сияр емес, аяғым жерге тимей ұшып келемін. Жеттім-ау, ақыры! Келуін келіп алсам да, бүгін тағы жалғыз отыруды намыс көрдім. Достарыма қоңырау шалғым келді. Бірақ зауқым соқпады. Кафенің алдын алыстан торуылдадым, жастар топ-тобымен келіп жатыр. Мен күткен бейненің өзі тұрмақ, көлеңкесі де жоқ.

Аспандағы қаздың етінен дәметіп жүрген сияқтымын. Бірақ кетуге асығар емеспін, үйге барғым келмейді. Не болса да күтейін, келіп қалар деген үміт мені артқа қайтарар емес. Сол күні кафеден айқай салым жердегі кәрі теректің түбінде тұрып, әппақ арманымдай ақ таңды қарсы алдым. Одан кейін бұл теректің түбінде қанша рет тұрғанымды санасам, есебімнен жаңылармын. Бірақ, аққудың көгілдіріндей сол асыл бейнені еш кездестірген емеспін.

Енді, міне, араға үш жыл салып, бір көліктің ішінде кездестіріп отырмын. Дәл үш жылдың алдындағыдай ажарлы емес, беті секпілденіп, мұрнының үстіне қара ноқта пайда болыпты. Бірақ көзі сол күйінде, жас тұнып тұрғандай. Байқасам, ол да мені танып тұрған сияқты. Ыңғайсызданып отырды.

Оң қолындағы сақинасын көргенде, өткенді есіне салғым келген жоқ. Жүрегім шым етіп, біреу біз тығып алғандай болды, межелі жерге тезірек жетсек екен деп асыға бастадым. Жол ортада түсіп қалғым келді. Бірақ өлімге бара жатқаным есіме түсті. Әне, Талдықорғанның да төбесі көріне бастады. Айдос екеуміз қаланың шетінен түсіп қалдық, екі қыз жүйткіген таксимен кетіп барады. Көліктің есігін жабарымда, боталаған көздерімен бір қарағанда, өне бойымнан ток жүріп өткендей болып еді.

Таныс та бейтаныс бейне алыстаған сайын, жүрегім шымырлап, асылымды жоғалтқандай әрі-сәрі күйде қалдым. Қайтейін, өмір деген сол кездесу мен қоштасудан тұрады екен ғой…

Күн ұясына батардан бұрын Матай ауылына жеттік. Жел ұшырған құмы қойны-қонышымызға кіріп мазамызды алды. Қаралы үйдің қазасына жұрт көп жиналмапты. Қазақ той мен өлімге барын салушы еді, ауылдың да береке-бірлігі есепке құрылып бара жатқан сияқты… Қол ұшын беріп, қайғыны жеңілдеткеннің орнына кейбір ер-азаматтарымыздың қазан жағалап жүргендері қатты қынжылтты.

Көзі жұмылған адам ана дүниеге асығады деуші еді үлкендер. Сүйек шыққан соң, жұртпен бірге мен де қайтуға ыңғайландым. Даңғарадай үйде Айжан әпкем енді қалай жалғыз өмір сүреді. Осыны ойлағанда өзегім от болып, көзіме жас келді. Жақында ғана құтты орнына қонған кенже қыздың жолдасының аты Арман екен. Арманға арман жалғанғаны осы да, жүзі жылы көрінді. «Бақытты болыңдар» деп маңдайынан сүйдім.

… Сол баяғы көне күре жол. Бұл жолдың аяғына шығуға асығатындар көп. Ал мен өз ойыммен әлек болып келемін, іштей Алматыға барғасын қиялымды жаулаған, сол көркем бейнені іздеп табуға бел будым. Қайда жүр екен?..

 

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: Жеке мұрағаттан

Қ. Қауымбек