Оқи отырыңыз

Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың.

Автор: Бауыржан Момышұлы

— Редактор бағаны —

Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында
Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Бас бет / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Алматым – о, менің жаралы жүрегім!

Алматым – о, менің жаралы жүрегім!

Алматым – о, менің жаралы жүрегім!

Мұрат Шаймаранұлының "Еркін аспан өлеңі" жинағынан алынған өлеңдерді ұсынып отырмыз. Бүгінгі әдебиетке сәп салар болсақ, елдің бәрі батысқа қарап маңырап жүргенде шығыстың желіне бетін берген бір ақын жұрттан өзгешелеу көзге түседі. Оңаша күйсеп, оңаша жусап, жартастың иығына шығып, тұмсығын көтерген сол «кер бұғының» есімі - Мұрат Шаймаранұлы! Мұрат жырының тағы бір ерекшелігі әр өлеңінде өзінің жарқыраған тана-моншағы бар. Жұрт жауыр қылған сөз емес, тереңнен сүзіп алған інжудей таза жолдар жиі кезігіп отырады. Ана тілінің қаймағын қалқып, қажетінше көсіледі.

Жәди Шәкен

Хафизге шағыну

Құй, канеки, Сахи дос, мөлдіреген шараптан! 
Менің мекенім-мәйхана, өзге жерім жоқ аттам. 
Байлық үшін ішпеймін, ол итіңе не төлем? 
Ең алғашқы кесені Хафизге арнап көтерем ! 
Бір меңіне арудың қос шаһарды атаған, 
Бұл недеген жомарттық әлемдегі, о, тоба?! 
Алабұртқан ақынның аңқылдаған жыры үшін , 
Ақсағың да ер екен суырмаған қылышын... 
«Қолыңдағы барыңды құлаң шашқа жайып сал »,- 
Деп тұрғандай болады шығыстық сол кәйіп шал. 
Сан шаһарды берер ем сылқымдарға мен тегін , 
Ол деген бір-арман ғой , 
Ол деген бір-ертегі ... 
Жамау-жамау болса да шекпеніңнің өңірі , 
Еліктейді бір саған тәкаппарлау өмірім. 
Сұлуларға іңкәрмін қайың-балтыр , гүл-ерін , 
Сол ерінде бояу боп тұрған менің жүрегім. 
Кірпіктері-сұр жебе адырнадан ағылған, 
Менің улы дертіме секілді ғой малынған. 
Жаңа піскен қос алма, үзілердей өзегім, 
Ақ мамықтай кеудеден шарап исін сеземін . 
Қабақтары болғасын қиылған бір ай мүсін, 
Мен нұрлы айды жырлаймын, 
Жырлаймын һәм қайғысын. 
Әсемдіктің әсері қуат беріп соңғы шақ, 
Бақыт екен шайырға асқақ жүру сен құсап! 

(«Ақсағың да ер екен...» Әмір-Темір айтылып отыр)

 

Еске алу

Жарым жатыр тәтті ұйқыда, балам жатыр балбырап, 
Өзіңді ойлап таң атқанша тыншымадым мен бірақ. 
Кірпіктерім бір- бірімен құшақтаса бергенде, 
Күбір- сыбыр пенде тірлік ұзап қаша бергенде, 
Тар төсектің бал қызығы буынды ала бергенде, 
Басымдағы тұман мұңым қырын қала бергенде, 
Сен келесің көз алдыма, 
Көз ілуге жоқ амал, 
Сенің балғын сол бейнеңнен безінуге жоқ амал. 
Тереземнен бозаң айдың сәулесі кеп төгілер, 
Сол толған ай толықсыған дидарың боп көрінер. 
Сен білмейсің, тарттым қанша сағыныштың азабын, 
Құр елеске сен екен деп саусағымды созамын. 
О, тәйір-ай, қайырылмастан жылдар қалай озған, ә ?! 
Сыбырлайды жұлдыз маған: 
«Ескі дертті қозғама!» 
Сағыныштың сайтан оты көкірегімде қоздана: 
«Бәрін бірден ұмыттым деген – 
Жай, әншейін сөз ғана». 
О, тәйір- ай, жолдар бұраң, 
Көңіл неге тым кіршең?! 
Жүдеу тартқан жүрегіме әжім түсті, сен білсең. 
Менің алғаш бастау алған тұнықтығым секілді ең, 
Албырт, қызба, һам қиялшаң жігіт күнім секілді ең, 
Адалдығым, аңқаулығым, осалдығым секілді ең, 
Сүю деген жалғыз сөзге масаң күнім секілді ең... 
Сол қалпыңды сақтау үшін, 
Қайғы – шарап мың іштім 
Және сенен кеттім алыс, көрінбеуге тырыстым. 
.......................... 

Жарым жатыр тәтті ұйқыда, балам жатыр балбырап, 
Өзіңді ойлап таң атқанша тыншымадым мен бірақ. 

 

Сен өлгенсің

Сен өлгенсің, көзіммен көргем мұны, 
Қайғың қалды артыңда жерден де ұлы. 
Сен өлгенсің батыста баба таулар 
Өз жұлдызын арулап көмген күні. 

Өтті уақыт жалт еткен жасын сынды, 
Әр тал шөпке ніл болып жасым сіңді. 
Мынау түндер әлемді жаулап тұрған, 
Сенің қара мақпалдай шашың сынды. 

Сен өлгенсің жалынның шарпуында, 
Елірген есер боран тарпуында. 
Кеңістікте көлбеген күміс өзен – 
Құсжолы емес, – сенің ақ балтырыңдай... 

Қаралы құс қанатын қағады әрең, 
Жанарымнан жас болып ағады әлем. 
Кеңістікке кебіндеп қойдық сені 
Шайырлардың жырымен, әуенімен. 

Сен өлгенсің, өлісің, нанасың ба, 
Тарықпайсың бір тал дән, қара суға. 
Құлпытасы қалқиып тұрды молаң, 
Қара жер мен көк аспан арасында. 

Сен өлгенсің, айғақтап тұрады аспан, 
Құба құмдар, жартастар қына басқан. 
Сенің ұлы рухыңдай ұшып шығып, 
Бұл өлкеде жүрегім жүр адасқан... 

 

Ақын өлімі

...Солай болды маңдайда өмір – жазу, 
(Қандай қиын Ақынның көрін қазу) 
Шыр-пыр самғап кеудеңнен кетті бір құс, 
Қайрай-қайрай көз жұмдың өлімге азу. 

Енді сенің мекенің – басқа тұрақ, 
Кектенбейсің дұспанға, 
Доска жылап. 
Хордың қызын аймалап жатасың сен, 
Жап-жасыл бір жастықты жастанып ап. 

Сосын Бейіс көгінде самғап ұшып, 
Сазға ауысып, 
Ғаламат әнге ауысып, 
Сараң тірлік қолынан у жұтпайсың, 
Сары алтындай кесемен зәмзәм ішіп – 

Жүресің сен, 
Бақ қандай Хауыз қандай! 
Қиянатшыл қолдармен ауызданбай, 
Жүресің сен аласа адамдарға 
Қарыз бермей немесе қарызданбай. 

Бахи жолы – емес ол қап-қара түн, 
Ақиқат ол – Жұмаққа ап баратын. 
Жыр оқисың АЛЛАХ-тың алдында сен, 
Кеңістікте көлбеңдеп ақ қанатың. 

Ақық дүние бойына талай сіңген, 
Тәңір – көкке шашылған бояусың сен. 
Кебенектің ішінде кемді күнді 
Мәзір тұтқан біздерді аяйсың сен... 

Қидым, қидым мен сені, 
(жұрт кешіргей?!) 
Еншісіне еркектің бітпес үрей. 
...қыр басында қарайып молаң қалар, 
Өмір деген өлеңнің нүктесіндей... 

 

Алматы

Жалаңаш жалаулар, ұрда-жық ұрандар, 
Және де тұмандар, 
тұмандар – Күмәндар. 
Шаң басқан балағын шәкене Қазақтар, 
Ғаламның сиқырын білетін Сығандар. 

Кірленген Кіндіктер, ісінген Кеуделер, 
Лыпасыз әсемдік көшеде сенделер. 
Қиқулы ғаламның, тойымсыз құшақтың 
Рахатын мастана жырлайтын Теңгелер. 

Қол жайған Бөбектер, иесіз Төбеттер, 
Жарқын күн! Бір саған апарар жоқ өткел. 
Атақты ақынның көшесі бойында 
Бір тілім нан үшін өртенген Өзектер. 

Қатыгез қарлы шың, тасбауыр белестер, 
Кемеңгер Ойлар мен кемелі жоқ Естер. 
Кеңсайда айқайлап жататын Әруақтар, 
Кештерде әйнекті қағатын Елестер. 

Қаңғырған Бұлақтар, қартайған Емендер, 
Еменге асылып өлетін Өлеңдер. 
Қайғының шарасын шайқаған Шайырлар, 
Шайырлар – Жүректер, 
Жүректер – Шемендер... 

Жазылмас жараңның тапсам деп бір емін, 
Мойныма бұршақ сап Алладан тіледім. 
Булыққан төсімде бүлк етіп жатырсың, 
Алматым – о, менің жаралы жүрегім.

Түс немесе құлпытасымдағы жазу

Кеңсайда зират күмбезіменен көк тіреп, 
Көк тіреп тұрды Аллаһқа мадақ, көп тілек. 
... бейшара менің бейітімде тұрды бір жазу: 
“Белгісіз ақын өтті” – деп. 

“Тарымды таптап, Жоңғардан жортып келді , - деп - 
Қолтығынан демер Алатауына сенді, - деп - 
Ақыры оны алқаштау досы арулап 
Осында әкеп көмді” – деп. 

“Жасып та жүрді, 
тасып та жүрді алшаңдай, 
Жұмбақтау еді, өрімі қалған тарқалмай. 
Алматыны бір қазақ емес, мың қазақ 
Сүйе алмаушы еді дәл сондай. 

Ханға да бітпес өрлігі үшін қашанғы, 
Танылмай жүрген талантқа талақ жасалды. 
Даңқтан қашты, 
Жек көре білді және де 
Даңықшыл далбасаларды. 

Ақшулан еміп арқырап өскен осы ақын, 
Ардақтап өтті махаббат атын, 
Дос атын! 
Азаттығы үшін аспанның ащы жасына 
Қайғылы ернін тосатын. 

Аңғал да-саңғал нар атан сынды порымы, 
Оқитын еді шайырларды ғана ең ұлы. 
Қиялшыл ескі лашықта өскен жарлының 
Жұмақта болсын орыны. 
Әмин...”

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: vk.com

1872 0
Рейтинг: +0

Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Қосылған күні: 31 қазан 2012, 18:58
Пікірлер
+0
31 қазан 2012, 20:06

Мұрат дәуірі басталды!

+0
01 қараша 2012, 08:59

Керемеееет!

+0
01 қараша 2012, 10:09

"Атақты ақынның көшесі бойында
Бір тілім нан үшін өртенген Өзектер. " осы шумағы үшін де ескерткіш қоюға болады бұл ақынға. Әр өлеңі керемет, бір-бірінен өткен сұлу дүние! Мұрат ағаның дәуірі баяғыда-ақ басталған еді. Шәкірттердің ортасында жүрген тәлімді ұстаздың өлеңдері-ай...

+0
01 қараша 2012, 10:09

"Бір ақынның келгенін жар сала дауыстаған күннен бастап, менің оңаша сырласатын үнсіз ғана оқитын кітабыма, мұңымды шағатын ағама айналған Мүкеңнің өлеңдері. Сонау әлі ешкім тани қоймаған шығыс поэзиясын Есенғали мен Мұрат Қуандық Шаңғытпаевтан кейінгі жақсы білетін ақындар-ау! Бүгінгі біздің жастар шығыс поэзиясы тамаша, Ана Хафизді қара деген сөзді ғана айта алады. несімен тамаша екенін әлі білмейді. Білгілерің келсе, Мұрат Шаймаранға барыңдар. Модернизмнің не екенін де сұрауды ұмытпаңдар. ӨЛеңдеріңіз өзіңіз сияқты төбемнен қарап тұр, Мүке!

+0
01 қараша 2012, 11:52

Мұрат ақынның өлеңдерін Төлегеннің жырларына ұқсатамын. Сағынышты Төлегеннен кейін жаза алған ақынның әрбір ойы салмағынан мың жыл өтсе де арылмақ емес. Ақынды білімділікпен өлшесек те, көркемдікпен өлшесек те бұл ақынның поэзиядағы атқарылар "жұмысы" өте көп...

+0
01 қараша 2012, 12:34

Охо, міне керемет. жақсы-жақсы пікірлер айтылып жатыр екен. Мүкеңнің тұрпатына қарасаң, ай, осы ғасырда бағасын ала алмайтын адам құсап сезіледі. Мүке, біздік дәуіріміз келесі ғасыр ғой. сонда туады екеуміздің дәуіріміз ;) :D

+0
01 қараша 2012, 14:05

әй, менің аңқылдақ ағам ай! жақсы өлеңңің өзі ғаламда бір ақ рет тататын тәтті уз сияқты. жұтқың да келеді, жұтпай өсу мүмкін бе?! міне, біз осы уызды жұтып өстік. ол сіздік жыр. (Бағашар, сен шығыс шайырларымен қоса Есенинді атасаң оң болар еді.) нар әділет тастан тайған заман бір бүгін ғана дейсіз бе?! түбі оңалар деп қана жұбатқым келеді сізді. сздің ғасырыңыз қалайда бұл!

+0
06 қараша 2012, 13:37

нағыз жүрекке жақын өлеңдер екен.

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

EXO - Lucky One [kaz_sub]
EXO - Lucky One [kaz_sub]

Оңтүстік кореялық әйгілі бойз-бэнд EXO тобы бүгінде дәурені жүріп, дүркіреп тұрған топ болып отыр. Жігіттер тобы тек Оңтүстік Кореяда ғана емес, Азияда танымал. Қазақстанда да EXO тобының жанкүйерлері жетерлік. Басында он екі қатысушыдан құралғанымен, бүгінде топта он өнерпаз өнер көрсетеді. Әр қатысушы жан-жақты, талантты. Біз бұған дейін аталған топтың бірнеше бейнебаянын қазақшаға аударған едік. Назарларыңызға топтың "Lucky One" туындысын қазақша субтитрмен ұсынамыз. Аударған: Жарылқасын Мырза Тайминг,...

IU - The shower [kaz_sub]
IU - The shower [kaz_sub]

Ли Чжи Ын – оңтүстік кореялық 23 жасар әнші қыз. Оның сахналық есімі «I and You» (мен және сен) әуен арқылы бір бүтін бола аламыз дегенді білдіреді....

Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]
Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]

Ел: Оңтүстік Корея  Жанр: романтика, медицина, драма, комедия, боевик  Жыл: 2016  Режиссер: Ли Ын Бок Басты рөлдерде: Чжин Гу, Сон Хе Ге, Сон Джун...