Сен сонша қатал едің, жұмбақ дүние!

Сен сонша қатал едің, жұмбақ дүние!

Поэзия өлкесінде еркін жүзген өлең алыптарымен қатар, әдебиет әлеміне енді еніп жатқан талапкер жастарымыздың қанатын қатайтып, жол сілтеу мақсатымен бүгін жас талапкер Шынар Мустапинаның өлеңдерін ұсынып отырмыз. Пікіріңізді аямаңыз, патша көңілді оқырман! 

Шынар Мустапина – Солтүстік Қазақтан облысы, Мамлют ауданы, Бостандық ауылында 1987 жылы 11 наурызда дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Педагогика ғылымдарының магистрі. Солтүстік Қазақстан облысында ұйымдастырылған алғашқы жас ақындар айтысына қатысып, 2-орын жүлдегері болған. Алғашқы өлеңдері облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде жарық көрген. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларында өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болған.

 

Қалайша байқамадың?

Қалайша байқамадым

Қанша рет қарасам да қабағыңа,

От берер күн сезімнің

Тамғанын нұр сәулесі жанарыма.

 

Қалайша сезінбедім

Сен деп соққан жүректің жиілігін,

Сүйем деп жаңғырғанын

Менікіне айналып сенің үнің.

 

Білмеймін жасқандым ба

Жұмбақтау сыр жасырған жанарыңнан,

Аққулар арасынан

Көрер деп сен бедім бе дара мыңнан.

 

Сен барда қуандым да,

Сезбедім қуанышым сен екенін.

Қызғалдақ-ару үшін,

Бүгінде мәлім болды Күн екенің.

 

Неліктен аңғармадым,

Көңілде саған деген сезім барын,

Аңсатқан армандардың

Өзіңе байланғанын соның бәрін.

 

Өзіңді аңғармадым,

Мен бірақ өзгеге де алданбадым,

Үмітті жалғаудамын,

Көгінде арманымның самғаудамын.

 

Арманның аспанынан

Күн болып саған қарап күліп жүрмін.

Нөсерлеп қас қағымда

Білдірмей жаңбыр болып сүйіп жүрмін.

 

Сен мені сеземісің,

Бетіңнен тамшы болып өпкенімде,

Айналып самал желге

Шашыңнан баяу сипап өткенімде.

 

Көктемде гүлді көрсең,

Мен деп біл махаббаты қауыз жарған.

Шынайы махаббатты

Құр есту жарамас та аңыздардан.

 

Сен мені сезгендейсің,

Қолыңа аппақ қар боп қонғанымда,

Тек іштей «әттең» дедің,

Қимай-ақ әбден еріп болғанымда.

 

Мен сені сүйе берем,

Күйзеліп күз-көңілім түнергенмен.

Үмітті үзбей келем,

Ағаштан жапырағы үзілгенмен.

 

Қалайша байқамадың

Қанша рет қарасаң да қабағыма,

От берер күн сезімнің

Тамғанын нұр сәулесі жанарыңа.

Байқамадың...

 

 

Сүюге жүрек лайық

Ақынмын деп айта алмаймын,

Неге бірақ ақындарша елжірейді жүрегім.

Сүйем деуге бата алмаймын,

Телимін тек бір өзіңе бақытымның түгелін.

 

Махаббат не білмеген ем,

Оның-дағы балын таттым сені сүю арқылы,

Азабын да қатар ұқтым –

Жанға батты саусақтағы сақинаңның жарқылы.

 

Көңілімнің қалауы емес,

Құрдастардан күткенменен аққу-жүрек сыңарын,

Жан құрбылар маған егес:

Білесің деп мұндай сезім құсалықпен тынарын.

 

Әй, құрбым-ай, түсінбедің,

Мендік сезім тек тілек пен қуаныштан жаралған.

Бұл махаббат күшім менің

Жүрегімнің ең түбінен өне бойға таралған.

 

Ол болмаса сезер ме едім,

Селт еткізер сырға толы сезімдердің сұлуын,

Тек өзіңнен, сенен көрдім

Нұрландырған әлемімді махаббаттың жылуын.

 

Әттең дермін, емші – уақыт,

Сезімімді жылатпаспын мен де бекер мұңайып,

Сүйе білу өзі бақыт,

Сен деп соққан ақ жүрекке менің кеудем лайық.

 

 

Сен деймін

Жаздың самал желі ессе,

Тербелген нәзік гүлдеймін.

Шуағын шашса алтын күн

Мені құшқан сен деймін.

 

Қызғалдағың мен болсам,

Аялар самал өзіңсің.

Сыр тасыса көңілден

Қағазға түскен сөзімсің.

 

Көрмесем бір сәт өзіңді

Солған гүлдей шөлдеймін.

Шағала, аққу аңсаған

Жетім қалған көлдеймін.

 

Қол созсам асқақ арманға,

Асқардың биік шыңысың.

Арман жолда таусылмас

Өзіңсің менің тынысым.

 

Қалықтап ұшсам құс болып,

Бір өзің талмас қанатым,

Үмітсіз күнде сендейсің

Шамшырақ болып жанатын.

 

Өзге жанды жүрегім

Қаларына сенбеймін.

Құлпын ашар бақыттың

Кілт иесі сен деймін.

 

Мен сені...

Мен сені сүйе берем,

Сезімнің сынақтарын күле жеңем.

Өмірдің қамшысына төтеп берем,

Жазықсық ғашық жанды дүрелеген.

 

Мен саған ғашық болам,

Қарамай арамызға қашықтаған.

Әп-сәтте тағдыр бізді айырғанмен,

Сәттерге қауыштырар асықпаған.

 

Мен сені ұнатамын,

Үмітке ұластырып бұла таңым.

Түнде көрген тұмансыз түстеріммен,

Сағынған жүрегімді жұбатамын.

 

Мен сені сағынамын,

Жолыңа сағынумен қарайлаймын.

Соға ма мен деп, сірә, сендік жүрек,

Өзгеге тәуелді ме сан ойлаймын...

 

Жұмбақ дүние

Қолым да жетсе-дағы ойдағыға,

Қиялым әуре қылып қоймады да,

Шықсам да арманымның асқарына

Көңілім қанағат қып тоймады да.

 

Білмеймін неге сонша асығамын,

Неліктен шаттанып бір тасығаным,

Әйтеуір беймәлімге ұмтыламын,

Соны ойлап түн ұйқымды қашырамын.

 

Не екен, әлде кім бе мазалайтын,

Көңілге арай болып саялайтын.

Торына іліндіріп өзі жайлы,

Жанымның жарасына қарамайтын.

 

Бұл жұмбақ әлеміне кіргізіп ап,

Өзі жайлы сыр айтпас мүлде бірақ,

Білмесем де кім яки не екенін,

Құпияңмен сен маған қалдың ұнап.

 

Сен сонша қатал едің, жұмбақ дүние,

Беймезгіл шалындырып бейбақ күйге.

Белгісіз кімге, неге ғашықтығым,

Жетем бе ұға алатын соны-ақ күнге...

 

Сурет: автордың жеке мұрағатынан 

М. Оңғарова