Оқи отырыңыз

Тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың.

Автор: Бауыржан Момышұлы

— Редактор бағаны —

Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында
Байтұрсынұлы Нобель сыйлығы жайында

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Бас бет / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Адасқақ ай адасады сеңгірде...

Адасқақ ай адасады сеңгірде...

Адасқақ ай адасады сеңгірде...

Мұрат Әуесов 1979 жылы 12 Қазанда ҚХР Іле қазақ автономиялы облысының Текес ауданы, Қаражон деген жерінде дүниеге келген. 2003 жылы Іле педагогикалық иниститутының тіл-әдебиет факультетін бітірген. Қазір Іле телевизиясында тележүргізуші. Ойлы, терең, тілі шұрайлы өлеңдері қараша үйдің шаңырағынан төгілген әппақ нұрдай, жүрегіңнің ең нәзік, жүдеу тұсын аймалай жөнеледі. Сүйтеді де, жаныңды сұлулыққа, тыныштыққа, мөлдірлікке жетелейді. 

Қаракөз түн – ғашығым

Жалған десе қалайша жалған мұны,

Маған онсыз жалғанның арзан мұңы.

Мен онымен кезіккем жалғыз мәрте,

Сөлкебайы үзіліп қалған күні...

 

Ол жылаған: тағдырға налып, бекіп;

Мен күлгем: шайтан түртіп шабытты етіп.

Сонда оның қара зер омырауынан,

Жұлдыз моншақ тұрды әнтек тамып кетіп...

 

«Біз, тегі, осы сәтті тілемей ме ек,

Қарағым, қаракөзім, міне ғой!» деп –

Мен оны бастан-көзден сүйе бергем,

Сүйе бергем мен оны сілемейлеп.

 

Шыдамай бойда қаным тасығанға,

(Мен, сірә, әлде неге асығам да) –

Ернінен, тамағынан өпкем оны,

Жұпар иісі аңқыған шашынан да...

 

Сәлден соң көк шалғынға құлағанбыз,

(Бұған дейін қалайша шыдағанбыз)?!

Ол мені ұйқысырап қысып қойды,

Әзірше қоштасудан дін-аманбыз.

 

Төсеніш ол – торқадай топырақтан,

Жамылғымыз жап-жасыл жапырақтан.

...Қалғып кетсем керек-ті.

Алдымда тұр

Аузы-басы қисаймай ақымақ таң!

 

Жалған десін қалайша жалған мұны,

Сөлкебайын жоғалтып алған күні:

Оның барлық қуаныш-қайғысының,

Жанарыма жазылып қалған мұңы.

 

       

Сен менің сезбей-ақ қой қадірімді...

(Жалқының жалау етсін жаны мұңды!)

Сыймаған көк теңізге мекіредей,

Тұмсығым тасқа, міне, тағы ұрылды...

Сен менің сезбей-ақ қой қадірімді.

 

Қайтерсің бұл жанымды еленбеген,

Көлгірсіп көзіме ұрсаң сенем бе мен?!

Бірімін, азар болсам, көп қазақтың,

Өмірін өрнектеген өлеңменен.

Көңілін көктемеде жел емдеген.

 

Әйтеуір, жырды-мұңды досым еттім,

Басқадан кір-көңілдің хошы кетті.

...Дәл қазір қырдың бейғам киігіндей,

Көзімнен балақан кез жосып өтті.

Езілген жүрегімді ол осып өтті...

 

Мен де бір табиғаттың тентегі едім,

Ен жайлап ессіз сүйдім, еркеледім.

Сондағы еркебұлан болмысымнан,

Бұл күнде бал орнына дерт емемін.

Отырып оңашада өртенемін.

 

Аңсаймын... аймен ұзақ тілдесемін,

Жұлдыз боп ғарышта да күн кешемін.

Мен, сірә, ақын болмай осы өмірдің

Өлеңнен қысқа екенін білмес едім...

 

О, менің мәңгі іңкәрім жұмақ ғалам,

Қанымды бұлақ кезді бір ақтабан.

Әнеки... түпсіз анау аспан жақтан,

Келеді ғапыл дүние құлап маған!...

 

Оқа емес.

Сен сезбес деп өксімеймін,

Басына бақ қона алмас бек сүлейдің!

Жалғыз-ақ, жанды еріткен жастығымның

Жас көріп жанарынан... тек сілейдім.

 

Қойшы балаға

Тереземде түн қалғиды қонақтап,

Ай тінтеді алыс қырдың балағын.

Қайырымын қайыршыға тонатқан,

Бірсін-бірсін оты сөнді қаланың.

 

Жалғыз бөлме.

Сараң жанып шырақ тұр,

Өшірердей әлде қайдан жел үріп...

Өн-бойымда бір қызу қан құраттың

Шапқанындай құйындайды еліріп.

 

Сәл тыншыған шулы тірлік, тамам үн,

Ертең қайта сән құрады... білемін.

Соны сезіп тар кеудеме қамалып,

Тыпыршиды тынши алмай жүрегім.

 

...А, ай нұры, маңдайымнан сипа сен,

Дала желін аңсап жүр ғой бұл аусар.

Қойшы бала, әндеріңмен ұйт әсем,

Сен шығарсың мүмкін соңғы жырау-сал.

 

Сен де, мен де желмен бірге жарысқан,

Балақаны ек сол даланың дарқан бек.

Енді өзімше сөз қуам деп алыста,

Сен түсінбес азабымды тартам кеп.

 

Иә... бақтың керегі жоқ маған да,

Сол далада мендік сенім байланған.

...Ең соңғы рет ер Доспамбет ағаң да,

Түсіп қалған қамшысына айланған...

 

Тереземе түн қалғиды қонақтап,

Ай батады ақ таулардан ары асып.

...Түсімде ылғи бір көкбөрі жоны әппақ,

Ай астында қауып тұрад жарасын...

 

Экспромт

Қанжар – қайғыдан қасқалдақ – қаным тамшылап,

Қара жүрегім қалғандай болды-ау қансырап...

Қайда екен, қайда қараңғы үркер таң шуақ,

Қайда екен, қайда таңдай жібітер бал шұбат?!

 

Қой торы мініп, қоңыр күн кешкен халықтың,

Қайғысыз ішкен қара суына да зарықтым.

Дауылдап тұрған дамылсыз мынау нарықтың,

Даңғаза, даңғой, дәлдүріштерінен жалықтым.

 

Сен үшін өлген,

          Ей, сайын далалар – сары сағым,

Есіл де есіл ер кіндіктеріңді аңсадым...

Кеудемді тырнап кептеліп жүрген барша мұң,

Кетеуім кетіп, кейуана кейпім шаршадым.

 

Шаршадым, міне, күйіп тұр болбыр бос өкпе,

Қоңыр түн мені әлдилер салқын төсекте...

Сықсыңдап сонда жыларсыңдар-ау күншіл жұрт,

К...ді ашып күл қазір, мейлің, өсекте...

 

Дүлдүл – дәурен

...Мен болсам кеттім ақын боп,

Азырақ бақытсыздау боп.

           Төлеген Айбергенов

Көңілшек көктей қара көзімнің,

Жасы тұр жұмсам құйғалы.

Бал армандары бала кезімнің

Елестеп жанды қинады.

 

... көз таңбақ ойнап көгілдір кеште,

Көзімді таңған құрбы қыз.

Көкірекке құйдық төгілдірместен,

Ару ай төккен нұрды біз.

 

Ал, кейде ару абат – бақтарда,

Алқындық ойнап ақсүйек.

Найзағай көкте қабақ қаққанда,

Сақылдар сайлар бақсы – иек.

 

Дүрия – дала көмкерілгенде,

Сан алуан гөзел гүлдермен.

Зерлі аспан бейне төңкерілгендей,

Сәуірден ғажап түн көргем...

 

Сондай бір жұпар жазира белге,

Шықтық-ау бір күн гүл теріп.

Бозторғай салған ғазиз - әуен де

Сорғалап тұрған бұлт еміп.

 

Ұшпаққа сонда ұшағым қонған

Арманшыл балаң санаммен;

Кішкентай сол бір құшағым толған

Гүл сыйлап тұрдым саған мен.

 

Сендегі шаттық батыл еткен бе

Мендегі сотқар сезімді!?

Найзағай кенет шатыр еткенде

Құшағыма аттың өзіңді.

 

Жүректі сонда дір еткіздің - ау,

Бір өпкіздің - ау ерініңнен.

Денеме жылу – нұр өткіздің - ау,

Нұр өткіздің - ау!

өлдім мен.

 

Сен болсаң кеттің қарамастан да

өткінші жауған жаңбырға.

Қалып қал деуге жарамастан да

Ұзаттым үнсіз сан қырға...

 

Сол күндер менің түсіме кірді,

Ішіме улы күй төкті.

Асыр сап жүрген күшік - өмірді,

Асырап өзім «ит» еттім.

 

Кездестік кейін...

Жанарларыңда

Мөлдіреп асыл шық тұрды.

Сол шықтың тамбас тамар маңында

Мекендеп қапты сұқсыр – мұң.

 

... көңілшек көктей қара көзімнің

Жасы тұр жұмсам құйғалы,

Бал армандары бала кезімнің

Кеудеме, әттең, сыймады.

 

Балалық бейғам киіктен аумай

Қарақшыға өзі дөп келген;

Дүн-дүниені иіткен, айхай –

Қоштастық қимай көктеммен.

 

Не сыйлар алда білгір жасаған,

Жаз жақсы болса, жай тегі.

Дүлдүл – дәуренді шылбыр қашаған

Келеміз қуып, әйтеуір.

 

Қырмызы қызыл қызғалдақтарым,

Қызығы болған қылардың.

Кездеспей кеткен ізгі ардақтарым,

Сендерді мәңгі жырлармын.

 

Тағдыр

Адасқақ ай адасады сеңгірде,

Оған бағдар сілтей алмас теңбіл көк.

...Ұлы – жыңгір өміріңнен шетін қап,

Өлең ойлап келе жаттым мен бірде.

 

Раушан гүлдер солып жатыр жайнаған,

Оны жазып жеткізеді қай қалам?!

Бірақ, біздің қаракөзді халыққа,

Құдай өзі өлең – олжа байлаған.

 

Кездер өтті жуасыған, жасыған,

Оны ойласам ширығып бір басылам.

Ау, мына біз – көкжал-қаған ұрқымыз,

Ақындықтан мейманасы тасыған.

 

Жаңа заман, жас ғасырға бүгінде

Байтақ алаш бас қойғанда дүрілдеп;

Бағзы абат қара нуды аңсап бір,

Жыр жазамын құмыр - құстың тілінде...

 

Ұл өсірген ораздыдай үйірлім,

Ақ қыздарын әспеттеген жиырлым;

Әттең, сендік ән ғұзырлы тағдырға

Мен – еңіреу мұрынымды шүйірдім.

 

Заман жайлы толғанамын мен де көп,

Қырдан ескен жүйрік қызыл жел ме деп.

... Көк жүзінде сызылмаған сызықпен,

Адасқақ ай кете барды дөңгелеп.

 

... Адасқақ ай адасады сеңгірде.

 

Сезіну серенадасы

«Сұрша қыз, енді есен бол!»

Жаяу Муса

Сұлу сұрша қыз, сырымды ұқ,

Аяулым, әлі

Әспеттер сені жайсаң ер – Жаяудың әні.

...Мен дағы тәнді тапсырып сұрша жалғанға,

Азайтам, мүмкін, пендеге таяу күнәмді.

 

Сен жайлы осынау достар гу...

Қайдам? (сенбедім).

Өзімді таныр өмірден айнам сен бе едің?!

Қош - қошын әлде күле айтып ғарышқа кеткен,

Жұматай ақын жырлаған Ләйләм сен бе едің?!

 

Қарағайларды қақ тіліп жасыл беткейде,

Жаңбырлы жазда жарқылдап жасын да өтпей ме?!

...Осынау сұп-сұр дүниеде алтын деп жүрген

Аллаға емес,

Адамға басың доп кейде...

 

Мәңгілік маңған марышын кейде аяңдатып,

Жетіп көр, кәне, желгенде желмая – уақыт.

Бес күндік мынау жалғанда берсек те бәрін,

Біздердің басқа сыймас-ау, бейбаян бақыт!

 

Есен бол енді, сұрша қыз, тентегім менің,

Еңіреп тұрып тыңдайтын ертегің едім...

Жанар қамаған мың сан тал жебеңмен атып,

Жұпар лебіңмен, қайтейін, өртедің мені.

 

Өртедің мені...

Күл емес, шоқ қалсын менен,

Азабын тартып ал, мейлі сотталсын денем.

...Сұр жағалаудан сұрша қыз ұзатып салған,

Қайырлап барып қай жерге тоқтарсың кемем?!

 

Сұр дария - өмір ескегі есілсең, есіл,

Ал мені толқын кеудеңнен өшірсең, өшір.

...Музасы үшін қай ақын аңырамаған,

Сұлу сұрша қыз,

Кешір, сен, кешір!

 

Түннің иісі

Оның барын кім ойлаған бұрын да...

Ауылда өстік әр нәрсені ырымдап.

...Ертегідей сұлу, бейбіт ауылдан,

Түннің иісі келуші еді - ай мұрынға.

 

«Осы бала мұңға бейім неге тым?» –

Жобай жақтан ай да нұрын төгетін.

Шақырса да үйге қайтпай етекте,

Түннің иісін иіскей бергім келетін.

 

Ұжымақтан түскен ғажап нұр деймін,

Жасыл бауда жаңа ашылған бүр деймін.

Асыл әжем иісі ме екен, жоқ, әлде –

Жайлаудың ба,

Жылқының ба...

Білмеймін.

 

Әйтеу, соны иіскей бергім келеді,

Әйтеу, соны иіскей бергім келеді.

Моп-момақан тірлігіне малданып,

Сезбейтіндей, білмейтіндей ел оны.

 

Ұжымақтан түскен ғажап нұр деймін,

Жасыл бауда жаңа ашылған бүр деймін.

Асыл әжем иісі ме екен, жоқ, әлде –

Жайлаудың ба,

Жылқының ба...

Білмеймін.

 

...Өзендердей сүйеніш қып даланы,

Бір жас ғұмыр жарқыл қағып барады.

Бұрымыңдай өрген осы жырымнан,

Түннің иісі аңқып тұрса...

Жарады!

 

Қаражон, наурыз айы

Қар кете Қаражонда көк қылтиды,

Қайнарда ескі, шалам шөп кілкиді.

Қайыс бау қара домбыраны қолына алып,

Қарт күйші тартты бүгін тек бір күйді.

 

Келтіріп бабына әбден құлақ күйді,

Әуезді шашау шыққан бұрап, тыйды.

Ал, сосын тоғыз тарау асау бұлап,

Жамырап көл – шанаққа құлап құйды.

 

Күй басы қыз – көктемнің көйлегі боп,

Баратты бірте-бірте ой легі үдеп.

Сүйегін ұт балқытып балбыраған,

Қайыс бау қара домбыра сөйледі кеп.

 

Қоңыр үн қой ішектен қоздап ағып,

Қанатын жатты құстар жазға малып.

Жөңкіген топан селге тоғытылды,

Торы ала тоғыз перне тозған арып.

 

Тыншытпай көбең көңіл жан асауын,

Қыр кезіп, жүйткіді кеп бала сағым.

Шарбақта боталаған тұмса інгеннің,

Көзінде сәуле ойнайды алашабыр.

 

Көп тентек тапап қуып таз баланы,

Ұрланып, асық атып мәз болады.

Түстікте кәрі көкірек Тәңір таудың,

Қаракөл бұйра бөркі қозғалады.

 

Осы қарт қисайғанда сүйенерім,

Осы күй тағдырыма ие менің.

Қарт күйші дегенім ол –

Қаражон ғой,

Әз наурыз –

Сонда тартқан күйі еді оның. 

 

Дайындаған: Қайсар Қауымбекұлы 

Сурет: fotoboev.ru

666 0
Рейтинг: +0

Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Қосылған күні: 15 қазан 2012, 17:10
Пікірлер
+0
16 қазан 2012, 09:12

Жалған десін қалайша жалған мұны,

Сөлкебайын жоғалтып алған күні:

Оның барлық қуаныш-қайғысының,

Жанарыма жазылып қалған мұңы. :roll:

+0
16 қазан 2012, 11:37

керемет өлеңдер! Түннің иісін ойлап тұрып, ауылға кетіп қалғам келеді

+0
16 қазан 2012, 14:51

Мен Мұрат Әуесті Қайсардың айтқаныннан танығам. Бір жаман әдетім компьютер бетінен өлең оқи алмайтыным. Әңгімені де, бәрін қағаздан оқығанды жақсы көрем. Қазір Мүкеңнің өлеңдерін қағазға басып, шығарып, пікір қалдырайыншы. Жақсы ақын екеніне күмәнім жоқ.

+0
16 қазан 2012, 14:55

Мәңгілік маңған марышын кейде аяңдатып,
Жетіп көр, кәне, желгенде желмая – уақыт.
Бес күндік мынау жалғанда берсек те бәрін,
Біздердің басқа сыймас-ау, бейбаян бақыт!. Ерлік жатыр осы шумақ ғой осы шумақта. Қайсардың Бибігүлге арнаған өлеңі есіме еріксіз оралды ғой.

+0
16 қазан 2012, 16:46

Бибігүлге арнаған өлең енді керемет ей!

+0
17 қараша 2012, 02:27

ол қандай өлең? ;)

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

EXO - Lucky One [kaz_sub]
EXO - Lucky One [kaz_sub]

Оңтүстік кореялық әйгілі бойз-бэнд EXO тобы бүгінде дәурені жүріп, дүркіреп тұрған топ болып отыр. Жігіттер тобы тек Оңтүстік Кореяда ғана емес, Азияда танымал. Қазақстанда да EXO тобының жанкүйерлері жетерлік. Басында он екі қатысушыдан құралғанымен, бүгінде топта он өнерпаз өнер көрсетеді. Әр қатысушы жан-жақты, талантты. Біз бұған дейін аталған топтың бірнеше бейнебаянын қазақшаға аударған едік. Назарларыңызға топтың "Lucky One" туындысын қазақша субтитрмен ұсынамыз. Аударған: Жарылқасын Мырза Тайминг,...

IU - The shower [kaz_sub]
IU - The shower [kaz_sub]

Ли Чжи Ын – оңтүстік кореялық 23 жасар әнші қыз. Оның сахналық есімі «I and You» (мен және сен) әуен арқылы бір бүтін бола аламыз дегенді білдіреді....

Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]
Күн ұрпақтары/ Сошедшие с солнца / Descendants of the Sun [kaz_sub]

Ел: Оңтүстік Корея  Жанр: романтика, медицина, драма, комедия, боевик  Жыл: 2016  Режиссер: Ли Ын Бок Басты рөлдерде: Чжин Гу, Сон Хе Ге, Сон Джун...